БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ — КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК

234

Ұлы Отан соғысы ардагерлер ұйымы екінші жаһан соғысы біткеннен кейін-ақ құрылған болатын. Дегенмен 1986 жылы желтоқсан айында Кеңес Одағының ортақ комитетінің Ұлы Отан соғысы және Еңбек ардагерлерінің әлеуетін және тұрмыс жағдайын жақсарту үшін арнайы қаулысы шығып 1987 жылы көктемде облыстық, қалалық ардагерлердің алғашқы құрылтай жиналысы өтіп, ардагерлер кеңесі құрылған болатын. Содан бері Ұлы Отан соғысы және ардагерлер жылы аталып келеді.

Биыл сол ардагерлер ұйымының құрылғанына 35 жыл болып отыр. Түркістан қаласының алғашқы кеңес төрағасы болып зейнеткер, әскери комиссар болған кісі Сәрсенбай Абдуллаев қызмет етті. Көмекші мектеп интернатының директоры зейнеткерлікке шыққаннан кейін Сейдуәлі Қарадәуов,  парторг болып қызмет еткен подполковник Алым Мұхамеджанов деген кісілер 2000 жылға дейін жұмыс жасаса, сол 2000 жылдан 2010 жылға дейін мектеп директоры болып істеген Әбжаппар Дайрабаев, 2010 жылдан кешегі күнге дейін  яғни, 2017 жылға дейін марқұм Шотаев Нәлхан ағамыз басқарып үлкен абыроймен жұмыс жасады.

1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына Түркістаннан 18547 кісі аттанып, содан елге аман есен 15960 адам оралды. 2587 адам соғыс майданында опат болды. Ұлы Отан соғысында ерекше ерлігі үшін Расул Есетов, Абдулла Үсенов, Құрманай Рысбеков, Файзулла Юлдашев аталарымыз Кеңес Одағының батыры атағымен марапатталды.

Аман есен елге оралғандар өмірге белсене  араласып, түрлі салада елдің экономикасын көтеруге ерекше үлес қосты. Елге оралған 15960 жауынгердің бүгінгі таңда 3-і ғана ортамызда жүр. Алды 100 жаста болса, ең жасы 95-те. Қазіргі таңда қалада 14226 зейнеткер болса, оның 3652-і теңестірілген тыл 517 еңбек ардагерлері.

Шымкент қаласында Ұлы Отан соғысы жеңісінің 65 жылдық мерекесі қарсаңында Шымкент қаласындағы Абай саябағының төріне біздің облыстан аттанған барлық жауынгерлердің аты-жөні мрамор тасқа қашалып жазылған және облыстан шыққан Кеңес Одағының батырларының суреттері қашалған бейнелері өрнектелді. Дәл осындай іс-шара қаламызда Жеңіс саябағында орындалды. Бұл марқұм болған боздақтарға жасалған құрмет болса кейінгі ұрпақ үшін үлкен мәні бар тәрбиелік іс. Ұлы Жеңіске үлес қосқан әрбір майдангерлердің «Ерлік шежіресі» ұрпаққа ұлағат бола бермек.

Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан  Әбішұлы  Назарбаев: Қарияларымыз – Халқымыздың қиядағыны шалатын қырағы жанары қоғамымыздың қадірлі қазынасы деп Ақсақалдық – абзал да, абыройлы қасиет»,-деген болатын. Кешегі Кеңестік кезеңде осы ұлттық қасиетімізге біршама көлеңке түсті. Еліктеу мен солықтаудың салқыны қариялық қасиетке де өзінің көлеңкесін түсірді. «Ауылыңда төбе болса – ерттеулі тұрған атпен тең, ауылыңда ұлағатты қария болса жазулы тұрған хатпен тең» деген сөздің салмағы жеңілдеп, ұлағатты ұғымы солғын тартқан еді. Алайда, біз ақсақалдықты ар мен намыстың туы етіп ұстаған елміз. Қарияның сөзі халықтың сөзі деп үйренгенбіз осы ұлы дәстүрді жаңаша жаңғырту заман болмысына қарай тәрбиелік тағылымдық үрдіске айналдыру біздің алдымыздағы абзал мақсаттардың бірі болып қала бермек.

Қала әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлының басшылығымен, кәсіпкерлердің қолдауымен жыл сайын Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне қолдан келгенше қызмет көрсетіліп келеді. Өткен жылы біздің Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесі кереметтей жоғары дәрежеде өтті. Біздің ардагерлерімізде әкімшілік тарапынан марапаттауға ие болды. Жылда Ұлы Отан соғысы Жеңіс күні 9-мамырда, Халықаралық қарттар күні қарсаңында барлық Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен оған теңестірілген де сол сияқты қаламызға еңбегі сіңген жас ардагерлерде әкімдік тарапынан материалдық қолдау алып келеді. Яғни ардагерлерге лайықты сый құрмет көрсетіледі. Ардагерлерді емдеу-сауықтыру орындарына жіберу мықтап қолға алынған. Олар Сарыағаш, Манкент шипажайына барып, Шымкент, Мейір ардагерлер үйінде демалып денсаулықтарын шыңдайды. Барлығы 570 адам.

2017  жылы Түркістан қаласы бойынша жеке санаттағы азаматтарға курорттық сауықтыруға: зейнеткерлерге 589, мүгедектерге 383 жолдама бөлінген. Қалада 35 монша болса соған тегін шомылатын кісілер 150-дей. Бассейнге шомылуға жазды күндері 15 кісідей барып жүр.

