ТҮРКІСТАНДА МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ МҰРАЛАРЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

324

Түркістанда Фараб әмбебап ғылыми кітапханасында қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған «Мұхтар Әуезов мұрасы – рухани қазына» тақырыбында әдеби кеш өтті. Іс-шараға М.Әбенова атындағы жалпы орта мектептің 7-сынып оқушылары мен сынып жетекшісі Дүйсенова Айгүл және мектептің қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Ахметова Анель қатысты.

Әдеби кеш кітапхананың бұқаралық көрмелік іс-шаралар секторының меңгерушісі, мәдениет майталманы Пернекүл Нәлтаеваның М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» кітабынан үзінді оқуымен басталып, Әуезовтің өмірі мен қызметі туралы дайындалған бейнероликпен жалғасты.

Қазақтың біртуар жазушысы жайлы еркін форматтағы кеште оқушылар жазушының кітаптарын талдап, өздері оқыған түрлі көркем шығармалар туралы, ондағы кейіпкерлер туралы кезектесіп әңгіме өрбітті. Кеш барысында мұғалімдер шәкірттердің шығармашылығын шыңдау мақсатында жасалатын жобаларымен бөліссе, оқушылар жазушы жайлы арнайы дайындалған сұрақтарға жауап берді.

Аталған шара Мұхтар Әуезовтің шығармашылығын өскелең ұрпақ жүрегіне ұялату арқылы жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруды көздеді.