АҚСАҚАЛ ДЕГЕН АТҚА ЛАЙЫҚТЫ БОЛСАҚ…

82

Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында ел болашағына бағытталған және бүгінгі күннің өзекті мәселелері қаралды.  Соның ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел бірлігіне баса назар аударды. Ол баяндамасында зиялы қауым мен аға буын өкілдерінің ел бірлігі мен ынтымағын сақтаудағы рөлдеріне тоқталды. Ел ағаларының арасында ауызбіршілік болса, жұртқа дұрыс жөн-жоба көрсетіп отырса, ұлтымыз ұйысып жүреді деген салиқалы ой айтты.  «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болу керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтулары керек» деді Мемлекет басшысы.

Президент осылайша зиялы қауым мен аға буын өкілдеріне үлкен сенім артып отыр. Ежелден халқымыз ақсақалдарын сыйлап, орындарын төрден сайлаған. Олардан аталы сөз күткен. Сол үшін де ардагерлеріміз ардақты, құрметті атқа лайықты болып, елге үлгі көрсетулері керек.

Ертеде хан, сұлтандар би-шешендеріміз кеңесіп, Күлтөбе, Ордабасы, Ұлытауда елдік мәселелерді талқылап, ұлыс қамын күйттеген. Ал, әр ауыл ақсақалдары өз аймағындағы елдің жайы, жайылым, мал өрісі, көші-қон, ауызбіршілік, ағайын арасындағы дау-дамай мәселелерін қарап, «Кеңесшіл ел кемдік көрмес» деген қағиданы ескеріп, келелі мәселелерді бірлесіп шешіп отырған. Өздері бас болып, осы игі істердің басы-қасында жүрген. Елдегі телі-тентектерді тыйып, жөнге салған.  Жетімі мен жесірін жылатпаған. Осындай құндылықтарымыз Кеңес өкіметі  тұсында қожырап қалды. Әркім «балапан басымен,  тұрымтай тұсымен» кетті.  Басымыз бірікпейтін, қосылмайтын болды, ұсақталып кеттік. Үлкендер жиыла қалған жағдайда бәтуалы, басалқалы сөз айту орнына қайдағы-жайдағы ұсақ-түйекті сөз етіп, саясаттан сөз қозғайды. Өсек-аяңға құмар болып алды. «Үкімет, әкім ішіп-жеп қойды. Ананы-мынаны істемеді» деп жерден алып, жерге салады.  Жұртты ұйыстыру орнына бөліп-жарады. Ауылды ортақ іске жұмылдыру орнына  өздері де істей алатын жұмыстың бәрін билік орындарынан жасап беруді талап етеді. Әбден сұрамсақ болып алдық. Өз ауылының қамын ойламай, қарақан басының қамын ойлайтындар көбейді.  Айтқандары жалған, былапыт сөздер.  Айналадағы жұрттан, үлкен-кішіден ұят болды-ау демейді.  Олардан  жас ұрпақ не үйренсін? Жұрт қалай сыйласын?! Елдегі рушылдықты, ата-атаға бөлінушілікті көбінесе қоздырып жүргендер де солар.

Жақында биыл 100 жылдық мерекесі атап өтіліп жатқан классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді»  деген романын оқып шықтым. Қаламгер өзі байқаған қоғамдағы келеңсіздіктерді ашып көрсетеді. Соның бірі – рушылдық. Жоғары оқу орнын жаңадан бітірген жас маманды шалғай ауданға мұғалім етіп жібергенін, оны мектеп директоры қалай қабылдағанын әңгімелейді.

Мектеп директоры ә дегеннен алыстан келген жас маманнан:

– Қай рудансың? – деп сұрайды.

– Албан руынанмын, – деп жауап береді оған.

– Саған бұл мектептен орын жоқ, – деп мектеп директоры оны жұмысқа қабылдамайды.

Мектеп басшысы осы білім ошағына  тек өз руластарынан ғана мамандар жинайды екен.  Міне, жоғары білімді, жас ұрпақ тәрбиесі сеніп  тапсырған  ауыл зиялыларының бірі – мектеп директорының сиқы осындай. Роман 60-70 жыл бұрын жазылса да рушылдық мәселесі әлі күн тәртібінен түскен жоқ. Қайта бүгінде тамырланып барады.

Әр рудың беделді ақсақалдары  өз руының мәртебесін көтеру үшін жұмыс істейтін болды. Өз руының қорын құрып, жоғары лауазымды қызметтерге,  депутаттыққа қабілеті жоқ болса да өз руластарын өткізуге тырысады.  Ауылға, көшеге, мектепке өз туғанының атын қою үшін жанталасады. Сөйтіп, ауылдың береке-бірлігіне нұқсан келтіреді.

Президент құрылтайда қоғамдағы келеңсіздіктерді болдырмауға шақырады. Әуелі зиялы қауым  өкілдері өздері тату болсын. Елге үлгі болсын. Төле, Қазыбек, Әйтеке билер секілді ел бірлігін сақтауға атсалыссын. Жастарды тәрбиелеуге білімі мен өмірлік тәжірибесін жұмсасын деді. Біз осыдан қаншалықты қорытынды жасадық?

Уақтысында үлкен лауазымды қызмет атқарған ақсақал тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өзін  жоғары марапатқа ұсынбағаны үшін әкімнің үстінен арыз ұйымдастырып, ақыры жақсы істердің ұйытқысы болып жүрген  жас әкімді орнынан босаттырды. Мұндай келеңсіздіктер күнделікті өмірде кездесіп қалады. Ал, енді осы ақсақалдан қандай үлгі алуға болады?

Бүгінде әр рудың «қаймақтары» баяғыда, есте жоқ ерте заманда өмірден өткен бабаларын қолдан «ел қорғаны батыр» жасап, ескерткіш орнатуды үрдіске айналдырды. Бұдан басқа рудың адамдары да қалыспай, «батыр» бабаларына ескерткіш орнату үшін жұртшылықтан жылу жинайды. Жалпы, мемлекет тарапынан негізсіз ескерткіш тұрғызуға  тыйым салынса да әлі де ескерткіш қоюға жанталасып жүргендер жеткілікті.

Осы ретте Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу дәстүрге айналғанын сынады. Атасына  ескерткіш қою, көшеге атын беруді өтінгендер  көбейіп бара жатқанын айта келе, мұндай ұстанымдар елдігіміздің біртұтастығына залалын тигізеді, ұрпақтар тәрбиесіне зиян келтіреді деп атап көрсетті. «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпы, ұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс» деді Президент.

Қысқасы, аға буын өкілдері ақсақал деген ардақты атқа кір келтірмей, ұлтымыздың бірлігін сөзімен де, ісімен де қолдап, көпке үлгі болып жүрулері керек. Сонда ғана ұлтымыздың бірлігі нығайып, жастар тәрбиелі болып өседі.

 

Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Суретті түсірген Қ.ШЕРІМ.