ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА САЛЫНАТЫН ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНЫҢ СӘУЛЕТІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

13

Түркістан облысында салынатын нысандар мен ғимараттардың сәулеті облыс әкімдігіндегі арнайы кеңесте тұрақты түрде талқыланып тұрады. Бұл жолы да сәулеттік кеңестің кезекті отырысы өтіп, 16 жоба талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров әрбір құрылыс нысаны терең зерделеніп барып салынуы керек екенін тағы да ескертті.

– Нысандарды салмас бұрын оның орналасатын жерін, экономикалық тиімділігін, сәулетін терең зерделеу керек. Біз жеке инвесторларды қолдаймыз. Бірақ жобалары талапқа сай болуы тиіс. Жауапты мамандардың талқылауынан өткен соң ғана жобаларды жүзеге асыруға рұқсат беріледі, – деген Нұралхан Көшеров ұсынылған жобалардың бірқатарына ескертпелерін айтып, толықтыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Кеңесте құрылыс нысаны салынатын аудан, қала әкімдерінің ұсыныстары тыңдалды. Сонымен бірге жеке кәсіпкерлер де өз ойларын айтып, жобаларын ұсынды. Олардың ірілеріне келсек, әкімшілік-іскерлік орталығынан көрме орталығын салу, бой көтерген Қазақ-корей университетінің ғимаратының сәулетіне қатысты идеялар айтылды. Сонымен бірге филармония, галереяның құрылысына қатысты ұсыныстар да берілді.