ҰЛЫ ТҰРАННАН ҰЛТ ҰЯСЫ ҰЛЫТАУҒА

349

Апта басында түркілер төрі қасиетті Түркістанның 50-ден аса зиялы қауым өкілдері ұлт ұясы Ұлытауға жол тартты. Тарихи-танымдық сапарға аттанған ардагерлерге ақ жол тілеген қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков бастаған жергілікті билік өкілдері салтанатты түрде шығарып салды. Шара барысында сөз алған шаһар басшысы өз сөзінде:

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы десе, Ұлытауға ұлттың ұясы деп баға берген болатын. Ата-бабалар салған сара жол – бірлік, береке, ынтымақ жолынан бүгінгі ұрпақ та адаспай келеді. Өткенді үлгі тұтар ұрпақ қалыптастыруда өздеріңіздің еңбектеріңіз бен қосқан үлестеріңіз мол. Бұл бағытта бірге атқаратын жұмыстарымыз әлі де көп деп білемін. Сіздерге сәтті сапар тілей отырып, ұлылар мекені Ұлытауға киелі Түркістанның ыстық сәлемін жеткізуді сұраймын, – деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.

«Түркілер төрі Түркістаннан – ұлт ұясы Ұлытауға» деген ұранмен бастау алған тарихи танымдық сапар мақсаты – егемендіктің шежіресі мен тәуелсіздіктің шынайы тарихын дәріптеу екенін айта кеткен жөн.

Түркістандық делегация Ұлы даланың Ұлытауындағы тарихи орындарды аралап, танысу мақсатында Қызылордаға дейін автобуспен барып, одан әрі қарай Жезқазғанға пойызбен жолға шықты. Алаштың анасы Сыр елінен бағыт алған жүрдек пойыз қойнауына бақ-береке ұялаған мысты шаһар Жезқазғанға табан тіреді. Түркістаннан ақжолтай сәлемін ала келген зиялы қауымды Жезқазған вокзалында ыстық бауырсағын ұсынып, қазақы дәстүрдің қаймағы іспетті арқа елінен ақ жаулықты әжелеріміз әннен де, дәмнен де шашу шашты. Қонақтарды Ұлытау облыстық және Жезқазған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары бастап, облыс және қала әкімдігінің басшылығы ерекше ілтипатымен құшақ жая қарсы алды. Айта кетсек, вокзал маңындағы достық жүздесуде Ұлытау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов, «Қазақмыс корпорациясы» жанындағы Ардагерлер кеңесі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров Түркістаннан келген қонақтарға қош келдіңіздер деген ақ тілегін арнап, сөз сөйледі. Филармония әншілері мен қаладағы «Ақ әжелер» ансамблі ән шашуын арнады. Зиялы қауымды арнайы құрмет көрсетіп қарсы алуға келген Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әнуар Омар және қалалық әкімдіктің басшылары түркістандық ақсақалдармен кездесуде Ұлытау облысы өңірінің жағдайы мен тарихи деректерінің маңызы туралы әңгімелеп берді.

«Жол азабын жүрген білер» деген сөздің қаншалықты дөп айтылғанын осы жолмен жүргендер түсінетін шығар. Жолдың ауырлығын да ұмытқан қазыналы қариялар мен аяулы аналар дархан елдің кең пейілділігіне ризашылығын білдірді. Жезқазған қалалық әкімдік басшылығы түркістандық делегацияны зор ықыласпен қарсы алды. Шаһар басшылары делегация қонақүйге орналасқан соң қаланың көрнекті орындарымен таныстыруды бастады. Түркістандықтарға етене таныс азамат, Ұлытау облысының прокуроры Жарқынбек Бақашбаевтың бастауымен зиялы қауым Кеңгір өзенінің жағасына барып, келелі әңгімелерін ортаға салды. Әрі қарай делегация құрамы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған Даңқ монументіне тоқталып, соғыс және тыл ардагерлерінің ерліктеріне тағзым етіп, оларға құран бағыштады. Ұлытау облысы әкімдігі мен Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжановтың бастамасымен кешкі асқа арналған дастархан жайылды. Ұлытаудың ұлылығын дәріптеуге, хандардың ордасы, асыл би-шешендердің даласы екенін көрсетуге, мол жайылған дастарқаны дәлел болғандай. Ауқымды жиында облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы аталы сөз сөйледі. Қазыналы қарт өз сөзінде: «Күллі түркі жұртының тәу ететін ордасы, түркі халқының рухани астанасы Түркістан десек, мына Ұлытаудың да қадір-қасиеті Түркістаннан кем емес. Жошы хан мен Алаша хан сынды бірқатар ірі тұлғалар жатқан жер. Ұлытау Қазақстанда жалғыз. Бүкіл ел-жұрт мақтанатын, рухтанатын киелі жер деп түркістандық ардагерлер арнайылап келіп отыр. Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының, қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің арнайы сәлемі мен сый-сияпатын ала келдік. Келгендегі мақсатымыз бір-бірімізбен жақын араласу, пікір алмасу, кеңесу, бірлігімізді арттыру, тарихымызды насихаттау. Сіздерге шын жүректен достық тілектестігімізді жеткізгім келеді», деді. Сонымен қатар, қалалық «Аналар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлжан Мұстафаева Түркістан облысы мен қалалық аналардың атынан ізгі тілегін білдірді. Ауқымды шараның алғашқы күні осылай өтті.

