«АМАНАТ» — АДАМГЕРШІЛІКТІҢ ШЫҢЫ

467

Қазақтың тілінде «аманат» деген ұғым бар. Ата- бабаларымыз өздерінің мал-мүлкін және өмір-гұмырын аманат деп біліп: «Алланың аманатқа берген жанын, кезегі келгенде тапсырамын» деп жырлаған. Сол сияқты мұсылман әлемінің сардары сақабасы Әбубәкір Сыдық: «Аманат -адамгершіліктің шыңы», — деген екен.

Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде көпшілігіміз аманаттың қадірін білмей әрі түсінбей жүргеніміз ғой, болмаса бұрынғылар аманаттың алдында арын да, намысын да, ұлтын да, салтын да сатпаған. Шындығында, осы күні біздер ақиық ақынымыз Қадыр Мырза Әлі ағамыз айтқандай:

«Даланың шыдам — төзімін

Дарытқан бойға алыппыз

Асылын әттең өзінің

Әлі ұқпай жүрген халықпыз…».

«Аманат» дегеніміз бір адамның екінші адамға сеніп тапсырған мүлік-заты ғана емес, ол қоғамдық қатынастар барысында да өте терең маңызға ие тарихи-әлеуметтік оқиға. Сонымен қатар, бұл ұғымның саяси сипаты да бар.

Еліміздің билігіндегі – «Nur Otan» партиясының кезектен тыс 22-ші съезінде сөз сөйлеген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси партияның жұмысын жандандыруға бағытталған — халықпен қарым-қатынастағы кері байланыстың тиімділігін арттыру, жергілікті партия өкілдіктерінің беделін көтеру, партия жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету, партиялық бақылауды күшейту, партияның берген уәделерін нақты іске асыру, қоғамның әр саласымен байланыс орната білу, партияның жастар қанатын қайта жаңғырту сияқты басымдықтарға және өз тарапынан партия атауын «Аманат» деп өзгерту туралы ұсынысқа қолдау білдіре келе, біздің «Жаңа Қазақстанды» құруға кіріскенімізді, бұл өте ауқымды міндет екендігін, ал партия барлық реформаға ұйытқы болуы тиісті екендігін, ол үшін өзгерістерді алдымен партияның өзінен бастау керектігін, сондықтан бүгінгі күн тәртібіндегі өзекті мәселе — партияны жаңғырту болып отырғандығын, өйткені заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда, партияның өзгеруі де заңдылық деп атап көрсетті.

Партияның атауын «Аманат» деп өзгерту дұрыс, өйткені аманат — еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым және егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз — бізге бабаларымыздан жеткен аманат екендігін, осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керектігін нақтылай отырып, Президент өз сөздерін қорытындылай келе, былай деді:

«Мемлекеттілік дәстүр жалғасы, ұрпақтар сабақтастығы — дегеніміз, міне осы. Ата-бабаларымыз аманаттың астарында сарқылмас сауап пен тарқамас жақсылық жатқанын жақсы білген. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған, сондықтан осы қағиданы өз өмірлеріне темір қазық етіп ұстанған. Партия да бұл қағидатты берік ұстануы тиіс».