ЖАҢАТАЛАП ТҰРҒЫНДАРЫ ЖОЛДАУҒА ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ ЖӘНЕ ЖОЛДАУДЫҢ ТҮПКІ МАҚСАТЫ – ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛЕТТІЛІК ОРНАТУ

294

Шымкент қаласының Абай ауданы Жаңаталап тұрғын алабында Президент Жолдауы аясында тұрғындармен кездесу өтті. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысының орынбасары М.Қалмұратов, Абай аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы Е.Бертаев, қалалық мәслихат депутаты М.Жолдықожаев Жолдаудағы басым бағыттарды атап берді.

Кездесуде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жүзеге асыру мәселелері, саналы ұрпақ тәрбиелеу, адам капиталын дамыту мәселелері талқыға түсті.

Шымкент қалалық партия филиалының Атқарушы хатшысының орынбасары Мұратәлі Оразәліұлы еліміздің алдында тұрған аса маңызды міндеттердің бірі әртараптандырылған және жаңа технологияға негізделген экономика құру, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасына және Жолдауда айтылған 5 бағдарға жеке-жеке тоқталып өтті.

Сонымен қатар, жиын барысында елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамту, жолдардың сапасын арттыру мәселелері қозғалды.

«AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Есімхан Қалмаханұлы билік пен қоғам арасында тұрақты диалогты қалыптастыру арқылы азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасалып, олардың құқықтарын қорғау қамтамасыз етілетінін айтып, жиынды қорытындылады.

ЖОЛДАУДЫҢ ТҮПКІ МАҚСАТЫ – ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛЕТТІЛІК ОРНАТУ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы – мемлекеттілікті одан әрі нығайтуды, азаматтардың құқықтарын қорғауды жетілдіруді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін маңызды құжат.

Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Шымкент Кашемир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен өткен кездесу барысында Шымкент университетінің кафедра меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Қуатбек Қалықұлов осылай деді.

—Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы – мемлекеттілікті одан әрі нығайтуды, азаматтардың құқықтарын қорғауды жетілдіруді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін маңызды құжат. Онда Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының басым бағыттары айқындалған. Жаңа экономикалық саясаттың негізгі мәні – ұлттық байлықтың игілігін барлық азаматтар көре алатындай әділетті экономикалық жүйе құру. Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын еліміздегі балалардың есепшотына аудару туралы бастама – сол саясаттың жарқын көріністерінің бірі. Бұл саясат әлеуметтік әділеттіліктің орнауына және қанағатшыл орта таптың үлкен шоғыры қалыптасуына әсер етеді, — дейді Қ.Қалықұлов.

Кездесу барысында Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Тахирбек Нышанбаев та Жолдау жайлы ойларын ортаға салып, кәсіпорын қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.