САУРАН — РУХАНИ ЖӘДІГЕР

293

Сауран туралы ертеректе де жазылған, қазір де жазылып келеді, жазыла бермек. Бірақ қай тұрғыдан. Тарихи жағынан алып қарайын десеңіз көне шаһар жайлы мәліметтер тапшы. Мүмкін Ұлы Жібек жолы туралы жазылған дүниелерді қайта ақтару керек шығар. Әлде өзгелердегі жылнамаларға қайта үңілу керек шығар. Бірақ болашақта қазақ руханиятында өзіндік орны бар кент туралы көлемді, дәлелді дүниелердің табылатындығына бек сенімдіміз. Дегенмен, әзірге ел аузында, көнекөз қариялардың есінде қалғандарын тасқа бастыра бергеніміз абзал.

Иә, өткенді жаңғырту қайта дүниеге әкелу үшін де жоғарғы жақтың қолдауы қажет. Ол бітетін тірлік. Тек қаржы болса салынбайтын нәрсе жоқ. Ал, ол бізге рухани азық бола алмайды. Біздер өткенді жаңғырта отырып, өзімізді заманға лайықтай білуіміз қажет. Кәдуілгі отбасынан бастап, жұмысқа дейінгі жолда өзіндік биік мәдениетімізді көрсетуіміз керек. Осы төңіректегі көп ой қозғағанымыз, жиі ақылдасқанымыз абзал.

Өткен жылдың күз айында руханияттың, бала тәрбиесінің басы-қасында жүрген, кезінде бір-бір құрылымның басшысы болып тұтастай бір ұжымды аузына қаратқан бір топ зиялы қауым өкілдері Сауран қалашығында бас қосты. Ондағы тарихи дүниелерді көріп, көне жәдігерлерді қолмен ұстап, өз ойларын білдірді. Біз сол басқосудан жазылып алған бейнетаспаның сөзін сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Сәуірбай Қожақанов – зейнеткер:

— Қазақ әдетте «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» дейді. Бұл сөздің жаны бар. Біздің осында келгенімізге үш сағат уақыт болды. Ата-бабамыздың жүрген ізімен жүріп әлі құмарым басылмай тұр. Шаршаудың орнына үлкен рухани азық алғандаймын.

Мен мұнда осыдан 3-4 жыл бұрын келгенмін. Алдында да келіп жүргенмін. Бірақ, осында әр келген сайын өзімізше жаңалық ашқандай боламын да тұрамын.

Бүгін қорған ішін, сыртын аралап жүріп байқағаным түрлі керамика сынықтарының аяқ-асты болып шашылып жатқаны. Міне, сол алақандай, түймедей ғана нәрсені бір жерге сөреге жинап қойса дегенді айтқым келеді.

Қазіргі саяхатшы туристер сауатты. Міне, олар ата-бабамыз пайдаланған, ұстаған дүниелердің ою-өрнектеріне, сызбасына, жазуларындағы ерекшеліктерге қарап ой түзер еді. Олар да ұстап көріп тарихымызға жақындай түсер еді.

 

Оразбек Әміреев – «Сауран» газетінің директоры:

— Мәдениет ұлттың айнасы. Ол тарихпен біте қайнасып жатқан ұғым. Сондықтан Сауран-біздің тарихымыз, Сауран – біздің мәдениетіміз. Біз осыны қалай ұғынып жүрміз?

Иә, біздер кейде мінберден әңгімені ауыз толтырып айтамыз. Әсіресе, әлгі ұғымдарды біріктіретін руханият жөнінде айтуды әдетке айналдырдық. Бірақ сол руханиятқа біздер қандай үлес қостық.

Аудан құрылғанда біз бір топ журналистер өз қаржымызға «Сауран» газетін жарыққа шығардық. Алты нөмірін елге тегін таратып бердік. Әрине, әр нөмірімізде Сауран жайлы деректерді жазуға, табуға тырыстық. Алда солай болады да. Сауран қалашығы туралы открыткалар топтамасының нобайын жасап қойдық. Ол осында келген әрбір туристің қолында жүрсін деген ойдан туындаған нәрсе.

