ТҮРКІСТАНДА ТҮРКІ УНИВЕРСИТЕТТЕРІ ОДАҒЫНЫҢ VІ БАС АССАМБЛЕЯСЫ ӨТТІ
Киелі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркі мемлекеттері ұйымы Түркі университеттері одағының VІ Бас Ассамблеясы өтті.
Университеттің 30 жылдық мерейтойы аясында өткен жиынға Бас Ассамблеяға мүше мемлекеттер мен байқаушы мемлекеттерден, атап айтқанда Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Венгриядан 49 университет ректорлары, проректорлар, жоғары лауазымды тұлғалар мен өкілдері қатысты.
Жиын Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Өмер Қожаманның, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиевтің, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті Кеңесінің төрағасы Мухиттин Шимшектің, университет ректоры Жанар Темірбекованың және ректор өкілі Женгиз Томардың құттықтау сөзімен басталды.
Түркия Республикасы Ұлы Ұлт Мәжілісі төрағасы Мустафа Шентоп та арнайы Қазақстан мен Түркия арасында берік байланыс орнағанын тілге тиек етіп, түркі дүниесінің білім мен ғылым саласындағы абырой-беделі асқақтай беруіне тілектес екенін айтты.
Жиында 2018-2022 жылдары екі кезең қатарынан төрағалық еткен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Сондай-ақ, «Орхон үдерісі» бағдарламасы, Студенттер кеңесінің жұмыстары, 2023-2024 кезеңінің жол картасы және тағы басқа мәселелер қаралды.
Университеттің проректоры, профессор Женгиз Томар «Бүгін талқыланған ең маңызды тақырып «Орхон» бағдарламасы болды. Сіздер де білесіздер, батыста «Эразмус» бағдарламасы бар, «Болон жүйесі» бар. Қазір бізде «Орхон» бағдарламасы бар, бірақ, ол қазірге дейін өте жақсы жұмыс істей алмады. Себебі, біріншіден қаржыландыру жоқ, екіншіден ереже жоқ. Бірақ, қазір ереже бар. Түрік Мемлекеттері Ұйымы бір ереже дайындады. Министрлер оны бекітті. Екінші мәселе – фонд құру. Өйткені, фондсыз бір нәрсенің жұмыс істеуі мүмкін емес. Сондықтан мүше мемлекеттердің министрліктері де, мүше университеттер де бұл мәселені шешіп, қаржы бөлу мәселесін шешті. Қол қойылды» деді.
Қырғыз–Түрік «Манас» университетінің ректоры Алпаслан Джейлан аталған алмасу бағдарламасының түрік әлемі үшін маңыздылығын атап өтті. «Бұл түрік әлемі үшін өте құнды жұмыс. Біздің Түрік Мемлекеттері Ұйымы күшейіп, өсіп келеді. Одан сайын толықтыру керек. Білім беру саласындағы ең маңызды фактор «Орхон» алмасу бағдарламасы болып табылады. «Орхон» алмасу бағдарламасын біз қолға алып отырмыз» деді ол.
Отырыс барысында Түркі университеттері одағына мүше елдерден жаңа университеттерді мүшелікке қабылдау және студенттік кеңестің қызметі де талқыланды. Нәтижесінде, Ассамблеяда Түркі университеттері одағына жаңадан Қазақстаннан – 7, Түркиядан – 7, Өзбекстаннан – 1 жоғары оқу орны мүшелікке қабылданды.
Ассамблея барысында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Түркі мемлекеттері кеңесі желілік университетін құру туралы ұсынысын айтты. «ШЫҰ және ТМД желілік университеттері үлгісінде, егер Түркі мемлекеттері кеңесі желілік университетін құратын болсақ, бұл түркі елдерінің азаматтарына толыққанды Түркі мемлекеттерінде оқуға мүмкіндігін ашатын болады. Осыған байланысты барлықтарыңызды осы идеяны қолдауға және оны Түркі университеттерінің одағы аясында жүзеге асыруға шақырамын» деді вице-министр Қуаныш Ерғалиев.