Сейтметов атындағы драма театрдың алдыңғы қатарында көремін деп барған ардагерлерге барлық кезде орын беріледі. Түркістан газеті ҰОС ардагерлерімен Тыл ардагерлері туралы жыл бойы газет бетінде мақалалар жариялап отырады. Ардагерлер арасында шахмат, шашкадан, бильярдтан жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар облыстық байқауға қатысады. Осылардың барлығына ел ағаларынан қолдауды қажет етеді. Түркістан қаласының ардагерлер кеңесінде Республикалық ардагерлер ұйымының ережесіне сай 4 комиссия жұмыс істейді. Ардагерлердің әлеуметтік – тұрмыстық жағдайы және денсаулығы жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы  Шора Исмолдаев, орынбасары Амангелді Аманбаев.

Қала бойынша 6 секторда бастауыш ұйымы құрылса, бұдан басқа Көпсалалы медициналық колледжі жанынан бастауыш ұйымы құрылған. Қалалық білім бөлімі жанынан т.б. барлығы 28 бастауыш ұйымы бар. Келешекте медициналық колледж, педколледж тағы басқа үлкен мекемелер жанынан бастауыш ұйымы құрылу керек. Мысалы Қалалық орталық аурухана Ұлы Отан соғысы және Еңбек ардагерлеріне аса қажет нәрсе ол медициналық көмек. Қай ардагерден сұрасаңыз да айтатыны сол денсаулық туралы. Сондықтан әрбір аудандық, қалалық ауруханада «Ардагерлер палатасы» әрбір мектепте «Ардагерлер бөлмесі» жасақталып онда ардагерлер кеңесінің бастауыш ұйымдары жұмыс жасаса деген ойымыз бар. Ол үшін қалалық білім бөлімімен қалалық ардагерлер кеңесі арасында меморандум жасалып жұмыс істесек нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені әр мектепте сол ауылдың ардагер ақсақалдары мектеппен араласып отырса анау — мынау арыз мәселесі де азаюы мүмкін. Қазақ халқы әркез ақылмен қарттарын құрметтеп, ақыл кеңестерін тыңдап, үлкенді ерекше қадірлей білген.

«Тон жағасыз болмас, ел ағасыз болмас» демекші ауыл аймаққа сыйлы, қадірлі ақсақалдар қай кезде де көп болған. Кез келген ауылдың, кез келген аймақтың ақыл айтар, жөн сілтер өз ақсақалы, бетке ұстар ер азаматы болғандығын жасырын емес. Көпшілік олардың айтқанына құлақ асқан, анау – мынау келіспеушілікті, дау – дамайды әділ шешу үшін оларға жүгінген. Бұл кісілерді ауылдың үлені мен кішісі төбелеріне көтеріп сыйлайды. Келіндер жағы иіліп сәлем етсе, жігіттер қос қолдап үлкен ізетпен амандасады. Олардың сондағы қозғайтындары ағайын – туыстың, елдің ауызбіршілігі ағайынның ынтымағы. Дәл осындай біздің қаламызда да ел арасында абыройлы елдің ынтымақ бірлігі үшін бар ақыл кеңесін беріп жүрген азаматтар жетерлік.

Ардагерлер ұйымы жанынан әжелер алқасы 2013 жылдың 21 мамыр күні құрылған. Әжелер алқасының төрайымы Айғаным Серім қарамағында 17 бастауыш ұйымы бар қыз – келіншектер. Бұл кісілердің жасайтын істері орасан зор. Жалпы жастармен жұмыста әзірге көптеген кемшіліктер бар екенін мойындауымыз керек. Әйтсе де жастар тәрбиесіне біздер ардагерлер бар ынтамызбен мүмкіндігімізше белсене араласуымыз керек. Халыққа ұлттық дәстүрімізді, салт – санамызды ұлықтап, жастар тәрбиесіне ерекше мән беруіміз керек. «Отан отбасынан басталады» дейді халық даналығы. Отбасын отбасы етіп, әулетті әулет етіп, елді ел қылып отырған аналарымыз, кешегі келіндер бүгінгі әжелер. Қазіргі кезде халқымыздың бар жақсы қасиеттерін, тілін, дінін, әдет- ғұрпын, салт – санасын, дәстүрін дарытушы, дамытушы, насихаттаушы да әйел, ана, келін.

Жақында болып өткен қала көлеміндегі халықаралық Наурызға 62 кимешек тігіп, өз атынан Гагауыз елінен келген қонаққа және облысымызға белгілі ақын Ханбибі Есенқайырқызына ұлттық бас киімімізді сыйға тартқан Ырыс Ташметова әжеге зор рахмет. Алда да үлкен тәрбиелік мәні зор істерге атсалыса береді деп сенеміз.

Ардагерлер – біздің алтын қорымыз, мақтанышымыз. Олар еліміздің ертеңі үшін қан төкті. Туған өлкеміздің игілігіне адал еңбек етті. Сондықтан біз олардың  еңбектерін әрқашан да ұмытпай жоғары бағалап, ардагерлерге ілтипат, құрметпен қатар тұрмыстық – әлеуметтік қамқорлық көрсетуіміз керек.

Қала тұрғындарын Ардагерлер ұйымының құрылғанына 35 жыл толу мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Жарқынбек ҚҰЛБАЙЫМБЕТОВ,

Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.