“АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ДЕҢГЕЙІН БИІКТЕТУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?…”

242

Азаматтық қоғамның бейнесін айқындауда қандай қарекеттер жасағанымыз мақұл. Бұл туралы мемлекет басшысы өз толғанысын ашық айтып жүр. Билік не істеу керек? Қоғам неге маңыз беруі тиіс? Бұл әрбір Қазақстан халқын ойлантады, толғантады. Танымал қаламгер Нұрмұхамед Байғараның Азаматтық қоғамның бет-белерін айшықтап, тереңнен жазған талдап-сараптау мақаласы көңілдің көкжиегін кеңейтеді.

Оқисыз да, көңілге тоқисыз…

Көптеген Батыс ғалымдарының, зерттеушілерінің (екеуі екі ұғым) еңбектерін қарасаңыз, мейлі ортағасырлық болсын, мейлі былтыр жазылсын, олар кез келген мемлекетте азаматтық қоғамның дамуын алғышарт ретінде қарастырады. Оны адам құқығы, демократиямен тікелей байланыстырады. Соңғылары ел экономикасы өсуінің негізгі талаптары ретінде жазылып жүр. Бұл шындыққа жанаса ма? Егер жанасса, біз сол азаматтық қоғамды дамыта алдық па?

 

 

 

Тарихи шегініс. Орта ғасырларда ғылыми жаңалықтардың көпшілігі Шығыс әлемінде ашылды, тіпті, Еуропаға ғылым үйреткен Шығыс ғалымдары деп мақтанатын қазақ аз емес. Алайда сол Шығыс Батыс әлемінен даму жағынан неге артты қалып қойды деген сауал маған маза бермейтін. Дұрысқа жақын жауапты Ланкастер университетіндегі лекторымыз бергендей болды. Оның пікірінше, ағылшын капиталистері Еуропада алғашқылардың бірі болып құл саудасына кіріскен. Африка халқын аулап, оларды АҚШ-қа, Гаитидегі қант плантацияларына құл ретінде сатып, үлкен пайдаға кенелген. Кейбір зерттеулер осы «кәсіпке» салынған капитал әдетте 500%, кейде 2000% пайда әкелген дейді. Түскен ақшаны ағылшын кәсіпкерлері өз еліндегі өндіріске – зауыт, фабрикаларға сала бастаған. Бұл ортағасырлық Англияда индустрияны алға жылжытады.  Алайда қолына қаржы құйылған капиталистер ақырындап өзінің саяси құқығы үшін де күресе бастады. Бұл арпалыс монархтың билігі шектеліп, бай-қуаттылардың мүддесі қорғалуына әкелді. Кейін қатардағы бұқара сол зауыт, фабриканың иелері алдындағы өз құқығын арашалап алды. Яғни, алдымен өндіріс дамыды, кейін саяси жүйе мен адам құқығы «өсті». Азаматтық қоғам осылай қалыптаса бастады. Мен 4-5 сөйлемге сыйдырған бұл процесс, шын мәнінде 2-3 ғасырға созылды.

 

Азаматтық қоғам деген не? Сол Ан­глиядағы саяси арпалыс арасынан шық­қан Томас Гоббс бұл қоғамды «барлық мү­шелері ең жоғары адами қа­сиеттерге ие болатын жеке тұлғалардың ұжымы» дей­ді. Мұндай қо­ғам аяқасты пайда болмайды, оның қа­лып­тасуы ұзақ. Жарқын мысалдар ретінде әдетте Батыс мемлекеттерін келтіреді. АҚШ-тың қазіргі хәліне жетуіне 240 жылдай қажет болды, Франция 5 республиканы басынан кешірді (жақында 6-шысы орнап қалуы мүмкін деп жатыр). Алайда азаматтар мұндай қоғамға неге ұмтылады?

