ӘЗЕРБАЙЖАНДА ӨТКЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕГЕ ТҮРКІСТАНДЫҚТАР 20 ҚАНАТ КИІЗ ҮЙ ТІКТІ

240
22-25 қараша күндері Әзербайжан Республикасының астанасы Баку қаласында БҰҰ-ның Орталық Азия елдерінің экономикаларына арналған арнайы бағдарламасының 25 жылдығына орай «SPECA елдерінің: тұрақты даму мақсатындағы аймақтық ынтымақтастық» тақырыбындағы көрмесі өтті. Көрмені ұйымдастырудың негізгі мақсаты еліміздің экономикалық дамуын айғақтайтын өнімдерді, қызметтерді, цифрлық инновацияларды көрсету болып саналады. Оған қоса, Қазақстанға инвесторлар тартуға мүмкіндік береді.
Халықаралық шараға Орталық Азия мемлекеттерінен, атап айтқанда Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдері басшылығы қатысты. Қатысушы мемлекеттердің отандық өнімдері келушілер назарына ұсынылды.
EXPO орталығында өткен көрмеге Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасына қарасты Облыстық тарихи-өлкетану музейі жиырма қанатты киіз үй тікті. ҚР Мемлекет қайраткері, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Әзербайжан мемлекеті Премьер-Министрінің орынбасары Шахин Мұстафаев және т.б ресми өкілдер қонақ болып, ерекше жәдігерлермен танысты.
Сонымен қатар Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының «Qagan» этно-фольклорлық ансамблі қатысып, ұлттық өнерді дәріптеді.