ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫН ЕСКЕ АЛДЫ

392

Нәліхан Шотаевтың есімі Түркістан қаласының тұрғындарына етене таныс. Адамдықты мансаптан жоғары қоя білген жанның өмір жолы тәртіп сақшылары үшін үлгі өнеге. Кеңес кезіндегі милиция қызметкері ретінде облысымыздың бірқатар аудан-қалаларында жауапты қызмет атқарған жанның есімін таяуда түркістандықтар ұлықтады.

Құқыққорғау саласының ардагері, қала жанашыры бола білген ардақты жан Нәліхан Шотайұлының есімін ел жадында қалдыруды мақсат қылған әуелі өзінің ұл-қыздары екенін баса айтуымыз қажет. Бастамаға осындағы бір топ ардагер тәртіп сақшыларының қолдау білдіруінің арқасында қалалық полиция басқармасы ғимаратының қабырғасына мемориалды тақта орнатылды.

Осы атаулы шараға Түркістан қаласының бір топ зиялы қауымы жиналды. Өткен күндерге шегініс жасаған жиында біз де Нәліхан Шотаевтың еңбегіне қанық болдық. Соның ішінде бүгінгі тілмен айтқанда құрметті полицей 1975-1985 жылдары Түркістан қалалық ішкі істер бөлімінің басшысы қызметін атқарған. Сол жылдардағы еңбек жолында осы күнге дейін тәртіп сақшыларының еңбек үйі болып келген полиция басқармасының ғимаратын салдырған да осы Нәліхан Шотайұлы екен.

Көзкөрген үзеңгілес жолдастары, өзімен иық тіресе қызмет еткен бүгінгі полиция ардагерлері аталған істі жоғары бағалап, өткенге құрмет көрсету — бүгінгі ұрпақ алдындағы парыз екенін алға тартты. Сонымен бірге, игі шара иесі болған кейіпкердің ел ішіндегі адамдық келбетінің жоғары екенін, елге адал қызмет етуді азаматтық борышы деп білгенін бүгінгі жас ұрпақ санасына сіңіру қажеттігін атап өтті.

Шараға қатысқандар ішінде көзкөрген, әріптес болған, ардагер полицей Түркістан облысы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Есалы Нұржанов өз сөзінде тәртіп сақшысының жұмысы оңай емес екенін, елмен тығыз байланыс орнатып, қоғамдық қауіпсіздікті бақылауда асқан табандылық қажеттігін алға тарта отырып, Нәліхан Шотаевтың осындай қызметті абыроймен атқарғанына тоқталды. Сонымен бірге, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов сөз алып, естен кетпес естеліктерімен бөлісті. Соның ішінде Нәліхан Шотаевтың қызмет бабында төңірегіндегі азаматтарға төгілген шапағаты, заң талаптарының өз деңгейінде іске асуы тұрғысындағы еңбектерін жоғары бағалады. Және де зейнет жасында Түркістан қалалық ардагерлер кеңесі төрағасы болған Нәліхан Шотаевтың қоғамдық жұмыстағы белсенділігі, жас ұрпақ алдындағы аға буын аманатын жеткізудегі ерен еңбектері бүгінгі күні үлгі боларлық дүние екеніне ерекше тоқталды.

Айта кетейік, 1938 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданында дүниеге келген Нәліхан Шотаев бұл қызметінен бөлек 1985-1988 жылдары Кентау қалалық ішкі істер бөлімінің басшысы, 1988-1992 жылдары Арыс қалалық ішкі істер бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған.

1992-2003 жылдары зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық істерге белсене араласып, 2011 жылдан өмірінің соңына дейін Түркістан қалалық Ардагерлер ұйымының төрағасы қызметін атқарған. Қазақстан ішкі істер министрлігіне мінсіз қызмет еткені үшін I, II, III дәрежелі медальдары, Қазақстан Республикасының 15, 20 жылдық медалі, Оңтүстік Қазақстан облысының құрылғанына 80 жыл толу кұрметіне, «Облысқа еңбек сіңірген еңбегі үшін» медалі, Қазақстан полициясының құрылғанына 20 жыл медалі, 2008 жылы Түркістан қаласының Құрметті азаматы атағын алды.

Осылайша Ішкі істер министрлігінің Құрметті Ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Нәліхан Шотаевқа деген кейінгі толқын құрметі арта түспесе, кемімек емес.