Аңсар Өсербаев: “БЕРЕКЕНІ КӨКТЕН ТІЛЕМЕ, БІРЛІГІ МОЛ КӨПТЕН ТІЛЕ”

518

Бүгін «Shopan-ata» Қазақстан қой өсірушілер Ұлттық қауымдастығының төрағасы Алмазбек Садырбайдың бастамасымен Түркістан облысы әкімдігінің алдында Шардара, Төлеби, Жетісай, Мақтарал, Ордабасы аудандарының бірқатар шаруалары жиналды.

Өткен айда, нақтырақ айтсақ, 19 қыркүйекте облыс әкімі Дархан Аманкелдіұлы бүгін жиналған азаматтарды қабылдап, олар көтерген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берген болатын.

Атап айтсақ, Мақта өнімінің бағасы және мақтаға субсидия төлеу мәселесіне байланысты облыс әкімінің төрағалығымен 21 қыркүйек жиналыс өтіп, мақта өңдеу зауыттары мен трейдерлік компаниялардың басшылары келісімге келді.

Яғни, мақта өңдеу зауыттары мен сатып алушылар алдын-ала берілетін аванстық төлем арқылы 1 тонна мақта құнын — 180 мың теңгеге бағаласа, келіссөз барысында баға 250 мың теңге болып бекітілді. Қазіргі таңда шитті мақтаны қабылдау үшін 22 мақта өңдеу зауытының 209 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеп тұр.

Алайда, осы салада ескеретін бір мәселе бар, мақта өңдеуші зауыттар жекенің кәсібі болғандықтан оларға жергілікті атқарушы органдар талап қоя алмайды.

Сондықтан мақта өндірісіне субсидия бөлу туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдігі тарапынан ұсыныс жолданды.

Келесі мәселе — Жер дауы
Ордабасы ауданында орналасқан «Ықылас-Темір» өндірістік кооперативінде дау туындап, іс сот тәртібімен қаралатыны айқындалған. Сот процесіне жергілікті биліктің араласуына Заң тыйым салады.

Сондықтан, өңір басшысы жергілікті әкімдік тарапынан шаруаларға көмек ретінде «Ықылас Темір» өндірістік кооперативінің ішкі дауларын зерделеу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.

Ордабасы ауданы әкімі аппаратында құрылған жұмыс топ қазір бірқатар мән-жайды анықтауға кірісіп кеткен.

Сонымен қатар, шаруалар қыркүйек айында өткен кездесуде Шардара, Төлеби, Қазығұрт, Сауран аудандарында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді конкурс арқылы табыстау барысында заңсыз әрекеттер орын алатынын алға тарқан еді.

Аталған аудандарда жер комиссиясының жұмысына тексеру жүргізу үшін арнайы жұмыс тобы құрылуда.

Жұмысшы топ аудан әкімдіктерінің жер комиссиясы жұмысына зерделеу жүргізеді.

Ал, Қазығұрт ауданындағы «Қарабау» элиталық тұқым шаруашылығы ЖШС-нің жер учаскелеріне қатысты даулар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 22.05.2007 жылғы №409 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен шешілуі тиіс.

Мұндағы мәселе — 7 260 гектар жер учаскесін Қарабау, Сынтас, Жұмысшы елдімекен тұрғындарына пай үлесі ретінде бөліп пайдалануға беру.

Осы мәселенің оң шешілуіне ықпал жасау туралы хат жолданып, бүгінгі күнге Министрлікпен ауыл тұрғындары арасында жерді үлестік беру жөнінде келісімге келді. Ары қарай Министрлікпен ауыл тұрғындары арасындағы жерді рәсімдеу жұмыстары жүргізілмек.

Шаруалар көтерген тағы бір маңызды мәселе — Ветеринария саласына дербес басқармасын құру.

Облыс әкімі Ветеринария басқармасын дербес құру үшін ұсыныс енгізу туралы тапсырма берді. Тапсырмаға сәйкес, облыс әкімі аппараты тарапынан ветеринария басқармасын дербес құру туралы қорытынды дайындалып, ұсыныс енгізілді.

Бүгінгі күні облыс әкімдігіне қарасты басқармалардың құрылымына өзгерістер енгізу жұмыстары басталды.

«Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» дегендей, бүгінгі облыс әкімдігі маңында орын алған жағдайға байланысты өз ісіне ұялған, тіпті, алдаумен шақырылған азаматтар белгілі болды.

Дегенмен, облыс орталығына табан тіреген шаруалармен облыс әкімінің орынбасары және басқарма басшылары кездесіп, тағы да түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Халық ештеңеден зардап шеккен жоқ, ауыл-ауданға есен-сау жетті. Қазіргі уақытта облыста жағдай тұрақты.