ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ ҚАЛАЛАРЫ ТҮРКИЯ ТӨРІНДЕ БАС ҚОСТЫ

312

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның қатысуымен 10 маусым күні 2000 жылдан астам уақыт бойы үш империяның астанасы болған Ыстанбул қаласында Бейоглу ауданының Устье конференц-орталығында Түркі әлемі муниципалитеттері одағының кезекті пленарлық отырысы болып өтті. Түрік әлемі муниципалитеттер одағының негізгі мақсаттары тарихи-мәдени мұраны сақтау, ынтымақтастықты, әсіресе экономикалық, техникалық, әлеуметтік және мәдени салаларды дамыту, қалалық басқару мен қалалық мәдениеттің жаңа үлгілерін зерттеу және әзірлеу мақсатында атқарылған жұмыстарды жүргізу және қолдау бағытында жұмыс жасайды.

Әнұраннан бастау алған бағдарлама TDBB фильмін көрсетумен жалғасын тапты. Бағдарламаның негізгі алғы сөзін Угур Ибрагим Алтай сөйледі. Бағдарламаға Түркия Ұлы Ұлттық жиналысының төрағасы Мұстафа Сентоп, АҚ партиясы төрағасының орынбасары және түрік мемлекеттері Ұйымының ақсақалдар делегациясының төрағасы Бинали Йылдырым, Ыстамбұл губернаторы Әли Ерликая қатысты. Түркі халықтарының басын қосқан бұл жиынға Түркістан қаласынан да арнайы делегация құрылып, аталмыш Түркі әлемі муниципалитеттерінің одағының (TDBB) кезекті пленарлық отырысына қатысты.

Делегация құрамында төрағасы ретінде өзім бастап барып, құрамымда қалалық мәслихат депутаты Сүлеймен Арыстанов, қала әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев болды. Түркі әлемі муниципалитеттерінің одағының (TDBB) кезекті пленарлық отырысында 5 мемлекеттің өкілдерінен құралған қабылдау комиссиясы құрамында Қазақстан Республикасы атынан менің де жұмыс жасауыма мүмкіндік ұсынылды. Бұл мен үшін өз кезегінде үлкен тәжірибе алаңы және толқулы сәт болғандығын жасыра алмаймын. Ең бастысы конференция жұмысына Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанның қатысуы және кең көлемде баяндама жасауы, айтулы шараның дәрежесінің өте жоғарғы деңгейде болғандығын дәлелдеді. Мен үшін ұмытылмас сәттің бірі Президент Ердоған мырзамен жүзбе-жүз кездесіп, сәлем берісіп, қол алысқаным ерекше күтпеген оқиға болды.

Сонымен қатар, әріптестерім Сүлеймен Тұрсымбайұлы мен Ерлан Бақытжанұлы конференция барысында түркі дүниесі қалаларынан келген делегациялармен жақын жүздесіп, болашақта байланыс орнатып, тәжірибе алмасу бағытында сұхбат өрбітіп, кездесулер өткізді. 11 маусым Бурса қаласында жергілікті өзін-өзі басқару органдарының конференциясының ашылуы болып, TDBB президенті Угур Ибрахим Алтай мен Бурса қалалық әкімшілігінің мэрі Алинур Акташ сөз алып, жиынды ашып берді. TDBB арасындағы ынтымақтастық туралы хаттаманың кездесуі және қол қою рәсімі «Юксалиш» жалпыұлттық қозғалысы конференция залында жүзеге асырылды. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының конференциясының I-сессиясында «Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде түркі республикаларында жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуы» тақырыбында баяндама оқылды. Модератор Мехмет Ясин Озлу (Башискеле (Кожаели) мэрі) болса, спикерлер Темраз Тагиев (Әзербайжан мэрі Нериманов), Бахадыр Нарымбетов (Қазақстан, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы), Мирбек Кожоев (Қырғыз Республикасы Президентінің Әкімшілігі), Бобур Бекмуродов (Юксалиш ұлттық қозғалысының төрағасы, Өзбекстан) баяндама жасады. Жиынның II-сессиясында «Балқан елдерінде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту» тақырыбында Омер Фарук Челик (Шехзаделер (Маниса) мэрі модератор болды. Спикерлер Кенан Довутович (Босния және Герцеговина мэрі Травник), Билалл Касами (Солтүстік Македония Калкандер қаласының мэрі), Абдулади Краснич (Косово мэрі Мамуша), Харис Рамовия (Тузи Черногория мэрі), Олег Гаризан (Гагаузия Копчак АТУ мэрі (Молдова) өз баяндамаларын оқыды. III-сессияда «Африка, Солтүстік Корея және Таяу Шығыс елдерінде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту» тақырыбында баяндамалар тыңдалды. Модератор UCLG-MEWA Бас хатшысы Мехмет Думан болды. Спикерлер СКТР Татлису мэрі Шашты Оржан, Палестинаның Газа мэрі Яхья Сарадж, Ливанның Денбоу мэрі Мохаммед Садие, Могадишо Сомалиінің Бас хатшысы Мохамед Хасан. IV-сессияда «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудағы кәсіподақтардың рөлі» тақырыбы аясында модератор Тавшанлы (Кутахия) мэрі Мұстафа Гүлер болды. Спикерлер SWG бас директоры Александра Игнатьева, Албан муниципалитеттерінің бас директоры Агрон Хахимали, муниципалитеттер одағының бас хатшысы Моңғолия елінен Янжинлк Пувердорж өз баяндамаларын жасады.

