ШҰБАРКӨЛ КӨМІРІНІҢ БАҒАСЫ КҮН САНАП ШАРЫҚТАП БАРАДЫ

134

Осыдан төрт жыл бұрын тәжтажал індеті әлемді жайлаған кезде, Түркістан облысында дәрігерлердің арасындағы сыбайластық салдарынан бұқара халыққа аса қажетті парацетамол, аспирин атты қолжетімді дәрілердің бағасы шарықтап кеткенімен қоймай, дәріханаларда тапшы болып, тамыр-таныс арқылы сатып алуға тура келген болатын.

Биылғы қыстың аса қатал болуына байланысты Түркістан облысында Шұбаркөл көмірінің тапшылығы байқалғанымен қоймай, алыпсатарлар бағасын аспандатып жіберді. Аспандағанымен қоймай, қазір базалардың өзінде көмір қалмаған. База басшылары бірер күнде көмір келетіндігін айтады. Күн суыған сайын баға да шарықтай түсуде.

Түркістан қаласының тұрғындары табиғи газды тұтына бастағалы, қала маңындағы ауылдарға жеткізу мәселесі көп қиындық келтіріп отыр. Түркістандағы көмір базасының жауапты басшысы Үмітбек есімді азамат көмір келген кезде оның бағасын 16850 теңгеден өткізіп жатқандығын айтады. Алыс ауылдардан келген тұрғындар көмірдің өтіп кеткеніне таң қалысып жүр. Ал көмір базасының маңында тұрған Зил, Газ 53 жүк көліктері мен шағын фургондарда тиеулі көмірі бар. Ал, бірақ олар Шұбаркөл көмірінің тоннасына 24-25 мың теңге сұрап қана қоймайды. Елді мекенге жеткізіп беруін қоса есептегенде Бабайқорғанға баратын көмір бағасының тоннасы 30 мың теңгеден айналса, Майданталға 40 мың теңгеге дейін аспандап кеткен. Жылу беру маусымы қарсаңында қамданбаған қарапайым жұртшылыққа бұл өте ауыр түсіп тұр.

«Ауа-райы жылдағыдай емес, биыл қыс қатты қысып тұр «қыстың аяғы созылуы да мүмкін». Газ бармаған ауылдағы халыққа қазір көмір өте қажет. Өткенде ауылдағы ағайындар қоймай телефон соққан соң өзім демалыс күндері көмір базаларды аралап, арзан көмір таппадым. Басқа жерді қайдам, Түркістан қаласында жүк көлігі бар алыпсатарлар көмір тиеген вагон келген бойда алдын ала тоннасын 14-15 мың теңгедегі төмен бағамен сатып алады да көмір түсіретін темір жол тұйығынан (базадан) сыртына шыға сала тоннасын 24-25 мың теңгеден сатады (таразыдан да жейді екен). Айталық, ел аузында «топбаз» аталып кеткен көмір базасының төңірегінде (Зил, Газ 53 жүк көліктері мен шағын фургондарда), көшелерде көтеріңкі бағамен көмір толып тұр. Ауылдағы ағайынның қалтасына ауырлау болып тұр бұл бағалар. Олар көмір келгенін естиді. Ауылдан келем дегенше қаланың қуаяқтары алдын ала сатып алып қойып, қымбат бағаға сатады. Сондықтан алыпсатарларды жөнге келтірсе тамаша болар еді»,- дейді абайлық Тубегі Әбдібектегі.

Жақында Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Түркістан облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Полатбеков болса:

– Облыс көлемінде көмір тапшылығы жоқ. Тұрғындардың көмірге қажеттілігі 658,4 мың тонна болса, бүгінде 598,7 мың тонна тасымалданды. Ал «Қазақстан Темір Жолы ҰҚ» АҚ ақпаратына сәйкес, жеке тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету мақсатында облысқа Қарағанды облысынан күнделікті 20-30 вагон Шұбаркөл көмірі жеткізіледі. Сондай-ақ, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «Қазақстан Темір Жолы ҰҚ» АҚ, кен орындарымен үздіксіз «zoom» арқылы жедел штаб отырысы өткізілуде.

Спикердің сөзінше, темір жол тұйығы бар елдімекендерде 1 тонна қатты отынның бағасы 14600 – 18500 теңге аралығында сатылуда. Темір жол тұйықтарында жалпы 6500 тонна көмір қоры жинақталған.

 

ЖЫЛЫЖАЙЛАРҒА ДА КӨМІР ЖЕТІСПЕЙДІ

Соңғы кездері жылыжай иелері тарапынан арзан көмір тапшылығы жөнінде мәселе көтерілуде. Жылыжайлар жеке бизнес субъектісі болғанымен облыс әкімдігі тарапынан осы саладағы кәсіпкерлерді қолдау, жылыжайларды қолжетімді бағадағы көмірмен қамту шаралары жоспарланып жатыр. Түркістан облысында былтыр 101 гектарға жылыжай салынып, жалпы көлемі 1625 гектарды құрады. Бұл – республикадағы жалпы жылыжайлардың 71 пайызы.

– Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан жылыжайларды бизнес субъектісі ретінде бөлек шығару жөнінде, яғни олар кен орнынан жеке өздері сатып алу керек деген ұсыныс бар. Бірақ оған қарамастан, жоспарда жеке тұрғындармен қатар жылыжайларды қамту да бар, – дейді Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық-шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Марат Байғұнысов.

Облыс тұрғындарымен кездесулерді жылыжай иелерінен түскен шағымдарға орай Түркістан облысынан сайланған сенатор Әли Бектаев Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында жылыжай шаруашылығымен айналысатын фермерлер коммуналдық тарифтердің қымбаттығына тап болғаны туралы мәселе көтерді.

«Бүгінгі таңда республикада 1 265 гектар жылыжайдың 844 гектары Түркістан облысында орналасқан. Олар жыл сайын 91 мың тонна көкөніс өндіріп, ел тұрғындарын қамтамасыз етіп отыр. Жылыжайларда 12 мыңнан астам шаруа қожалықтары еңбек етіп жатыр. Түркістан облысында өндірілетін өнімнің 66% Сарыағаш ауданында өседі. Ол ауданның жалпы ішкі өнімінің 30% құрайды. Бүгінде жылыжай өндірісі өңір ауыл шаруашылығының негізін құрайтын, халықты сапалы көкөніспен қамтамасыз етіп отырған, сырттан келетін импорттық өнімдерге төтеп бере алатын салаға айналып келеді. Сондықтан бұл саланы қолдау — еліміздің ішкі нарығын және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету», — деді Әли Бектаев.

Депутаттың айтуынша, осы саланың дамуына теріс әсер ететін негізгі фактор – коммуналдық қызметтердің жоғары құны. Осы орайда импорттық көкөністердің бағасы төмен болғандықтан, олар сатып алушылар үшін тартымды болып тұр. Сонымен қатар, қысқы жағдайда жылыжай шаруашылығының әлеуметтік маңызын ескере отырып, оларға да қосымша көмір бөлу қажет. Сенатор қазіргі таңда жылыжай өндірісіне қатысты мемлекеттік қолдауды күшейту қажет екенін айтты.

«Әсіресе, көшет өсіріп, оларды егіп, өнім алып жатқан жылыжайларды мемлекеттік қолдау өте маңызды. Сондықтан тұқымға, көшетке, коммуналдық шығындарды төмендетуге арналған қосымша қаржы тетіктері қаралуы керек. Жылыжаймен айналысатын тауар өндірушілерді жеңілдетілген несиелермен қамтамасыз ету де аса маңызды. Жылыжай өндірісін қолдау және дамытуға қатысты проблемаларды Үкімет деңгейінде арнайы қарап, кешенді шешімдер қабылдау қажет деп есептейміз», — деді Әли Бектаев.

 

КӨМІР ТАПШЫЛЫҒЫ ЕЛДІҢ ЖҮЙКЕСІН ЖҰҚАРТЫП, ЖҰҚА ҚАЛТАСЫН ҚАҒУДА

Жалпы облыс көлемінде көмір отынының қажеттілігі 907,6 мың тонна болса, тасымалданғаны 807,2 мың тоннаны құраған. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық салаға 250 мың тонна көмір қажет. Тұрғындардың қажеттілігі: жылыжайлар мен жеке тұрғын үйлерге 658,4 мың тонна. Тасымалданғаны 605 мың тонна немесе 92%. Ресми ақпараттарға қарағанда, Түркістан облысына жақын күндері 17 мың тоннаға жуық, яғни 242 вагон көмір жеткізіледі. Бүгінде темір жол тұйықтарында жалпы 6591 тонна көмір қоры жинақталған. Оның ішінде Түркістан қаласында 3483 тонна, Арыс қаласында 1035 тонна, Сайрам ауданында 400 тонна, Сарыағаш ауданында 1173 тонна, Созақ ауданында 500 тонна көмір жиналып тұр.

«Қазақстан темір жолы» АҚ ақпаратына сәйкес, соңғы мәлімет бойынша Сарыағаш ауданының тұйықтарында 17 вагон көмір бар. Облысқа қосымша 242 вагон жолда келе жатыр. Оның ішінде Сарыағаш ауданына қосымша 70 вагон жеткізілмек. Жылыту маусымының барысы бақылауға алынған және штаттық режимде өтіп жатыр.

Еске сала кетейік, көмір тапшылығы немесе бағасына байланысты кемшіліктерге шағымдар болған жағдайда 109 байланыс нөміріне хабарласуға болады. Айта кетейік, аудан, қала әкімдіктері көмірдің қолжетімділігі мен баға белгілеуін үнемі қадағалап отырады. Жылу беру маусымы облыс әкімдігі тарапынан тұрақты бақылауға алынған.

Алайда, тұрақты рейдтік тексерулердің болмауына байланысты көмір базаларының маңында осындай келеңсіз жағдайлар орын алуда. Бұл өз кезегінде онсыз да қыстың қатал аязына қалып әбіржіген халықтың жұқа қалтасын қағуда.

Ескендір ЕРТАЙ.