ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

325

Бүгін Түркістан облысы жауынгерлік өнер қауымдастығының құрметті президенті Әбілсейіт Дүйсебаев түркістандық спортшыларды қабылдады. Жуырда Арменияның астанасы Ереванда өткен спорттық самбо және жауынгерлік самбо күресінен және Болгарияның София қаласында әйелдер күресінен жастар арасында өткен Әлем чемпионатының жүлдегерлерін жеңістерімен құттықтап, алғыс білдірді.

«Түркістан облысында 3 жылға жақын уақыт аралығында Олимпиадалық емес спорт түрлерін дамытуда ауқымды жұмыстар атқарылып, толағай табыстарға қол жеткіздік. Спортшылардың жұлдызы жанып, биік белестерді бағындыру жолында бапкерлердің де еңбегі орасан. Бүгінгі басқосудың мақсаты – үздік спортшыларды марапаттау, оларға лайықты құрметке көрсету», деді ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Әбілсейіт Оразақынұлы.

Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша өңір спортшылары 9 айда елеулі табыстарға қол жеткізіп, ел мерейін үстем етті. Айта кетер болсақ, ағымдағы жылдың 9 айында Әлем чемпионаттарында – 19 алтын, 24 күміс, 18 қола, Азия чемпионаттарында – 7 алтын, 5 күміс, 4 қола, ҚР чемпионаттарында – 59 алтын, 32 күміс, 51 қола медаль еншіледі.

Еске салсақ, Арменияның астанасы Ереванда самбо күресінен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында Ұлболсын Әділова мен Дінмұхаммед Ергешбаев күміс жүлдегер, Нұрхан Жамалхан және Нурила Асанқызы қола жүлдегері атанды. Сондай-ақ Астана қаласында белбеу күресінен өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында Бекнұр Қуандық күміс жүлдеге ие болса, Болгарияның София қаласында әйелдер күресінен жастар арасында өткен Әлем чемпионатында Мадина Аман қола жүлдеге қол жеткізді.

Түркістан облыстық жауынгерлік өнер қауымдастығының басшысы Дәурен Тәңірбергеновтің айтуынша, ассоциация ұжымы үшін биылғы жыл да жемісті басталды. Келер жылы да спортшылар бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткізеді деген сенім мол.