 

Себебі бұл қауымдастықта әр адам­ның саяси мүддесі, иелігіндегі заты заңмен қорғалған, көлденең көк атты аяққа таптамайды. Сол заңды шығарушыны өзі сайлайды. Ал заң жазатындар үкіметті ба­қылайды. Оған қоса, бұл қауымда бай мен кедей арасы алшақ емес, әлеуметтік әділдік қадағаланады. Бі­рақ масылдыққа да жол жоқ, әр адам­ның мойында жауапкершілік мол. Еңбек етеді. Еңбегінен түскен табыстан салық төлейді, салығының қайда жұмсалғанын жіті қадағалайды. Яғни, теңдік пен әділдік мінсіз орнамаса да, соған жақындайды. Бұл, өз кезегінде мемлекет экономикасының дамуына жол ашады. Өйткені бизнес тұрақтылық, қауіпсіздік және сенім болған жерде дамиды. Сөз басында айтылған ғалымдардың азаматтық қоғамды насихаттайтын себебі осы.

 

Азаматтық қоғамның тіректері. Қоғам – үздіксіз жүретін процесс және ол белгілі бір тетіктерге не тіректерге негізделеді, себебі бұл – қажеттілік. Азаматтық қоғамның тірегі немесе институттары да бар. Әдетте ол – сая­си партиялар, кәсіподақтар, үкі­­меттік емес ұйымдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және бас­қа­лары. Бұлар ғасырлар бойы жүр­ген процестің нәтижесінде қа­жет­ті­ліктен пайда болған институттар. Енді солардың Қазақстандағы хә­лін тал­дап көрсек.

 

Саяси партиялар. Бүгінгі отан­дық саяси аренада «Нұр Отан» пар­тиясының доминант екендігіне шү­бә жоқ. Оны миллионнан асатын мү­шелері, соңғы сайлаудың нәтижесі (82%), үкіметті құрауы, елдегі барлық мәселеге араласуы дәлелдейді. Әлем­дік практикада мұндай партиялар бар. Мәселен, Жапонияның Либералды-демократиялық партиясы 1955 жылдан бері біраз үзілістермен билік басынан түспей келеді. Швецияның Социал-демократиялық Еңбек партиясы да 1930 жылдан бері үкімет тізгінін ұстаған. Бірақ бұл үш партияның идеологиясы, саясаты басқа. Қазақ­стандағы өзге партиялардың саяси-қоғам­дық процес­терде рөлі, позициясы көріне бермейді. Тек кей­де Мәжіліске өкілдері өткен ақжол­дық­тар мен коммунистер пікірін біл­­діріп жатады. Баз бір партиялар бұ­рындары қоғамға танылуға БАҚ арналары жетпейтіндігін айтып, назымен бөлісетін. Бірақ қазіргі әлеуметтік желілер мен сайттар дәстүрлі газет-журнал, кейде телеарналарды көр­сеткішімен озатын кезеңде ол партиялардың бұл коммуникация әдістерін кеңінен қолданбайтындығы таңдандырады. Оған қоса, саяси партиялар арасындағы доданың тө­мен деңгейде жүруі қоғамның саяси мәдениетіне де кері әсерін тигізді. Электорат әр партияның сайлауалды бағдарламасын бағалап дауыс бер­мейді, негізінен лидеріне назар ауда­рады.

 

Кәсіподақтар. О баста трейд юнион болып құрылған бұл ұйымдар ірі өндірістерде жұмысшылардың құқығы мен мүддесін қорғауды мақсат тұтқан еді. Алайда Кеңес Одағы кезін­дегі саясат кәсіподақтарды тәуелсіз мекемеден тек мереке уақытында жұ­мысшылардан ақша жинайтын құрылым деңгейіне түсіріп жіберді («Служебный роман» фильмінде жақсы көрсетілген). Қазақстандағы кәсіподақтар сол деңгейден әлі шыға алмай келеді. Еуропада кәсіподақ ұйымдастырған шахтерлер, металлургтер, ұшқыштар, дәрігерлер жалақыны көтеріп, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, митингке шықты деген жаңалықты жиі оқимыз. Ал Қазақстандағы кәсіподақтар шахтерлер мен металлургтердің құқығын жұмыс берушілердің алдында қорғай алмағандықтан бұл іске үнемі не облыс әкімі не үкімет араласуына тура келеді. Өзге салалардағы кәсіподақтар жайлы айту қиын. Халық санағына, көше тазалауға, түрлі жиналыстарға қатысуға міндеттелетін мұғалімдердің мүддесін де өз кәсіподақтары қорғауы тиіс. Алайда ол тәуелсіз ұйым емес, қатардағы өзге бір ұстаз болғандықтан мұғалім құқығы мектепте ең соңғы кезекте қаралатын мәселе қатарында.

