ҚОС ТІЛДІ ҚАЛАМГЕР

387

Түркістан өңірінде Мухаббат Аматаеваны танымайтындар сирек. Себебі, қай жерде қоғамдық, көпшілік, мәдени іс-шаралар бола қалса, соның басы-қасынан орден медалдерін тағынған, қай тақырып болса да, қазақ өзбек тілдерінде суырылып сөйлеп беретін, арынды ақын, сөзге шешен, үлкен-кішіге ізетті. Барлығын да айналып-толғанып жүретін Мухаббат апамыз біздің «Түркістан», «Туркистон», «Жанубий Қозоқистон» газеттерін бөле жармай, қаладағы келеңсіз әрекеттер бойынша шындықты айтып шырылдап, жүректен шыққан ән-жырларын жариялап жатады.

1955 жылы 29 қыркүйек күні Сауран ауданына қарасты Шаға ауылдық округінің Қазақстан ХХХ жылдығы ауылында туылған Мухаббат апай көп салада үздік. Ең әуелі тамаша ақын, қарымды журналист. Ақындық қарымымен елімізге, қала берді көрші Өзбекстанға да танымал екенін айта кеткен жөн. Елу жылға жуық уақыт бойы облыстан шығатын «Жанубий Қозоқистон» газетінің штаттан тыс тілшісі болып жақсы дүниелер жазды.

Төккен тері мен еткен еңбегі бағаланып «Әлем Халықтары Жазушылар Одағына» мүше болып отыр. Одан өзге «Халық емшісі» деген атағы тағы бар. Оның қаламынан туған бірнеше шығармаларының өзіндік ұстанымы мен идеясы мығым. Бірнеше кітаптың авторы атанған шығарма иесінің сөз саптауы мен толғанысы ерекше сипатта. Мемлекеттік наградаларының өзін жіпке тізсек, ұзын-сонар кезекті алғанмен пара-пар. Оның әсерлі өлеңдері өзінің «Жүрегім өртер махаббат» тақырыбында шыққан еңбегінде жарияланса, өзбек тілінде шыққан «Сағынып келдім» атты кітабы да өз алдына бір төбе. Өзге де ақындар шығармашылығындағы 7 кітапқа автордың өлеңдері топталған. Міне бұл үлкен жүректен туған, терең шабытпен ұштастырылған телегей дүние деуге болады. Бұл жол да көптің бәріне бұйыра бермейтін бақ.

Енді бір ерекше айта кететін қыры адамгершілік тағылымы. Өйткені адам баласының ізгі адамгершілік қасиетін, адамдық мейірін, алғаусыз махаббатын, жаны жалғас жақындығын басқа емес, шымырланған, шыңдалған, сынақтан өткен достықтың, әріптестіктің күш-құдіреті арқылы сипаттап көрсетуге болады.

Осы тұрғыда ұзақ жылдан біз білетін Мухаббат әпкеміз ерекше жаралған, қашанда жүзінен күлкі үйіріліп, жүрегінен мейірім төгіліп тұратын ізгі жан. Бір істі істесе де өте жауапты, қажырлы, шыдамды болып келеді. Көмек қолын созып, білгені болса үйретіп, қашанда жылылық танытады. Содан да маңына тұтас Түркістанға достықты ардақтайтын, ізгі ниетті қадірлей білетін, адалдықты жол тұтатын қарапайым әрі жақсы жан ретінде белгілі болды. Халық жүрегіне терең жол тартты.

Өмірдің мәні жүректен жүрекке өтетін адамдық жолы екен. Осылай да осылай өз өмірінің көрікті де көңілді алпыс сегіз көктемін, жазиралы алпыс сегіз жазын, қоңыр салқын алпыс сегіз күзін, қаһарлы алпыс сегіз қысын мәнді де мәнерлі өткізіп, күрделі керуен көшін түзу жолмен сүйреп келген Мухаббат әпкеміздің өміржолы өнегеге толы.

Замана көшінде мынадай қасаң қағида бар. Ерінбей еткен еңбек түбі мол жеміс береді. Кәдімгі қоғамға, тұтас ғаламға белгілі ақыл-парасат биігінде немесе даңқты өмір сүрген дара талант иелері өздерінің еселенген еңбек жемістерімен басқалардың көзіне биіктен көрнекіленіп көрінеді. Әрине, тартымды талғам, жасампаздық өнер жарысында өзіндік жарамдылығымен топ жарып, даралығымен көкірек керіп алға шыққан нағыз жүйріктер. Осындай алымдылар санатында түркістандық ақын Мухаббат Аматаева да бар деп кесіп айтуға болады.

Неде болса ақынның қажырлы қайратына бек сүйсінеміз. Ол кісінің жүріп өткен кешулер керуені бізді бейжай қалдырмайды. Сөйтеміз де өнегелі ғұмыры жалғаса берсін, өзі жүрген сүрлеулердің, қилы соқпақтардың күрмеуін шешер жолға жетіп, еңбектерінің жемісін көруін тілейміз.

Бүгінгі таңда ұлы Зуфарилладан өрбіген 3 немересінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп отырған Мухаббат Аматаеваның деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.

 

Ләззат САРЫБАЕВА.