ЖАСӨСПІРІМДЕР АТА-АНА ҚАРАУЫНСЫЗ ҚАЛМАҒАНЫ АБЗАЛ

250

Бүгінде кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің беймезгіл уақытта көңіл көтеретін орындарда сайран салып жүретіні жасырын емес. Осыны негізге алған Түркістан қалалық полиция басқармасы мен Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімі рейдтік іс шара ұйымдастырды. Оған Жастар ресурстық орталығы және Адами әлеуетті дамыту бөлімі бірлесе атсалысты.

Дәстүрге айналған кезекті шара барысында ойын-сауық орталықтарында кәмелетке толмаған балалардың болмауын тағы бір тексеріп шықты.  ҚР ӘҚБтК 442-бабының 2-бөлігі «Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуы» бойынша 12 хаттама толтырылды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін 1 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Интернет клубтары түнгі мезгілде жасы 18-ге толмаған жасөспірімді кіргізбеуі керек. Ал, кафелерде жасөспірімдер ата-ананың қарауынсыз болмағаны абзал. Осы ретте тәртіп сақшылары ата-аналарға мұндай түнгі рейдтер күнделікті жүргізілетінін атап өтті. Ал кәмелетке толмағандарға түнгі сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін заңды өкілдерінсіз үйден тыс жерде болуға тыйым салынатыны жөнінде кәсіпкерлік нысандарының иелеріне де ескертілді.

Ал, түнгі уақытта ата-ананың қарауынсыз жүрген жасөспірімдер анықталып, құқық бұзушылықтар орын алған жағдайда, олардың ата-анасына айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мұндай рейдтік шаралар Түркістанда тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Азамат ӘЛІБЕК.