Мектепте үйірмелер мен факультативтер бар. Онда осы өлкені тану, Сауранды жан-жақты көрсету мақсатында жұмыстар жүйелі жүргізілуі керек. Ол үшін жасөспірімдерге арналған шағын танымдық оқулықты дайындасақ деген ниетіміз бар. Сауран ауданында кіндік қаны тамған ақын-жазушылардың антологиясын жазуды қолға алсақ деген жоспар және ойда. Бұл нақты тірлік. Әрбір саурандық осылайша іс-әрекет жасаса бұл елдің асығының алшы тұрары анық. Сіздер де соңғы айтқан сөзіме қосылады деген ойдамын.

 

Пазыл Ибрагимов – зейнеткер:

— Бұл жердің әрбір кірпіші өткеннен хабар беріп тұр. Бұл жерде тұрып қазақтың «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманын», жаугершілік тұстарын көз алдыңызға елестетуіңізге болады. Мектеп әкімшіліктері ата-аналармен келісе отырып, оқушыларды осыншама тарихи дүниені көруге әкеліп жатса үлкен тірліктің басы болар еді.

 

Ақылбек Көлбаев – зейнеткер:

— Қорған ішіндегі құдықша көргенде мынандай нәрсе есіме түсті. Кеңестік қоғамда дінге тиым салынғанын бәріміз білеміз. Коммунистер, комсомолдар, пионерлер мен октябраттар дінді-апиын деп түсінді. Міне, сондай кезде Қазақстанның бірінші басшысы Д.Қонаев Түркістанға келген сайын Қ.А.Ясауи кесенесіне кіріп шығады екен. Іштегі құдыққа үңіліп тұрып, «Осы құдықтың тереңдігі қанша екен?» деп қара бақыр тастап зиярат етеді екен. Құдық осы жердегі ең басты жәдігерлердің бірі. Жалпы, Сауранның құдығының беті ашық тұр. Оның үстіне ашық аспан астында. Мұсылман судың бетін ешуақытта ашық тастамаған. Оның үстіне мұндай жәдігерлердің парқын түсіне бермейтіндердің қөлденең бір нәрселерді тастап кетуі мүмкін ғой.

Менің мамандығым физик-математик. Білімді кеңестік кезеңде алдық. Ғылымға да ден қойған кезім болды. Ол басқа әңгіме. Ал, тербелмелі мұнара туралы ертеде естігенбіз. Әріптестерімізбен де бұл мәселе төңірегінде әңгіме қозғағанбыз. Бірақ оның қыр-сырын әлі толық аша қойған жоқпыз деп ойлаймын.

 

Серікбай Есмұратов — №14 жалпы орта мектептің мұғалімі:

— Менің мамандығым ағылшын тілі. Тілден сабақ бергесін олардың ортасына ену керек. Сен сонда ғана әлемді жайлаған тілдің құдыретін түсінесің.

Ағылшындар өздерінің өткен тарихына өте жанашырлықпен қарайтын халық. Әсіресе, бармақтай ғана көненің көзі туралы күні-түні әңгіме айтады. Сондықтан біздер балаларды тарихты білуге, өткенге терең үңілуге тәрбиелеуіміз керек.

 

Әбдіразақ Өтекей – С.Ерубаев атындағы мектеп-интерна-тының директоры:

— Мақұл кезінде жастар көк жәшікке телміріп қалды деп шуладық. Киногерлер енді заман біздікі деп алақайлады. Енді не болды? Олар да жолда қалды. Жуырда шағын кәсібі бар досымның үйіне бардым. Барсам бір бөлмесін телевизорға толтырып тастапты. «Тентек шоқпар жинаушы еді, мынауың не?» дедім. Достым меншігіндегі жатақхананың «қораптары» ғой деді. Сөзіне түсінбедім. Бақсам жатақханада тұратын студенттер теледидарды мүлдем көрмейді екен. Тек бос уақытын телефон шұқылаумен өткізетін көрінеді. Ал, біз балаға кітап оқы деп жүрміз. Енді Абайша айтқанда қайтпек керек? Басты ойды осы төңірекке бұрғанымыз абзал.

 

Өмірбай Батырбеков – зейнеткер, Қазақстан халқы Ассамблеясының Қарашық ауылдық округінің төрағасы.

