АУЫЛДАН ӘЛЕМГЕ ЖОЛ АЛҒАН КӘСІПОРЫН

255

Жаһандық ғасырмен бетпе-бет өмір сүріп жатырмыз. Кімнің жабы, кімнің тұлпар екені бірден көзге шалынады. Ондағы талап тек ілгері басып, өрге жүзе білу. Тек жетістіктерге жеткені, көшке ілескені іріктеліп қала бермек. Осы тұрғыдан қарағанда ерінбей еңбек ету мен талмай тер төгу үлкен жетістіктерге жетелей берері ақиқат. Содан да халықтық сана «Еңбек – адамның екінші анасы», «Еңбек мұратқа жеткізер», «Жалқаулық аздырады, еңбек оздырады» деген ұғымдар арқылы еңбектенудің адамдарға қажетті нағыз байлық екендігін дөп басып айтқан. Бүгінде баба жолын бойтұмар етіп, өзі ғана емес, өзімен бірге 300-ге тарта адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер келбетін һәм кәсібін тілге тиек етпекке бекініп отырмыз.

Бұл күндері жаңа аудан ретінде таныс Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылында жиһаз өнімдерін өндіретін ерекше өндіріс орыны бар. Еліміздің барлық облыстарымен қатар, ТМД аумағына танылып үлгерген Құдырет Құдайбергенов басқаратын «Құдайбергенов» ЖШС жиһаз фабрикасы тұтынушылар ықыласына бөленіп үлгерген. Тек үлкен қалаларда немесе облыс орталықтарында ғана табысқа жетуге болады дейтін ойдың тамырына балта шауып, ауылдан әлемге жол алған өндіріс орыны көпке өнеге болуда. Олай дейтініміз атаулы орын 2020 жылы «Халыққа арналған тауар шығаратын үздік кәсіпорын» аталымы бойынша «Алтын сапа» сыйлығын иеленіп өз әлеуетін көрсете білді. Жыл сайын өнімнің сапасы, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгені үшін, сондай – ақ ұйымның сапаның басқарудың тиімділігі жоғары әдістерін енгізгені үшін берілетін ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына қол жеткізуі талас жоқ үздік өндіріс ошағы екенін анық көрсетіп тұрғандай.

Өз жұмысын осыдан 22 жыл бұрын 4 адам болып кішігірім цех ретінде бастаған. Арада осыншама уақыттан кейін көп адам жете бермейтін, тіпті армандап та қоймайтын ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктердің болуы оңай емес. Бұл жерде жетістік пен табыстың асқар асуларын, қатпар-қатпар белестерін бағындырудың артында сапа жатыр. Аталған өңірдегі ағаштан түйін түйетін өндірістің өзіне тән ерекшеліктері жетерлік. Мәселен өнім жасауға машықтанған ауылдағы ұжымның өндiрiсiнен қалдық шықпайтыны өз алдына. Керек десеңіз сол өңделген ағаштың жаңқасын «брикет» деп аталатын табиғи отынға айналдырып, сатылымға шығарып жүрген жайы бар. Міне, осындай ұқыптылық пен ыждағаттылық сапаның бекемделіп, өнім көлемінің еселеп артуына жол ашып келеді.

Өкінішке қарай үлкен танымалдылыққа ие өндіріс ошағы осыдан екі жыл ілгері өртке оранғаны белгілі. Жалыны көк шарпыған тілсіз жаудың салған ойраны жетерлік. Алғаш ірге тасы қаланған кездерден бастап мың машақатпен жинап келген барлық станоктардың немесе керекті заттардың түгелімен күлге айналғаны бар-ды. Дегенмен жылдар бойғы салынған дара жол оған бола тоқырап қалмауға дем бергендей. Осы бір қиын шақтарды жеңе отырып, жаңаша бағытта жұмыстарын жалғастырып жатыр. Былайша айтқанда заманауи станоктар сатып алып, әр түрлі жаңаша үлгіде орындықтар мен үстелдер тоқтаусыз өндіріліп жатыр.

Енді осы өнімдердің бағасы қолжетімді деуге болады. Бүгінде қымбатшылық қысып бара жатқан нарықтық экономикада тұрақты баға ұстап тұру мүмкін емес. Осыған қарамастан орындық пен үстелдің бағасы 12 мың теңгеден басталып 40 мың теңгеге дейін сатылуда. Бұрынғы бағамен салыстырғанда өсім деңгейі бар екені анық. Ондағы салдар мен себептер бірнеше жылдан бері үдеп тұрған індет. Жалпы, өндірістің аяғынан шалып тұрған жайдың тағы бірі деп атап айтуға болады. Осыған байланысты Ресей және басқада елдерден кіргізілетін шикізаттарға түрлі шектеулер қойылған. Бағаның өсуіне қымбатшылық пен атаулы шектеулердің ықпалы басым. Сонымен қатар, жұмысшылардың жалақысын өсіру және ағаш бағасының қымбаттауы тағы бар. Осылардың барлығына қарамастан халықтың қалтасына қарай, талғамына қарай қызмет көрсетуге харекет жасалып келеді.