 

Үкіметтік емес ұйымдар. Қазақ­станда 22 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым тіркелген. Бірақ мамандар олар­дың шынайы жұмыс істейтіні 2 мыңның көлемінде дейді. Бұл ұйымдардың жұмысы жобаларға тікелей байланысты, яғни тұрақты қаражат керек. Негізінен 3-4 ақша көзі бар. Бі­ріншісі, халықаралық ұйым­дар мен елшіліктердің гранттары (жылына шамамен 13,5 млн доллар). Екіншісі, үкіметтің гранттары мен әлеуметтік тапсырысы (грант көлемі 3 млрд теңгедей). Үшіншісі, ірі компаниялардың беретін көмегі. Төртіншісі, өз бизнесін ашқан ҮЕҰ-дар (әлеуметтік бизнес). Алайда олар­дың саны өте аз.

 

Жалпы үкіметтік емес ұйымдар қаражат берушінің тапсырысымен жұмыс істейді. Сәйкесінше, Сорос қорының, АҚШ елшілігінің гранттары адам құқығы, сөз бостандығы саласына бағытталған. Ал 2016 жылдан беріле бастаған үкіметтік гранттар негізінен әлеуметтік саланы қамтиды. Алайда осы гранттардың беретін қаражатына қатысты үлкен сұрақтар бар. Бұрынғы Қоғамдық даму министрлігі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы арқылы беретін гранттарда ақша көлемі әртүрлі. Мәселен, Қазақстанда түрмеден боса­ған азаматтардың 30-35 пайызы қоғамға бейімделе алмай, темір торға қайта оралады екен. Міне, сол азаматтармен жұмыс істеуге биыл 5,4 млн теңге бөлінген. Ал блогер, вайнерлерге арналған «Жастар керуені» жобасына 203 млн теңге, «Открывая Казахстан» әлем блогерлерінің форумына тағы 200 млн теңге бөлініп отыр. Осыдан-ақ, биыл бюджет үшін қандай мәселе маңызды екенін бағамдай беріңіз. Алайда қайсыбірінің қоғамға қаншалық пайдасы бар деген сұрақты да өзіңізге қоюды ұмытпаңыз.

 

Жалпы Батыс елдерінің практикасында үкіметтік емес ұйымдар үлкен саяси күшке ие. Кейбірінің 20-30 жыл­дық тарихы бар. Үкімет көптеген салада сол ҮЕҰ-дың кеңесінсіз маңызды құжаттарды қабылдамайды. Мысалы, Greenpeace, Oxfam, World Wildlife Fund, Transparency International, Doctors Without Borders және басқа­лары. Себебі олар өз секторының на­ғыз сарапшыларына айналған. Өкі­нішке қарай, аталған ұйымдардың Қазақстандағы рөлі ондай емес. Оларды маңызды заң жобаларын талқылауға құжат қабылдануына 2 күн қалғанда шақыратын әдет бар. Бұл жөнінде Азаматтық альянстың басшысы Асылбек Қожахметов айтып жүр. Болмаса, елдегі еңбек, табиғат инспекциясы, әлеуметтік қызмет, б­і­лім бағалау, мүгедектермен жұмыс және басқада салалардағы мемлекеттік  қыз­мет функциясын ақырындап «үшін­ші секторға», яғни үкіметтік емес ұйым­дарға аутсорсинг ретінде беруге болар еді. Мұндай тәжірибені елімізде «Десента» ұйымы ақырындап бастады.

