ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗҒА, ЫСТЫҚ ЫҚЫЛАСПЕН!

549

Түркістан қаласындағы «Бауыржан Момышұлы атындағы №22 жалпы орта мектеп»коммуналдық мемлекеттік мекемесі Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжауһар Ерденова Жетпісбайқызы.

Гүлжауһар апай 1971 жылдың 25 қаңтарында Түркістан қаласында дүниеге келген. №1 Абай атындағы орта мектепті бітіріп, 1992-1996 жылдар аралығында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік педагогикалық институтында оқып, қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі мамандығының үздік дипломын алған. Еңбек жолын 1996 жылдың тамыз айында Түркістан қаласы №13 Ә.Науаи атындағы орта мектебінде мамандығы бойынша қызметі атқарып, 2001 жылы Ақтау қаласында университет жанынан ашылған колледждің әдіскері, 2007 жылдың тамыз айынан бастап, Ясауи колледжінде гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, 2012 жылы №22 жалпы орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап осы аталған мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді.

«Ұстаз – мектеп жүрегі» деген салиқалы сөз бекерге айтылмаған. Әр бала ең алғаш мектеп табалдырығын аттаған күннен өзінің алғашқы мұғалімі кім екенін, қандай екенін бала көзімен бағалап, ең жақын адамындай жақсы көріп суреттеп айтып келеді. Осының өзі мұғалім үшін бір ғанибет көрініс. Мұғалім өз алдына келген әр үйдің бір-бір еркесін басынан сипап, өз аузынан шыққан сөздің олар үшін үлкен заңдылық екеніне, оны орындау керектігіне өз шеберлігімен иландыра біледі. Өз шеберлігі мен білімін ұштастырып жүрген Гүлжауһар Ерденовада ұстаздық ынтымақтасқан ортада бірлескен жұмыс істейтін іскер басшы әрі инновациялық басқаруды меңгерген білікті маман. Жұмыс барысында бойынан қайсарлық пен сезімталдық, өжеттілік пен кеңпейілділік байқалады. Ұжымда, оқушылар арасында өзінің парасаттылығымен, білімділігімен беделге ие ұстаз. Ұлағатты ұстаздық жолында әрбір шәкірттерінің жүрегіне жол табуға әріптестерін жетелей білетін көшбасшы.

Білікті маман Гүлжауһар Жетпісбайқызы жеткен жетістіктері мемлекет тарапынан бағаланып, көптеген марапаттауларға ие болған ұстаз. Озық тәжірибесінің арқасында облыстық «Білім үздігі»-2017 , «Білім шыңы»-2020, «Ең үздік мұғалім — 2021» төс белгісімен, республикалық «Өрлеу» мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтының құрмет грамоталарымен марапатталған. Сонымен қатар, облыстық «Үздік мұғалімдер» кітабына енген. «Daryn.online» білім беру платформасы мен «Qaztest.kz» олимпиада сайты бірлесіп өткізген І Республикалық «Кемеңгер ұстаз» олимпиадасының І дәрежелі дипломын алып, өзінің білімді оқушыларымен бірлесе бірнеше халықаралық, облыстық жарыстардың иегерлері атанған. Ұстазымыз сондай-ақ, Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің алғыс хатымен, Түркістан қаласы әкімдігінің білім бөлімінің мақтау қағаздарымен, қала әкімінің мадақтамаларымен, Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталған. Ұстазымыз білім жолымен қатар, қолына қаламда алып облыстық, республикалық мамандырылған журналдар бетіне материалдарын жариялаған.