ҚҰРСАЙДЫ САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ 95 ПАЙЫЗЫ АЯҚТАЛДЫ ЖӘНЕ М.ӘЙТЕНОВ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ САПАСЫН ТЕКСЕРДІ

354

Мегаполис тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту құрылысы жалғасуда. Аталған елді мекенді сапалы ауыз сумен қамту құрылысы өткен жылы басталған.

1-кезек бойынша, 185,5 шақырым су құбырын тарту құрылысының бүгінде 95 пайызы аяқталды.

Ал, 2-кезек бойынша, 151 шақырым су жүйесін орнату қажет болса, бүгінде оның 94 пайызы тартылды.

Сондай-ақ, Құрсай елді мекеніне су беру мақсатында жоба бойынша 1000 м3-тан 2 дана су жинау резервуарының құрылысы қарастырылған. Резервуардан шыққан ауыз су екі сорғы станциясы арқылы абоненттерге беріледі. Қазіргі таңда, резервуардың қабырғалары құйылуда. Құрылысын желтоқсан айында аяқтап, іске қосу жоспарланған.

Бүгінгі таңда, Құрсай елді мекені тұрғындары ауыз суды кестемен тұтынуда.

Жыл соңында Құрсайдағы 8 336 абонент, яғни 41 680 адам сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

2022 жылдың қорытындысымен Құрсай, Асар-2, Текесу елді мекендері мен Нұртас су жинақтағыш имаратының құрылыс жұмыстары аяқталады.

Нәтижесінде, қала тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 98% –дан – 99%-ға өспек.

Бекітілген жоспарға сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындары 2023 жылы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

 

М.ӘЙТЕНОВ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ САПАСЫН ТЕКСЕРДІ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов “Өтегенов” көшесінде жалғасып жатқан жол құрылысы жұмыстарын тексерді.

Сапаға басты назар аударған шаһар басшысы нысанның мерзімінен кешіктірілмей тапсырылуын тиісті басқарма мен мердігер мекеме басшыларына ескертті.

Құрылыс екі кезеңмен жүргізілуде;

1-кезең “Өтегенов” көшесі жалғасының құрылысы “Шымкент Сити” шағын ауданынан “Сырым батыр” көшесі аралығын қамтиды. Жалпы ұзындығы 1205 шақырым, ені 28 м. Жолдың жүріс бөлігі 4 жолақты.

Қазіргі таңда, автомобиль жолына жер негізін жасау және тығыздау жұмыстары атқарылуда. Бұған қоса шағал тас төселіп, аяқжол салынып, ирригациялық арықтар орнатылуда.

“Өтегенов” көшесі жалғасының 2-кезең құрылысы “Сырым батыр” көшесі мен “Төлеметов” көшелері аралығы. Жалпы ұзындығы 970 м, ені 23,5 м.

Автомобиль жолында 4 жолақты жүріс бөлігі қарастырылған.

Қазіргі таңда көшеде асфальт жабындысын төсеу жұмыстары және жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жүргізілуде.

Былтыр басталған құрылыс жұмыстары 2023 жылы толығымен аяқталады.