«ШАРУАЛАРДЫҢ ІСІ ШИРАЙ ТҮСУДЕ»

251

Сауран ауданы дихандары қазіргі таңда жаңа технологияларды қолдана отырып, бір алқаптан екі кейбірі үш рет өнім алудың мүмкіндіктерін пайдалануда. Бүгінгі таңда ауданымызда осындай 232 жоба іске қосылуда. Бірқатар кәсіпорындар жылыжай шаруашылықтарын дамытуға кірісіп кетті. Оның аумағы 11,7 гектарға жеткізілді. Таяу болашақта осы саланы барынша дамыту көзделуде. Тамшылатып суғару әдісін енгізу бойынша 443 гектар бөлінді. Қарқынды бау шаруашылығын дамытуға 513 гектар аумақ қарастырылған. Жалпы аудан бойынша ауыл шаруашылығы мақсатында 370937 гектар жер қарастырылса, оның ішінде 44441 гектары суармалы егістікке бөлінген. Жайылымдық жер 312712 гектарды құрайды. Шабындық жерлер 3257 гектар.

Айта кетерлігі қазіргі кезде заңды тұлғалардың саны 38, іріленген шаруа қожалықтарының саны -250-ді құрайды. Шаруа қожалықтарының саны -1648-ге жетті. Бұл өңірімізде шаруа қожалықтарының саны күн санап көбейіп келе жатқандығы көрсетеді. Шаруа қожалықтарының дені тоқырап қалудан сақтану үшін бірнеше шаруашылық түрін қатар алып келеді. Оның ішінде асыл тұқымды мал шаруашылығы, құнарлы мал азығын әзірлеу, құс өсіру, мақтаның сапалы түрін өсіруге бет бұруда. Жеке қожалықтардың дені соңғы жылдары тамшылатып суғару әдісіне көшуде. Аудан бойынша егін шаруашылығына 40958,07 гектар жер телімі берілген. Қазіргі таңда дихандар дәндік жүгері, жоңышқа, сүрлемдік жүгері, көкөніс, бидай, күнбағыс, мақта, мақсары егуге көшкен. Сондай-ақ, Сауран ауданына қарасты Оранғайда екі, Иассыда бір, Жаңа Иқанда бір, Ескі Иқан ауылдық округінде екі көкөніс және жеміс-жидек сақтайтын қоймалар орналасқан.

Аудан бойынша биылғы мал қыстату науқанына қажетті 308,2 тонна мал азығы дайындалу керек болса, ол меже 330,2 тонна болып 107%-ға орындалып отыр.

Бұқашықтарды мал өнеркәсіптік бордақылау алаңына өткізу жоспары 7900 бас деп көрсетілсе, ол меже 8858 бас болып орындалып, 112 пайызға орындалды. Тауарлы балық өнімін өндіру 700 тонна деп жоспарланса, бүгінгі күнге 745 тонна болып, 106,4 пайызға орындалды.

Қазіргі таңда малшылар қауымы түліктердің басын шығынға ұшыратпай, қыстан аман алып шығудың қамында жүр. Ал, дихандар қауымы көктемгі егіске техникаларын сайлап, жанар-жағармай қорын жасақтауда.

Бәрінен бұрын малшылар да, дихандар да озық технологияға негізделген жаңбырлатып, тамшылатын суғар арқылы аздан да, көптен де үнемдеуге қол жеткізуде.