ТҮРКІСТАНДА ТҰРҒЫН ҮЙ ЖАЛДАУ АҚЫСЫ

190

Жылдар бойы ушығып, маңызды мәселе ретінде қаралып келе жатқан баспана жырының шешілу жолдары мейілінше ұсынылды. Десе де атаулы жобалар мәселені түбегейлі шешіп бере алған жоқ. Уақыт өткен сайын күрделі һәм шешуі жоқ түйіншекке айналып келеді. Қаңтар оқиғасынан кейін баспана тақырыбы жандана бастады. Нақтылап айтқанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында үй кезегінде тұрған азаматтарға баспана берудің жаңа платформасын іске қосуды тапсырды. Анықтап айтсақ, 1 мамырға дейін іске қосуды тапсырма етіп жүктеді.

Атаулы бастама – елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бастама екенін нақтылап айтты. Сонымен қатар « «Отбасы банк» пен Цифрландыру министрлігі бірігіп, жаңа платформа құрып, пәтер жалдап отырған мұқтаж азаматтардың тізімін сонда орналастыру, өтініштері қабылдауы тиіс. Мұқтаж азаматтардың пәтерақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан беріледі. Азаматтарға бұл біршама көмек болары анық. Әрі азаматтар үй жалдағысы келген жерді өзі таңдауы қажет. Құрылыс компаниялары мен шенеуніктер бұған араласпауы тиіс», — деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқып отырғанымыздай көрінген жерді паналап жүрген мұқтаж азаматтарға баспаналы болғанша мейілінше көмек жасалмақ. Мына жерде отырасың, біз көрсеткен жалдамалы пәтерді таңдауға ғана болады дегендей шеңбер жоқ. Бір сөзбен айтқанда әркімнің өз еркі өзінде.

Мұндағы басты үміт те, басты мақсат та біреу. Баспана мәселесін қолдан келгенше оңға сүйреу. Күтілетін нәтиже бойынша тұрғын үй жалдау ақысын бюджет есебінен субсидиялау шарасы 10 жылда 500 мыңнан астам қазақстандықтың баспана мәселесін шешеді. Осы қатарда киелі шаһар тұрғындары да болады. Белгіленген заңнамаға сай келетін әрбір қала тұрғыны атаулы мүмкіндіктен игіліктене алады. Осылай бағамдасаң айтарлықтай бастама екені анық. Осы алғашқы жылдың өзінде шамамен баспанаға мұқтаж 70 мыңнан астам отбасы осы механизммен қамтылып, жалдау ақысынан үнемделген қаражатты үй сатып алуға жинай алады. Осы жұмыспен айналысатын тарап «Отбасы банк». Былайша айтқанда ерекше роль берілген.

Енді осы жоба біразымыздың арманымызға жол ашып, сөнген үмітімізді жағады десек болатындай.

ШАРЫҚТАУЫ МҮМКІН БАҒА.

ОЙ ТОЛҚЫТҚАН КҮДІК

Тұрғын үй жалдау ақысын бюджет есебінен субсидиялау мүмкіндігі көп көңіліне үміт отын жақты. Кемі осы қатарда шаһар тұрғындарының аз да болса үлесі бар екені анық. Ендігі мәселе осы шара қолға алынғанша жалдамалы пәтерлер бағасы қалай болмақ? Бізді ойландырып, толғандырып отырғаны да осы.

Облыс орталығына айналып түрленуге жол алған шаһардың өркендеуі үлкен мақтаныш болды. Бөркін аспанға атып қуанбаған адам кемде кем. Осы бір қуаныштың қадамын алыстатпай қымбатшылық та ілесе келді. Алып шаһарда бар қымбатшылық қой деп айта салуға да болар еді. Бірақ бұл ән алдыңғыдан өзгеректің кебінін киіп отырмыз. Ел бойынша ең арзан қаланың бірнеше жылда ең қымбат қалға айналуы ойландырады.

Қымбатшылықтың арта түсуі көп салмақ салары ақиқат. Онсызда жұмыссыздардың саны да айтарлықтай көп, ал жұмысы бар кейбір топтың айлығы шайлығына да жетпейтіні шындық. Осы тұрғыдан саралағанда тұрғындардың өмір сүруі күрделеніп, толып жатқан қиындықтарға бетпе-бет келіп отыр.

Аталған қымбатшылықтың ішінде тек жалдамалы баспана жайына тоқтала кетейік. Облыс орталығы болудан ілгері ең мықты деген, барлық жағдайы жасалған баспананың құны 40 мың теңгеден аспайтын. Ал, ең арзандары он мың теңгеге дейін, былайша айтқанда жасалған жағдайына, орналасқан аумағына қарай баға түрленіп отыратын.

