ЕРЛІК ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

239

Османов Халдар Асенұлы 1968 жылы 10 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласына қарасты Шобанақ ауылында дүниеге келген. 1986 жылы Шобанақ ауылындағы Жданов атындағы жалпы орта мектебін бітіріп, сол жылы Ташкент политехника институтының АСУ факультетіне оқуға түскен. 1 курстан соң әскери борышын өтеуге аттанады.

Әкесі Асен дүниеден ерте өтіп, анасы Аманкүл бір ұл, екі қызды қатарынан кем қылмай өсірген. Халдар балаларының тұңғышы. Қазіргі күнде Халдар мектепте ұлағатты ұстаз. Бір ұл, үш қыздың әкесі.

Халдар Асенұлы 1987 жылдың 15 шілдесінде әскер қатарына шақырылып, Ашхабад қаласындағы №81102 Кишинский полкінде бөлімше командирі БТР курсын сержант шенімен тәмамдаған. 1987 жылдың 10 қарашасынан 1989 жылдың 5 ақпанына дейін Ауғанстанның Кандагар провинциясындағы №71176 әскери бөлімінде БТР-80 машинасының бөлім командирі қызметін атқарады. Кеңес әскері Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін Таулы Карабахтағы (Степанакерт) №18920 әскери бөлімде қызметін жалғастырады. Ауған жерінде сегіз рет қалалар арасындағы көлік керуенін қорғап, 3 рет үлкен ұрыс қимылдарына қатысқан.

— Сол бір сұрапыл жылдар қалай естен кетпек. 1988 жылдың күзінде Ауғансттанның Гельмент қышлағындағы үлкен су электр станциясы (ГЭС) дұшпандар қолында қалған болатын. Соны қайтарып алу туралы бұйрық алдық. Ұрыс үш күнге созылды. Үшінші күні дұшпандар бекініс орнын тастап, шегінді. Қашқан жауды біржола жою міндеті біздің бөлімшеге тапсырылып, БТР-80 машинасымен соңына түстік. Жанталасқан дұшпандар қаша жүріп, соңына түскен жалғыз БТР-80 машинасын жабыла атты. Кенет, қатты соққыдан басым айналып, көзім қарауытып кетті. Артында «гүрс» еткен екінші жарылыс даусы естілді. Жарылыс толқынынан біздер жан-жаққа ұшып кеттік. Жарылыстан көлік жүргізушісі қаза тапты. Көздеуші ауыр жарақат алды. Мен басымнан жараландым. Жарақатыма қарамай көмекке солдаттар келгенше, жаралы және қайтыс болған қаруластарымызды көліктен шығарып, қолына қару ұстауға мүмкіндігі бар екі-үш жауынгер дұшпандардың атқылауларына тойтарыс бердік. Сол операциядағы іс-қимылым үшін «За боевые заслуги» медаліне ұсынды, — дейді Халдар Асенұлы.

Ұрыстегі ерліктері үшін Халдар Османов «От благодарного Афганского народа», «70 лет ВС СССР», «Воину-интернационалисту» медалдарымен марапатталған.