ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 465 ЕЛДІМЕКЕН ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛҒАН

224

Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда облыстағы 831 елдімекеннің 465-і, яғни 56 пайызы табиғи газбен қамтылған.
Ал 2023 жылдың қорытындысымен 516 елдімекенді (62%) табиғи газды қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, алдағы 3 жылда қосымша 247 елдімекенді табиғи газға қосып, нәтижесінде 2025 жылы қамту деңгейі 722 елдімекенге (86,8%) жеткізілмек. Облысты алдағы уақытта газбен жабдықтау саласында жалпы құны 19,1 млрд. теңге құрайтын 56 жоба әзірленген.
Сондай-ақ өңірдегі 831 елдімекеннің 719-ы, яғни 86,5%-ы ауызсумен қамтамасыз етілген. Облыс көлемінде 101 елдімекен ауызсуды бұлақ көздерінен, 11 елдімекен ашық су көздерінен пайдалануда. Қазіргі таңда жеке тұлғалар үшін ауызсудың орташа тариф құны — 64,97 теңге, бюджеттік мекемелер үшін — 125,3 теңге, өнеркәсіп және коммерциялық ұйымдар үшін – 129,5 теңге. 2023 жылдың қорытындысымен 831 елдімекеннің 736-ын немесе 88,6%-н ауызсумен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Түркістан облысы — электр қуатына тапшы өңірдің бірі. Аймақтың орташа қажеттілігі 320 МВт/сағ құрайды. Оның 20%-н ішкі энергетикалық көздер өндірсе, 80%-ы еліміздің Солтүстік өңірінен және Шымкент, Тараз қалаларындағы станциялардан тасымалданады. Облыс аумағындағы 831 елдімекеннің 815-і орталықтандырылған электр желісімен қамтылған. Қалған шалғайдағы 16 елдімекен дербес электр қондырғыларын пайдалануда. 2023 жылдың қорытындысымен 40 нысанның құрылысын аяқтап, 47 елдімекендегі 122,3 мың тұрғынды сапалы электр қуатымен қамту көзделіп отыр.