Түркі халықтарының Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының конференциясында спикерлер тарапынан баяндамалар оқылып, қорытынды концерт Меринос конгресс орталығында өтті. Концерт соңы Бурса қаласындағы Зиндан қақпасы, Мурадие кешені, Улу-Джами мешіттері сынды тарихи-мәдени ғимараттарын бақылаумен аяқталды. Бурса қаласы негізінде — Түркияның солтүстік-батыс бөлігінде, Мармара теңізінің жағалауында, Улудаг тауының етегінде орналасқан үлкен қала. Бурса өзінің мешіттерімен, Османлы империясының ерте дәуіріндегі ескерткіштерімен, көптеген саябақтарымен және тау етегіндегі әсем ормандарымен әйгілі. ХІV- ғасырдағы Улу-Джами мешіті (Ұлы мешіт) селжұқ стиліндегі 20 күмбезді мешітіне арнайы барып, сәулет өнерінің таңғажайып туындысын тамашалап қайттық.

Үш күндік іс-сапарымыздың нәтижесінде алдағы уақытта Түркия республикасының бірқатар қалаларымен бауырластық байланысымызды нығайта түсеміз. Осы бағытта келісім-шарттар мен мемарандумдар аясында іс-жүргізу жоспарлануда. Мемлекеттік басқару жүйесіндегі қалалардың инфроқұрылымдық, коммуналдық және көгалдандыру мен абаттандыру, халықтың әлеуметтік осал тұстарын қолдау бағытында тәжірибе алмасуды көздеп отырмыз. Осы бағытта түркі әлемі муниципалитеттерінің одағы ұйымының атқарылып жатқан істері біздің жұмыстарымызға тың серпін беріп, жаңа бағытта тиімді және ұтымды жұмыс жасауымызға мүмкіндіктерді кеңінен ашып отыр. Осындай тәжірибе алмасудың арқасында өткен жылы да біз дәл осы конференцияға қатысу арқылы мол тәжірибелер алмасқан болатынбыз. Нәтижесінде Түркістан қаласынан қалалық мәслихат депутаттары тарапынан ұсынылған ұсыныс негізінде Түркістан қаласы әкімдігінің №2224 Қаулысымен мүмкіндігі шектеулі және зейнет жасындағы азаматтарға әлеуметтік сүйемелдеу қызметтерді көрсететін орталықты аштық. Қазіргі таңда бұл орталық өз қызметін атқарып жатыр. Тағы айта кететін жәйт, сапарымыздың жақсы жаңалығы Түркі әлемі муниципалитеттерінің одағының Директорлар кеңесінің мүшелігіне ҚР атынан Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы Тұрашбеков 3 жыл мерзімге сайланғанын жеткізгім келеді.