ORDABASY: 89 ЖАСТАҒЫ ПАЦИЕНТКЕ КҮРДЕЛІ ОТА СӘТТІ ӨТТІ

15

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытудың 2020 — 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде, Ордабасы аудандық орталық ауруханасында алғаш рет жамбас буынын эндопротездеу отасы 89 жасар пациентке сәтті жүргізілді.

Науқас Т. (1936 ж. т.) 31 қаңтар күні тұрмыстық жарақат алып, жедел жәрдем бригадасымен қабылдау бөліміне келіп түскен.

Зерттеп-қараудан кейін жоспарлы түрде 2025 жылдың 1 ақпанында сол жақ жамбас буынына цементсіз биполярлы имплантпен эндопротез отасы жасалды. Отадан кейінгі жағдайы бір қалыпты. Ота сәтті өтті. Науқас дәрігерлерге алғысын білдіруде.

Аурухана дәрігерлерінің жаңа емдеу әдістерін игеруі мен кәсібилігінің арқасында мүгедектік қаупі төнген науқас буындарындағы ауырсынуы жеңілдеп, белсенді өмірге қайта оралады.

Бұл жоғары технологиялық операция түрі емделушіге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде жүргізілді.

Айта кетсек, бұрын аталмыш ота түрлері басқа мекемелерде жүргізіліп келген. Қазіргі таңда травматологиялық көмектің барлық әдісін Ордабасы аудандық орталық ауруханасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде тегін алуға мүмкіндігі бар.