ТҮРКІСТАН: КӨМІР САУДАСЫНДАҒЫ ЗАҢСЫЗДЫҚТАРҒА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙЕДІ

513

Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде жылыту маусымының өту барысы және көмір жеткізудегі өзекті мәселелер талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды көмір тасымалдаудағы кемшіліктер үшін бірінші орынбасарына, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен Ауыл шаруашылығы басқармасының басшыларына сөгіс жариялады.

– Жексенбі күні жауапты министрлік, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және көмір тасымалына қатысы бар тұлғалармен бейнебайланыс арқылы жиын өткізіп, мәселені талқыладық. Түйткілдердің бәрі айтылды. Басқарма мен аудан, қала әкімдері өз жұмыстарын төмен деңгейде орындағандықтан халық, жылыжай иелері қиналып отыр. Сондықтан жауапты орынбасар мен басқармалар жылыжай иелерімен кездесіп, көмек беру жолдарын қарасын. Аудан, қала әкімдеріне жергілікті полициямен бірге делдалдардың, алыпсатарлардың жұмысын қадағалап, заң аясында шара көруді тапсырамын Делдалдық жүйеге жол берілмесін. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы «ҚТЖ» компаниясымен көмірмен қамтамасыз ету бойынша тиісті келіссөздер жүргізсін. Біз өз тарапымыздан келіссөз жүргіздік, көмір бар, вагондар бөлуге келісіп отыр. Жұмысты дұрыс ұйымдастырыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.

Өңір басшысы жылу беру маусымы бойынша тұрақты мониторлық жұмыс жүргізуді тапсырды.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің айтуынша, жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Облыста 7 аудан, қалаларда 24 орталықтандырылған жылу қазандықтары және 1 жылу электр орталығы бар. Облыс аумағында ауа-райының сыртқы температурасы күрт төмендеп, орталық қазандықтардың осал топтары байқалған. Ол бойынша тиісті жұмыс жүріп, кемшіліктер жойылған. Орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген көпқабатты тұрғын үйлер мен бюджеттік мекемелерге жылу тұрақты берілуде.
Облыс 907,6 мың тонна көмір қажет болса, тасымалданғаны – 835,5 мың тонна. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық салаға 249,2 мың тонна көмір керек болса, тасымалданғаны – 229,5 мың тонна. Бюджеттік мекемелер қажетті 142,6 мың. тонна көмірмен қамтылған. Тұрғындардың көмірге қажеттілігі (жылы жайлар мен жеке тұрғын үйлер) – 658,4 мың тонна. Тасымалданғаны – 605,1 мың тонна. Алайда, бүгінгі күнге ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына сәйкес, жылыжайларға тағы қосымша 139 мың тонна (қаңтар, ақпан айларына) көмір қажеттігі анықталған. Қосымша жылыжайлар саны да артып отыр.
Аппарат мәжілісінде осыған байланысты аудан, қала әкімдеріне қажетті көмір мөлшері бойынша нақты әрі дұрыс ақпарат беру, темір жол тұйықтарында немесе база, қоймаларда халықты тұрақты көмірмен қамтамасыз ету үшін көмір жеткізуші, сатушылармен тиісті жұмыстар атқару жөнінде тапсырмалар берілді.