ШЫМКЕНТТІҢ ГЕОАҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫНДА 6 ҚЫЗМЕТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ ЖӘНЕ ЖОЛДАУ АЯСЫНДА ТАССАЙЛЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

310

Бұл туралы геопарталды жасақтап жатқан «КазГиса» мекемесінің өндірістік бойынша директоры Ақтілек Нұрғазинов мәлімдеді. ҚР Президентінің Жолдауын және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында әзірленіп жатқан геоақпараттық жүйесінің жұмысы аяқталуға таяп қалды. Қазірдің өзінде мемлекеттік қызметтер мен сервистер, жылжымайтын мүліктердің бірыңғай кадастры порталмен байланыстырылған.

Геопорталда 16 мемлекеттік қызмет қаралған болса, бүгінде оның 6-ы іске қосылған. «Оpenmap.geo-shym.kz» деп аталатын ақпараттық жүйеге картографиялық қызметті әзірлеу (ашық және кезекші карта), аэрофототүсірілім жүргізу, ортофотожоспар, жерді пайдаланудың бұзылуына мониторинг жүргізу, векторлық карта-схеманы құру және қаладағы нысандардың электронды төлқұжаттары енгізіліпті. Бұл қызметтер тұрғындардың қолдануына оңтайлы етіп жасалған.

–Аймақтық ақпараттық жүйеге осы жылдың қазан айына дейін қала тұрғындары мен заңды тұлғалардан 300 ұсыныс келіп түсті. Бүгінге дейін оның 183-і порталға енгізілді. Қалған ұсыныстар қаралу үстінде, – деді Ақтілек Бекболатұлы.

Айта кетсек, ақпараттық портал арқылы қала тұрғындары қажетті мекенжайлар мен жер телімдерін, қаланың Бас жоспарындағы мәліметтерді біле алады. Жобаны толығымен пайдалануға беру мерзімі жыл соңына дейін жоспарланып отыр.

ЖОЛДАУ АЯСЫНДА ТАССАЙЛЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

ҚР Президентінің Жолдауы аясында Тассай елді мекені тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылды. Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары Жадыра Таңатарова мен Қайрат Имашев Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру мәселелерін талқылап, басым бағыттарға тоқталып өтті.

Жиында жаңа экономикалық саясат, саяси реформалардың мәні, әлеуметтік даму мәселелері айтылды. Халықтың денсаулығын нығайту, білім саласы мен жастарды қолдау, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыға түсті.

Жиын соңында барша тұрғындар Жолдауды қолдайтындарын жеткізді. AMANAT партиясы Шымкент қаласы филиалы өкілдері, мәслихат депутаттарының тұрғындармен кездесулері одан әрі жалғасуда.