ТҮРКІСТАНДА «БАЛ ТАҢДАЙ» ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ АЯСЫНДАҒЫ ЖАС ТЕРМЕШІЛЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

227

Бүгін Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының концерт залында облыстық «Бабадан қалған – асыл сөз» жас термешілер байқауы өтті. Түркістан облыстық мәдениет басқармасы мен Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы биылғы «Балалар жылына» орай Түркістан қаласында жыл басынан бері «Бал таңдай» облыстық балалар өнер фестивалін ұйымдастырып келеді.

Жыр додасын Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров ашып беріп, шараның маңыздылығына тоқтады. Терме өнерін дамыту керектігін алға тартып, осындай сайыстарды ұйымдастыру арқылы жас талант иелері анықталатынын жеткізді. Сондай-ақ қатысушыларға сәттілік тіледі. «Бабадан қалған – асыл сөз» облыстық жас термешілер байқауына 8-16 жас аралығындағы 14 үміткер қатысып, өнер көрсетті. Мұнда қатысушылар ереже бойынша екі шығарма, яғни оңтүстіктің мақымынан бір терме және еркін тақырыпта бір терме орындады. Байқаудың әділ қазылар құрамында Абылай Бөріханов, Руслан Ақынбеков, Мұрат Жұманов бар.

Әділ қазылар шешімімен бас жүлде Түркістан қаласының өнерпазы Бердалы Орынбасарға бұйырды. Ал Отырар ауданынан Жолдыбай Ерзат І орын иегері, Сайрам ауданынан Нышанбай Сұлтанмұхамед пен Төлеби ауданынан Мұрат Нұрғиса ІІ орын иегері, Арыс қаласынан Абдрахман Арман мен Түркістан қаласынан Оспан Инабат ІІІ орын иегері атанса, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының арнайы жүлдесі Түркістан қаласынан Арабдин Әселге, Майлықожа Сұлтанқожа атындағы арнайы жүлде Түркістан қаласынан Мералы Асылзатқа бұйырды. Жеңімпаздарға арнайы статуэтка мен диплом және қаржылай сыйлық табыстады. Ал жалпы байқауға қатысқан 14 қатысушыға жақында ғана Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Түркістан мақамдары негізінде жарық көрген «Текті сөздің төресі» термелер жинағы мен дипломдар берілді.

Айта кетейік, өнер байқауының мақсаты – қазақ өнерінің жетістіктерін насихаттап, оның өркендеуіне ықпал жасау, балалар арасындағы терме өнерін дамыту, жас дарынды термешілерді анықтап, оларға қолдау көрсету, сонымен қатар, оңтүстік өңірде қалыптасқан өзіндік дәстүрлі өнер мектебін көпшілікке насихаттау.