ТҮРКІСТАНДА АҚЫННЫҢ КЕШІ ӨТТІ
Шаһардағы облыстық «Farab» кітапханасында Түркістан өңірінің тумасы, ақын Серік Сейітманның «Зиярат» атты шығармашылық кеші өтті. Аталмыш кешке ҚР еңбек сіңірген қайраткері, сатирик Көпен Әмірбек, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Сайлаубай Тойлыбаев, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, «Аманат» партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсенбай Тәжібаевпен қатар облысымыздың зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Шығармашылық кеште сатирик Көпен Әмірбек ақынның шығармашылығы жайында толғамды пікірлерін білдіріп, құттықтау сөз сөйледі.
«Ақын Серік Сейітманның шығармашылығы әр қырлы, сан саланы қамтитын рухты өлеңдер. Шығармашылық кеш иесінің бойында ақынға тән адалдық пен аңғалдық, терең білім мен жан-жақты ізденіс бар», — деді К.Әмірбек.
Сондай-ақ, кеш барысында ақынның шығармашылығы жайында арнайы түсірілген бейнеролик көрсетіліп, ақын табиғатының әр қырын аша түсті. Жыр кешінде еліміздің танымал әншілері ақынның сөзіне жазылған әндерді әуелетті. Шығармашылық кештен ақынның сазгерлік өнері де танылып, дәстүрлі әнші Досхан Одаман, Серік Сейітманның сөзі мен әнін өзі жазған рухты әнін орындады.
Ән мен өлең қатар өрілген шығармашылық кеште, кеш иесі сахна төрінде өзінің көптеген отты өлеңдерін оқып, көрермен қиялын поэзия әлеміне жетеледі. Жырға құмар көрермен ақынның отты жырларынан өзгеше рух алып тарқасты.