…Келесі күні ардагерлер таңмен таласа оянып, таңғы астан нәр алып, қаладан 160 шақырым жердегі Хан ордасына барды. Хан ордасына апарар жолда түркі мифологиясы үшін зор мәнге ие 9 метрлік «Көк Бөрі» мүсінін тамашалап, бойларына күш-жігер, рух жинап алды. Дәл мұндай мүсін ТМД елдері ішінде тек Қазақстанда ғана бар. Ұлытаудың ұлылығын көрсетіп тұратын қайталанбас мүсін. Экспедиция мүшелерi Ұлытау – ұлт ұясы монументіне де соқпай кетпеді. Ұзақ жол болса да батагөй қариялардың жүздеріне шуақ тұнып тұрды. Бұл бабалар мұрасына деген кемел махаббат пен бабалар аманатына деген жауапкершілікті сезінудің айқын нышаны болса керек. Мәдени мұраларды зиялы қауымға түсінікті түрде археолог, ғалым Айдар Ысқақов таныстырып, әр нысанның тарихына кеңінен тоқталып өтті: «Түркістан рухани һәм мәдени орталықтар шоғыры десек, Ұлытау саяси және экономикалық орталықтар шоғырына жатады. Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуы кезеңінде үлкен тарихи оқиғалар өткерген-діктен Ұлытау аталып кеткен. Біздің ата-бабаларымыз 2500 жыл бұрын тонналап ме-талл өнімдерін өндіруді қолға алған. Оған дәлел қола дәуірі мәдениетінің осы маңнан табылып жатқан қоныс орындарындағы жерасты пештері, өндірістік заттар мен ешқайда кездеспейтін құрал бөлшектері. Ертеде Ұлытау өлкесінде 50 шақты қала болған, олар көшпелі мәдениетке ыңғайлас-тырып салынған. Көшпелі қалалар Алтын Орда және оғыз, қыпшақ заманы мәдениеті кезеңдері болып бөлінеді. Хан Ордасы түрік қағанатының кезеңінде қалыптасқан. Айналасында Едіге мен Тоқтамыс жерленген Едіге шыңы, аңыз бойынша әулилер мәңгілік мекенін Әулие таудан тапқан екен. Ұлытаудың тарихымен танысу үшін 1 айдың өзі аздық ететін шығар».