Бұл жерде айта кететін дүние шикiзаттың Ресейден алынатыны. Ең басты көшті «бук», «дук» деген ағаштар бастап тұр . Тіпті бағасының өзі де айтарлықтай қымбат тұрады. Осылардың барлығын ойласа келе соңғы уақытта атаулы мәселенi шешудің нақты қадамдарын жасаған. Атап айтар болсақ, елімізде өсетін қараағашты пайдалануды қолға алған. Бұл амал да өз өнімін беріп келе жатқаны жасырын емес. Әсіресе, орындық жасауға таптырмайтын материал. Сапасы өте жақсы. Ал, бағасы ыңғайлы. Салыстырмалы түрде атап айтқанда Ресейден келетiн ағаштың бiр кубын алған бағаның жартысына қараағашты алуға болады. Оның сыртында өзіне тән толып жатқан ерекшеліктері бар көрінеді. Сол ағаштың бойынан әдемi хош иiс аңқып, сондай-ақ сәні де жарасымды көрінеді екен. Содан да өнімнің жартысына жуығы атаулы ағаштан дайындалып жатыр. Енді осы кереметтей өнiмдер еліміздің барлық аймақтарына таралуда. Ал, сыртқы нарықтан да сұраныс бар. Әсіресе, осыдан бірнеше жыл бұрын Ресей нарығында бақ сынағаны бар. Ол кезде Орынборда жақсы саудаға шығарылған екен. Алармандарды баурағаны тауардың сапасы мен сәнi болса керек. Сонымен бірге бағасы да ұнапты. Бүгіндері бұрыңғыдай көптеп экспортталмайды. Бар болғаны тапсырыстың санына, талғамына қарай жасалып арнаулы жіберіледі екен. Ондағы басты себеп әр елдің дүние танымы, ұсыныс берушінің қалауы бұл жақта жасалған өнімдерге сай еместігі. Содан да сапалы дүниені аталған өңірдің ыңғайына қарай жасап жатқан жайы бар.

Бүгінде өндірістің артуына байланысты Шорнақта сапалы өнiм шығаруға қабiлеттi мамандар жеткіліксіздеу. Көбіне көршілес Өзбекстаннан ұсталар мен нағыз маман иелерін шақырады. Алдағы уақытта Түркия елінен білікті маман иелерін шақыруды жоспарлап отыр. Ұзақ жылдардан бері жетіліп, жіті үйреніп шеберге айналған ағаштан түйін түйетін жігіттер қарасы да мол. Қолы алтын ағаш шеберлері буыны қалыптасқан. Мәселен, жаңадан шыққан техникалық құрылғыларды бiр көрсетсеңiз соның көшiрмесiн жасайтын азаматтар да бар-ды. Содан да жұмысшылар жағдайы өте жақсы деуге болады. Аталған шеберлердің бағасын тұтынушылар мен тұрғындар береді. Осыны мақсат еткен өндіріс орыны арнаулы «Қара жәшік» ұйымдастырған. Онда тауарлардың сапасыздығын, шеберлердің кемшін тұстарын, тіпті алғыстарын білдіруді мақсат ететін тұрғындардың хаты жиналады. Әр апта сайын аталмыш жәшік ашылып ондағы хаттар маңызы мен мәніне қарай оқылады. Осылайша тауардың сапасында кемшін тұстары болса, жұмысшыларға шағым болса осыны түзету қолға алынды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, хаттардың 80 пайыздан астамы өз алғыстарын білдіру үшін жазылады екен. Осыған қарап-ақ қандай тауар, қаншалықты сапа болғанын айырып алу қиын емес. Анығы «Халық айтса қалып айтпайды» дейтін аталы сөз осыған қаратылып айтылса керек.

Өңірге ғана емес, елге де, кей шет мемлекеттерге де танымал осы бір өндіріс ошағы жайында азды-кем толғандық. Анық көзіміз жеткен бір мәселе кәсіпорын басшысы Құдырет Құдайбергеновтың 2018 жылы «Түркістан» газетіне берген сұхбатында «Цехта 200 адам жұмыс iстейдi. Мемлекеттен көмек алмаймыз. Менiң түсiнiгiмде бiз мемлекеттен не аламыз деп емес, мемлекетке не беремiз деген мақсатпен жұмыс iстегенiмiз дұрыс деп ойлаймын» деген болатын. Шынында атаулы өндіріс орыны осы мақсаттан, осы жолдан танбасы анық көрініп тұрғандай. Қандай қиындықтар кездессе де соны жеңе отырып, асулардан асып келе жатқан кәсіпорынның бағындырар белесі тіпті де мол. Осылайша ауылдан әлемге жол алған кәсіпорын алдағы уақытта Еуропа құрлығында бақ сынауды алдарына мақсат етіп отыр.

Үмітбек БАҒДАТ.