«ТҮРКІСТАНЫМ — ТҰРАНЫМ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

266

Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында «Түркістаным-Тұраным» қолөнер шеберлері, фотокөрме, суретшілер көрмесі байқауының бүгін жүлдегерлері марапатталды.

Ережесі мен шарттары әлеуметтік желіде алдын-ала жарияланып, үміткерлер өз туындыларын ұйымдастыру алқасына ұсынған болатын. Қазылар алқасының құрамы жұмыстарды саралап, үздіктерді анықтады. Үш жанр бойынша өткен байқаудың негізгі мақсаты — ұмыт болып бара жатқан қолөнерді дамыту мен жандандыру, ел ішінде елеусіз жүрген қолөнер шеберлері мен ісмерлер, фото суретшілер мен қылқалам шеберлері өздері әзірлеген бұйымдарды, тұрмыстық заттарын көпшілікке ұсыну, жаңарған Түркістанның көрікті жерлерін бейнелеу, фотоға түсіру және кескіндеу, дарынды қолөнершілер, фото және суретшілерді анықтау. Осы мақсатқа сәйкес жаңа туындылар мен қолөнер шеберлерінің жұмыстары келіп түсті.

Тақырыпқа сәйкестігі мен туындының өзектілігін арнайы бекітілген қазылар алқасы сараптады. Педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚР Дизайнерлер Одағының мүшесі, Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ, Бейнелеу өнері кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ауелбеков Ержан Бураханович, Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ, Спорт және өнер факультетінің аға оқытушысы, Оңтүстік Қазақстан суретші-педагогтар одағының мүшесі, суретші-қолөнерші Абдуллаева Гульнар Дайрабаевна, М. Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназияның көркем еңбек пәнінің мұғалімі Кошенова Кулаим Сапашовна марапаттау рәсіміне арнайы қатысып, жүлдегерлерге дипломдар мен Алғыс хаттарды табыстады.

«Байқаудың өзектілігі сол — Түркістанның көрікті нысандарын бейнелеп, әрі фото мамандарының жұмыстарына арқау ету. Ежелден келе жатқан қолөнерді ұмыт қалдырмай, оның құндылығын өскелең жасқа дәріптеу» деді Түркістан қалалық Мәдениет үйінің директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Шәмет Лиза Төлегенқызы.

Сонымен, «Түркістаным -Тұраным» қолөнер шеберлері байқауының жүлделі орындары анықталды. Бұл жанр бойынша 16 үміткер қатысып, бақ сынады. I орын Рысбеков Каныбек Курманбековичке бұйырса, II орын Еркін Аружан Ержанқызы мен Әмірханқызы Айшаға ұсынылды. Ал қос бірдей III орынның көгінен Сұлтанбайұлы Еділ мен Батырхан Салиха Әуезханқызы көрінді. Сондай-ақ, «Дәстүр» номинациясымен Бердалы Айбану Абдикадирқызы марапатталса, «Үздік жасампаз» номинациясы- Әбдірахман Шәрифа Әмірханқызына берілді.

Келесі жанр суретшілер көрмесі бойынша 13 үміткер жұмыстарын ұсынды. I орынға Шаханбаев Мурат Нурмаганбетұлы лайық деп танылса, II орын Абдукадыров Улугбек Асанович пен Нурмашев Темирбек Турарбекович және Кинабаев Серик Алиайдаровичке берілді. Сонымен бірге, Пахирддинова Мунира Рахманбердиевна ІІІ орынға ұсынылды. «Ұшқыр ойлы суретші» номинациясы — Болатова Мәдина Жұмабекқызына, «Әбілхан Қастеев» атындағы номинация — Торехан Нұрлы Бақытжанұлына,«Үздік композиция» номинациясы — Керімше Аружан Нұртайқызына, «Акварель шебері» номинациясы- Ахметова Улданай Шериовнаға, «Қылқалам шебері» номинациясы- Кулымбетова Ақерке Жұмабайқызына, «Гүлфайрус Мәнсүрқызы Исмайлова» номинациясы — Малдыбаева Іңкәр Досымханқызына, «Креативті суретші» номинациясы — Жарылқасын Қарақат Ержанқызына, «Дарынды суретші» номинациясы — Артықбаев Бақдәулет Аманұлына берілді.

«Түркістаным -Тұраным» байқауының тағы бір жанры фото көрмесі болды. Бұл жанр бойынша үздіктердің үздігі болып, I орынды Шинтемиров Нахып Шериевич алса, II орын Сағындық Ердаулет Серікұлы мен Жұмахан Асыл Мәлікұлына бұйырды. III орын Асан Оразғали Болатұлына табысталды. Барлық жүлдегерлерге арнайы дипломдар және Алғыс хат, қаржылай сияпаттар тапсырылды. Қазылар алқасының еңбектері де ескеріліп, қала әкімінің Алғыс хаты берілді.