Ақсақалдар әрі қарай «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейіндегі мәдениет жауһарларымен танысып, өркениет тарихына терең бойлады. Шара аясында әрі қарай мәдениет басқармасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен қазыналы қарттар Алаша хан кесенесіне зиярат жасап, кесене тарихымен танысты. Сыртқы келбеті тоза бастаса да, ішкі бөлігі сол қалпында сақтаулы, қатпар-қатпар тарихтан сыр шертіп тұр. Зиярат барысында қаланың бас имамы Мұхамеджан Ергешбайұлы кесененің ішкі баспалдақтармен төбесіне шығып, азан шақырып жүректерге иман нұрын ұялатып, сол маңда жерленген бабалар рухына құран бағыштады. Экспедиция мүшелері алапат ойдың жетегімен көне тарих көмбесі Ұлытау даласының топырағын шаңдата басып Жошы хан кесенесіне де жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытауды ұлттық туризмнің орталығы ету туралы бастамасынан кейін мұнда «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені салынған екен. Сайын далада алыстан менмұндалап көрінетін Жошы хан кесенесін жаңадан салынған мәдени кешен толықтырып, заманауи үлгіде көріктендіре түскендей. Кешен алдына «Ақсақ құлан» аңызына байланысты ескерткіш орнатылыпты. Композициялық ескерткіште құланға ұмтылған Жошының, Жошыға ұмтылған құланның бейнесі бейнеленген. Тарихи-мәдени кешеннің іші де заманауи жабдықтармен қамтылған. Музей, қонақүй мен асханасы да бар. Кіре беріс фойесін айналдыра тас мүсіндер қойылған. Бірақ қолмен ұстасаң тасқа ұқсатып жасалған бұйым екенін аңғарып таңдай қағасың. Оған смарт экран орнатылыпты. Міне, ғажап! Саусағыңды тигізген сәтте-ақ өзіңе қажет деректің ортасына түсіп кетесің. Ұлытау аймағының тарихына, мәдени ескерткіштеріне, хандар мен батырларға қатысты мәліметтер толып тұр. Міне, Жаңа Қазақстан! Фойеден сыртқа қарай шығатын арнайы жол бар екен. Хан кесенесімен екі ортаға Жошының еңселі ескерткіші орнатылған. Оның жанына хан кеңесі өтетін шатыр да жасалған. Хан шатырының өзі ойыңды сан-саққа жетелеп, тарихтың тұңғиығына бойлататындай әсер береді. Одан сәл әріректе Жошы ханның мазары тұр. Ұлытау жұрты бағзы заманға саяхаттауға мүмкіндік сыйлап, түркістандықтарды киелi орындардың тарихымен таныстырып, сол нысандармен байланысты рухани, мәдени құндылықтарды насихаттаудан жалықпады. Осылайша көзді ашып-жұмғанша бір күн өте шықты. Қариялар әдеттегіше кешкі асқа берекелі дастарханға шақырылып, ас аясында мағыналы әңгімелер, ақжарма тілектер айтылып, мәнді отырыстың соңы батамен тәмәмдалды.

…Ұлытау төріндегі үшінші күн Сәкен Сейфуллин атындағы кітапханада жалғасын тапты. Екі тараптың ақсақалдары өзара пікір алмасып, бір-біріне құрметтерін көрсетті. Өнерлі ақсақалдар домбырамен күй шертіп, өнегеге толы терме айтып, гармонмен ән шырқап кездесудің мәнін арттырды. Қазыналы қариялардың көңілі шат, жаны жадыраңқы күйге бөленді. Мағыналы кездесуге Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы да арнайы түркістандық зиялы қауымға ілтипатын ала келіпті:

«Қайырлы күн, құрметті де ардақты ақсақалдар! Ұлытау жеріне қош келдіңіздер! Дендеріңізге саулық тілеймін. Өздеріңіз білетіндей, қазақта қасиетті жерлер көп. Соның ішінде Түркістан мен Ұлытаудың қазақ үшін орны бөлек. Қазақ тарихына көз жүгіртсек, біз түрлі кезеңдерді өткерген қайсар, бірлігі бекем халықпыз. Ұлытау жері қазақ тарихында саяси мағынаға ие қасиетті орда. Алғашқы қазақ хандарын сайлаған орда. Қазақ үш жүзге бөлінбей тұрғанда, үш жүзге ыдыраған кезде де ұлы хандарды сайлаған құтты орда. Есім ханның тұсында Қожа Ахмет Ясауи әулиенің кесенесінде хан сайлау басталған еді. Түркістан алты алаштың астанасына айналған еді. Кейінгі хандардың барлығы сол қасиетті Тұран даласынан хандыққа көтеріліп, ислам дінінің өркендеуіне жол ашты. Қазақ хандары Тұран даласынан қаншама шақырымды артқа тастап Жошы ханға келіп тағзым еткені тарихтан мәлім. Жошы хан өмірден өткен соң араға жылдар салып ұрпақтары мазар салды. Бірнеше ғасырлар бойына хандықтың орталығы Ұлытау болғаны да тарих беттеріне жазылған. Сол бабалар жолын жаңғыртып, Ұлытау жеріне қадам басып жатыр екенсіздер. Сіздерді көріп марқайып қалдым. Түркістан мен Ұлытау бірге болса, бүкіл қазақ даласы бірге болады деп ойлаймын, — деді.

Ұлт ұясы Ұлытау облысына түркілер төрі қасиетті Түркістан қаласынан жасаған сапарымыз осымен бітті. Ұлытаулықтар қимастықпен, сән-салтанатымен шығарып салды. Бұл маңда біз бармаған әлі көптеген тарихи орындар менмұндалап қалып барады. Тәңір жарылқаса, сол тарихи мекендерге де баратын күн туар.

Азамат ӘЛІБЕК