— Отарлау заманында, кешегі атеистік заманда да Қожа Ахмет Ясауи кесененің өзіне тыныштық бермеді ғой. Ақ патшаның жендеттері мавзолейдің бір бұрышын зеңбірекпен атып ойып тастады. Баптардың бабы атанған Арыстанбабтың түбіндегі мешітті құлатып тастады. Коммунистік партияның мүшелерінің ғана емес қарапайым жұрттың жаназасын шығартпаймын деген шолақ белсенділер де табылды ғой. Бірақ, содан не таптық? Ұтылмасақ ұтқан жеріміз жоқ. Ел өз тарихына әлі де сусап отыр.

 

Оразбек Әміреев – «Сауран» газетінің директоры:

— 2019 жылы ақпарат құралдарының бірінде Метин Гюнай деген режиссер Қасымхан жайлы 75 сериалы фильм түсіретін болды деген ақпаратты көзім шалғаны бар. Бірақ сол дүниені түсірді ме, түсірмеді ме білмеймін. Алайда, аталмыш көркем туындыны Отырар, Түркістанда түсірілетін болды деп сүйінші сұраған еді. Мәдениет және спорт министрлігі осы шығарманың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өтетіндігін фильмнің біраз жері Сауран қалашығында да түсіріледі деген еді. Және онда түсірілу мерзімі үш жылға созылады делінген. Бірақ, сол тіршіліктің киносын байқамағандаймын.

 

Базарқұл Мырзақұлов – Т.Бигелдинов атындағы №16 жалпы орта мектебінің директоры.

— Мынау бір тамаша хабар екен. Сіз айтқан министрлік қолдау көрсетіп жатса, ол фильмде Сауран көрініс тапса ғажап қой. Бұл Сауранды таныту.

 

Балтабай Жарылқасынов – Сауран аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы:

— Иә, қазақ ордасының негізін салушы, ел басқаруда шеберлігімен танылған, қалың қол бастаған қолбасшы Қасым хан туралы көркем дүние жарық көрсе, тарихымыздың жаңа бір парағы ашылды деп түсіне бергеніміз абзал. Ал, жылт еткен эпизодта Сауран әңгіме болса ол біздің бағымыз.

Фильм ертең елге, шет жұртқа таралып жатса үлкен абырой. Қазақ жерінде осындай көне жәдігер бар екен деп, соның бір жұрнағын көрейік деп жатса біздің пайдамыз емес пе? Туристік әлеуетіміз артып, өзгелердің бізге деген қызығушылығы көрінсе тамаша нәрсе ғой?

 

Ақылбек Көлбаев – зейнеткер:

— Қазақ «Ауруын жасырған өледі» дейді Біздер кейде кеудемізді қағып «Алға, Қазақстан!» деп айтып жатқан жағдайымыз бар. Ниет дұрыс. Бірақ жалаң ұран ешқайда апармайды ғой. Әлемді билейтін еврейлер дейміз. Немістер ең ұқыпты, үнемшіл жандар дейміз. Ал, бізге таңылған таңба мақтаншақтық, даңғазалық. Елді көтеруміз керек. Бірінші кезекте ішкі мәдениетті қалыптастыруымыз қажет. Оған біздің ой-өрісіміз жетеді. Еврейлер мен немістеріңізден асып түсуге шамамыз баршылық. Және бір басты нәрсе әлемдік құндылықты да бойға сіңіре білуіміз керек.

 

Оразбек Әміреев – «Сауран» газетінің директоры:

— Бұдан бірер жыл бұрын облыс әкімі «Түркістан төрінде» деген жобаны құп көргенінен хабардармыз. Оған елге танымал зиялы қауымдардың қатысып «Түркістанның түрленуі қазақтың түрленуі» деп ой айтқаны белгілі. Біздер сол бағдарламаны көшіріп алмасақ та, кішігірім жобасын жасасақ деген ойдамын. Сауранның таза топырағында туып өскен елге танымал тұлғаларын шақырып, оған ақпарат құралдарын мейлінше қатыстырып тамаша бір қадамдар жасасақ болар еді. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген тамаша ұғым бар. Елде алалау жоқ. Құдайға шүкір, төртеу түгел. Кездесетін жер бар. Бірінші ақылдастар төбесі Күлтөбе болса, екіншісі Сауран қалашығының қабырғасы болуы керек.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.