Бүгінгі таңда жоғарыдағы бағалардың барлығы өң мен түске айналған. Ғаламтор арқылы жарнамаға шығатын жалдамалы пәтерлер құны шарықтап-ақ тұр. Мұндағы баға ең алдымен, орналасқан жеріне байланысты өсіп отырады. Орталыққа неғұрлым жақын болса, соғұрлым қымбат. Пәтер еурожөндеуден өткен болса, ол баға үстіне баға қосады. Ең қымбат пәтерлер орналасқан аумақ ретінде әкімшілік-іскерлік аумақтағы тұрғын үйлерді, Сырдария кешені аумағын, сосын Сауран мөлтек ауданы аумақтарын атап өтуге болады. Сонымен қатар кейбір жер үйлердің 400 мың теңге дейін бағаланып жатқаны тағы бар. Аталған аумақтарда 1 бөлмелі пәтердің, 30 шаршы метрі 60-80 мың теңге болса, 2 бөлмелі, 3 бөлмелі пәтерлерді жағдайына қарай 90 мың теңгеден жоғары бағалап отыр. Оның сыртында коммуналдық шығынын жалдаушы төлейтін ескерсек ол да біраз жерге барады.

«Көп балалы отбасы ретінде үй кезегіне тұрғаныма көп уақыт болды. Үйге қашан қолым жететінін білмеймін. Жұмысқа жақын жерлерден пәтер іздегенмін, көп жерлерде қымбат 100 мың теңгенің үстінде. Бүгінде пәтердің бір айына алатын айлық жалақымнан көбірек ақша төлеймін. Оның сыртында коммуналкасы бар, барлығы қалтаға ауыр түседі. Тіпті арзанын іздейін десең өтірік қызмет көрсететін агенттер пәтер тауып береміз деп ақша сұрайды. Ақиқатында басқа қалалардағы пәтерлердің суретін көрсетіп алдауға көшеді», — дейді шаһар тұрғыны Тоғжан Әбілова.

Ендігі айтар түйін онсызда қымбатшылық еңсеріп тұрған пәтер бағасы тағы да қымбаттай түседі ме деген күдік. Өзі би, өзі қожа болып отырған пәтер иелері мемлекет онысызда елу пайызын төлейді, ал мұндай көмек болмаған кезде де төлеп келген деп баға өсіре беруі бек мүмкін. Осының боларына да таңғалмаймыз. Шындап келгенде қандай да бір құзырлы органдар бақылауына алып отырмаған жалдамалы пәтерлер бағасы құбылмалы. Егерде баға тағы өсіп кетер болса мемлекеттік тараптан болатын көмектің тағы желге ұшқаны. Қарапайым есеппен ең төменгі жалақыдан сәл жоғарылау айлық алатын тұрғын осыған дейін өз күшімен жалдамалы пәтерге айына 90 мың теңге төлеп келсе, атаулы көмекке орай пәтер бағасы екі есеге дейін өссе баяғы жартас сол жартас болып қала береді дегендік. Осындай келеңсіздіктің орын алмауы үшін қатысты орындар алдын алу шараларын жүргізеді деп үміттенеміз.

Ал, баспанасыздық жырын айтып келгенде ойымызға тағы бір күдік оралады. Шаһардағы 13500 тұрғын үй кезегіне тұрды дедік. Енді осының сыртында шынайы мұқтаж бола тұрып, белгілі себептермен кезекке ілінбей қалғандар қатары бар ма? Бар болса сол отба-сылардың мәселесін шешудің жолдары қалай жүргізіліп жатыр. Қалай болмасын заң шеңбе-рінде жұмыс істей отырып, әрбір тұрғынның жағдайын жіті назарда ұстау жауапты орынның міндеті екенін айта кету ләзім.

Келесі мәселе ел аузында жиі айтылып жүрген күмәнды ой толқыны. Анықтап айтқанда әуелгісі көп жалдамалы пәтер иелері түрлі жолмен үй кезегіне тұрып баспаналы болғандар дейтін сөз болса, екіншісі қолы әзер жетіп алған пәтерлерін жалға беріп жүр деген қауесеттер. Өкінішке орай, үйлі болып күйін түзеген азаматтардың осындай харекетке барғаны туралы мәліметтер жоқ емес. Кезегінде осы тектес оқиғаларға шара қолданып, тіпті алдын алу мәселелері қаралған. Қажет болған жағдайда баспанадан айырылатыны да қатаң түрде ескертілген. Бұдан шығатын қорытынды шын мұқтаждар қол жекізе алмай сарсаңға түсіп, қасіреттің күйін кешіп өлгенде жететін баспанаға жеңіл жолымен жетіп, оны табыс көзіне айналдыру ардың таразысы көтермейтін іс екенін ескерген оң болмақ.

PS: Баспанаға жету жолдары туралы ақпарат осыған дейін де айтылып келеді. Қалай болғанда да «өз үйім өлең төсегім» арманына жету әрбір шаһар тұрғынының басты ұмтылысы. Әйтеуір кезегі келіп, болмаса бағдарлама арқылы болсын бақ жана жатар. Асық алшысынан түсер күнде бұйырар. Анығы, баспаналы болу бақытына қол созғандар арманына жетер күнде алыс болмаса керек.