ТҮРКІСТАНДА ОРМАН АЛҚАБЫ ҰЛҒАЮДА

282

Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Жасыл Аймақ» КММ-сіне қарасты жер телімдерінде 2019-2020 жылдар аралығында 4700 гектар алқапқа 11 миллионнан астам жапырақты ағаш көшеттері өсірілген еді. Былтыр жоспар бойынша көктемде Түркістан қаласы айналасына 3000 гектар жер телімдеріне 7 миллион данадан астам әр түрлі жапырақты ағаш көшеттерінен мәдени екпе алқаптары отырғызылды. Түркістан қаласының айналасына «Жасыл белдеу» құруға облыстың уран өндіруші компаниялары да атсалысуда.

2020-2021 жылдары көктем-күз мезгілінде «Жасыл аймақ» мекемесіне қарасты 820 гектар жерге сексеуіл көшеті егіліп, 2500 гектарға сексеуіл тұқымы себілді. Биыл жоспар бойынша 1000 гектар аумаққа мәдени екпе отырғызу жоспарланып отыр. Көктем мезгілінде 300 гектарға 375 мың жапырақты ағаш және 100 гектарға 290 мыңнан аса сексеуіл көшеттері отырғызылды.

Бұдан бөлек, «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 120 гектар аумағында ағаш-бұта өсімдіктерін өсіруге тұрақты тұқымбақ үлестірілген. Биыл 30 гектар жерге 16 түрлі ағаш-бұта өсімдіктер көшеттері өсірілуде. Атап айтқанда, қылқан жапырақты ағаштардың 3 түрінен 10 мыңға жуық көшет өсіріліп жатыр. Жапырақты ағаштардың 10 түрі (қарағаш, шаған, тұт, үйеңкі, акация, сәнағаш, талшын, жапон сафорасы, жиде, сексеуіл) – 1840320 дана оның ішінде сексеуіл – 253055 дана. Бұта тектес көшеттердің 3 түрі (гибискус (қытай раушаны), форзиция, айва) – 2887. Жалпы 2 миллионнан астам ағаш егілді.

Күзгі орман дақылдарын түгендеу қорытындысы бойынша тұқымбақтарда өнімділік жоғары. 16 га жерге себілген қарағаш тұқымының өнімділігі – 1428480 дана болса, шаған ағашы тұқымының өнімділігі 0,3 гектарда 70000 данаға жетіп отыр. 1,9 гектарға себілген үйеңкі тұқымынан – 137500 дана, қаратал ағашы 0,1 га жерге өсіріліп, өнімділігі 4050 данаға жеткен.