ШӨПШЕК СҮЙГЕН АРДАҚТЫ АНА

209

«Алтын алқа» иегері, батыр ана Айткүл Дүйсебек­қызы 1927 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы Ынтымақ ауылында дүниеге келген. «Мен кәмпеске жүргізіліп жатқан уақытта туған екенмін» дейді. Қазір ол Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылында тұрады.

«Ғұмырымда аштықты да, тоқтықты да бастан өткердім, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. – Елде кәмпеске басталғанда, жұрт Ташкентке қарай үдере көшіпті. Сырдың бойына, дарияның жағасына келіп қонғанда оларды маса шағып, бәрі содан тегіс қырылып қалған көрінеді. Менің әкем және оның ата-анасы мен бауырлары осы жерде оба ауруынан қайтыс болыпты. Бір әулеттен алты айлық мен және анам ғана аман қалыппыз. Анам Ташкентке барып, мақта теріп, күн көріпті. Кейіннен оны Теріскейде тұратын шешесі келіп еліне алып кеткен екен.

Әулеттен жалғыз қалсам да, көптің арқасында жетімдіктің дәмін білмей өстім. Анам екінші мәрте тұрмысқа шықты. Әкем екеуі кешке дейін бие сауатын. Сөйтіп, таңертең ерте маған екі флягқа қымыз құйып береді. Оны ауылдағы барлық колхозшыларға ішкізіп, түс қайта үйге келетінмін» дейді апамыз.

Айткүл апа жолдасы Сапарбай Арынов екеуі 1946 жылы отау құрған. Колхоздың бір қора қойының сүтін сауып, таратқан сәттері де болыпты. Ол кезде қазіргідей егістікті жыртып беретін трактор жоқ, барлық шаруаны қолмен атқаратынбыз. Енесі де колхоздың жұмысына шығатын. Ал, балалары бірін-бірі қарап, жетектеп өсті. Ата-ана, әже – бәрі жұмыста. Кешке шаршап келіп, үй шаруасына кіріседі. Балаларға өбектеп көңіл бөле алмаған шығар, бірақ осыдан жаман, тәрбиесіз боп өскен бірі жоқ. Керісінше, балалар бір-біріне қамқор, мейірімді, еңбекқор боп өсті».

Айткүл Дүйсебекқызы Құдай қосқан қосағы, Ұлы Отан соғысының ардагері Сапарбай Арынов екеуі 10 балаға жарық дүние сыйлады. Сапарбай ақсақал 90-ға қараған шағында дүниеден өтіпті. «Ол өзі өте жақсы адам еді. Екеуміз тіршілікте іщәй дескен емеспіз. Тату-тәтті сыйластықта өмір сүрдік» дейді кейіпкеріміз. Айткүл апа перзенттерінен бүгінде 32 немере, 75 шөбере сүйіп, 4 шөпшектің ортасында бақытты өмір кешіп отыр.

 

Ләззат  ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ.