СОЛАҚАЙ САЯСАТТЫҢ ҚАСІРЕТІН КӨРДІ
Розметов Алым Пардабайұлы 1960 жы-лы 27 ақпанда Ташкент қаласында дүниеге келген. Түркістан ауданы, Шорнақ ауылындағы Фрунзе атындағы орта мектебін, 1985 жылы ТашМУ математика факультетін бітірген. 1981-1985 жылдары Ташкент қаласы, Ак-Кавак ПМК-сында слесарь, 1986 жылы мұғалім, 1986-1992 жылдары оқу тәрбие ісінің меңгерушісі, 1992-2004 жылдары Шорнақ ауылындағы Фрунзе мектебінде директор қызметін атқарған.
— 1980 жылдың қаңтары мен 1981 жылдың мамыр айында Ауғансттанның Пули-Хумри, Газни жерлерінде мотоатқыштар бөлімінде отряд командирі, кейіннен бөлімше командирінің орынбасары міндетін атқардым. 1980 жылдың 4 наурызы болатын. Кешкі тамақтан соң, әскери тапсырманы орындау үшін жолға шықтық. Ауа райы суық, жаңбырлы болатын. Таңғы сағат сегіздер шамасында тау етегіндегі Мазари-Шариф қыстағына келдік. Міндетіміз — қыстақты дұшпандардан тазалау. Қыстақ жақындағы қорғанға тоқтап, ұрыс қимылын ойластық. Жалпы, құрамды үш топқа бөліп, 1-ші бөлімше тура қорған ішінен, 2-ші бөлімше қорғанның оң жағынан, 3-ші бөлімше сол жағынан ұрыс жүргізу жоспарын түздік. Біздің бөлімше құрамында бөлім командирі Александр Мельников, пулеметші Сапаров Рахим, гранатамет атушы Хамраев Еркін, мен және бірнеше жауынгер болды. Қол қимылымен жасалған бұйрықтан соң, сақтықпен басып алға жылжыдық. Қорғанды айналып өтіп, қыстақ ішіне кірдік. Өлі тыныштық. Адам тұрады дегенге сенгің келмейтіндей жым-жырт. Мысық шалысқа салып жүріп келеміз. Кенет, осы өлі тыныштықты қорғанның сол бағытынан атылғын автомат пен пулеметтің дауысы бұзды. Алға жүгіріп, көмекке ұмтылдық. Сол бағытқа өтетін өткел таба алмай қыстақтың ішіне бойлай кіріп кеттік. Атыс қайта басталды. Алдыңғы жақтан да, арттан да, оң қапталдан мен сол қапталдан да оқ атылып жерге жата қалдық. Қоршауда қалғанымызды аңғардық. Сағат үштер шамасында басталған ұрыс алтылар шамасына дейін созылды. Бөлім командирі Мелькинов ракета атып, көмек шақырды. Бағымызға қарай атылған ракетаны көріп басқа бөлімге көмекке бара жатқан бір танк келіп, бізді қоршаудан алып шықты. Менің сол иығыма оқ тиіп, жараландым. Пули-Хумри госпиталында ота жасады, — дейді ардагер ағамыз бізбен әңгімесінде.
Ұрыстағы әскери «За боевые заслуги», СССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы мен «От благодарного Афганского народа», «70 лет ВС СССР», «Воину-интернационалисту» медалдарымен марапатталған.
Бүгінгі таңда Алым Пардабайұлы жұбайы Дилора екеуі бес перзент тәрбиелеп отыр. Шорнақ ауылындағы «БИКЭНКС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Кірпіш зауыты» филалының директоры қызметін атқаруда.