 

Жергілікті өзін-өзі басқару. Бұл­ инс­титут азаматтық қоғамның ең­ ма­­ңызды саласының бірі. Себебі көп елдердің үлкен қателіктерінің қа­тарына шектен тыс орталықтандыру жүйесі жатады. Ал орталықтағы министрлер кабинеті қаншалық кәсіби болса да, өңірлердегі барлық саяси, әлеуметтік, мәдени, ауылшаруашылық мәселелерді толық шеше алмайды. Оны сол ауыл, ­аудан халқының өзі ғана шешу мүмкіндігі бар. Осыны жіті түсінген біршама қоғам қайраткерлері 2000 жылдар басында Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту үшін комиссиялар өткізіп, облыстарды аралап, зерттеу жүргізді. Алайда саяси шешімдер қабылданбай, жүйе әкім мен мәслихат деңгейінен ары аспай қалды. Сырттай демократиялық заңдылықтарға сай. Алайда әкім тағайындалады. Мәслихат депутаттары сол әкімнің оң батасын алмай, сайланбайды. Бұл кейбір әкімдердің жемқорлықпен айналысуына, өзіне қажет бюджетті мәслихатта бекітіп алуға жағдай жасады. Ең бастысы  – жергілікті мәселелердің шешілу деңгейі күрделенді. Ал ең қиыны – қазір аймақтарда көпшілік азаматтар өз ауданы бойынша сайланған мәслихат депутатын танымайды, кері бай­ланыс жоқ. Көбіне әкімге де сенім аз. Осы сенімсіздік пен жергілікті проблемалардан туатын ашу кейде автоматты түрде орталықтағы органдарға ұласып кетеді.

 

Азаматтық қоғам қалай дамиды? Азаматтық қоғам деңгейін өл­­шейтін CIVICUS рейтингі, жем­қор­­лық дәрежесін бақылайтын Transparency International ұйымының рей­тин­гі, сөз еркіндігін бағамдайтын Ше­карасыз репортерлер сияқты халықаралық ұйымдардың азаматтық қоғамды ілгерілетуге қатысты бере­тін кеңестері аса күрделі емес. Бар­лық салада ашықтық, еркіндік, мөл­дірлік принципін сақтау. Мәселен, жем­қорлық.  Президент «Нұр Отан» партиясының съезінде былтыр елімізде өткен мемлекеттік сатып алулардың 75% бір ғана қайнар көзден (компания­дан) келгенін мәлімдеді. Яғни, үлкен қаражаттың тағдырын мемлекеттік органдағы немесе ұлттық компаниядағы санаулы адам ғана шеше берсе, бұл көрсеткіш өзгермейді. Мұндай маңызды шешімдерге қоғамдық ұйым өкілдері, журналистер, белсенді азаматтар, сая­си партиялар араласпай, жемқорлық секілді түйіткілдер азаймайды.

 

Қазақстан ғана емес, көптеген дамушы, экономикасы шикізатқа тәуелді елдерге тән осындай процестерді сәтті еңсерген мемлекеттер де жоқ емес. Соңғы 30-40 жылдықта оған Балтық елдерін, кейбір Оңтүстік-шығыс Азия елдерін жатқызуға болады. Олар негізінен азаматтық қоғамды, яғни оның институттарын дамытты. Саяси партияларды, БАҚ, кәсіподақтарды, үкіметтік емес ұйымдарды, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын жаңа деңгейге шығарды, ашық бәсекеге түсірді. Өз кезегінде, бұл шешім нарық экономикасымен, бизнеспен сәтті қабыса кеткен.

Түйін: Қазақ мемлекетін биік мақсаттарға жетелейтін Азаматтық қоғам екені даусыз! Ендеше, азаматтық қоғамның қайнар көзі-халық игілікті істерге мұрындық болып, тың идеяларды тірілте бергей! Тың идеялар рухани бай мұраға негізделсе, және ол рухани Астана мәртебесіне ие Түркістаннан тамыр жая бастаса қанеки. Ер түріктің бесігі болған Түркістан жасап, жайнай бергей. Қазақстанның жаңаруы-Түркістанның жаңарып, жаңғыруымен біртұтас өсіп-өркендеуде. Түркістан тың идеяларға серпін берер деп сенеміз.

“ARA-ақпарат”