Алыптың, алымның аты өшпейді де!
Осындай тақырыпта аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінде (№41, 24.05.2022ж) атақты дәрігер-оташы, кезінде жүрек ауыстыру т.б аса күрделі оталар жасаған жерлесіміз, академик, «Халық қаһарманы», дүние жүзіндегі үш «Әлем адамының» бірі–Мұхтар Әлиев ағамыз жайлы мақала жарқ ете қалды. Авторы–журналист, ақын, шәкіртіміз Кенжеғали Қошым-ноғай, Атасына да, өзіне де рахмет! «Алтын кездік қап түбінде жатпайды». Сондай асыл азаматтың қаншама тауқыметті кезеңнен кейін есімін, ерлік істерін қайта жарыққа шығарып, халықтың назарына ұсынып отырған шәкіртіміз Кенжеғалидың азаматтығына риза болғанымызды неге айтпасқа?! Оның үстіне Мұхаңның өзінің елі болып саналатын біздің Бесарық өңірінің (бүгінгі Жаманбай батыр ауылдық округінің) халқы жайлаған қарт Қаратаудың керемет табиғатынан көрініс бергендей биік тау шоқысы мен үстінде түрлі бейнелер қашалған тарихи қатпар тастар көрінісі көзге шоқтай басылған еді.
Мақалада еліміздің аса дарынды перзенті Мұхтар Әлиұлының өмірі, еңбек жолы, атқарған қызметтері, ие болған атақтары мен наградалары түгелге жуық қамтылған екен. Мен оған өзім білетін, ағамызбен кездескен, бірге болған кейбір сәттерден қосымша мәліметтер бергім келді. Мысалы, Мұхаңды, ағасы Әмет перзенттерін дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген ата-анасы (әкесі–Әлі, шешесі–Құндыз) жайлы айта кеткен артық болмас.
Жаңақорған мен Төменарық арасында Бөртескен деген бекет бар. Мұхаңдардың балалық шағы сол жерде өткен. Әкелері теміржолда істегенмен, тұрмыстары пәлендей мықты болмаған. Өзі соларын еске алып, биік-биік талдардың басына шығып, торғайдың жұмыртқасын алып, поезд жолаушыларына әртүрлі нәрселерге айырбастайтынын, бақшадағы қауынды да алып шығып сататынын айтып әңгімелегенін қызықтап тыңдадық та. Мұхаң өте шымыр, пысық әрі өткір болған. Мұхаңдардың әке-шешесі бұрындары сол Кеңес ауылында тұрған да болуы мүмкін. Өйткені ол кісілердің ата жағынан ең жақын ағайындары –Алтыбай атаның балалары: Әбу (қоғам қайраткері Қозтайдың әкесі), Ақым (дәрігер Әбибулланың әкесі), Жұматай (мәдениет қайраткері Аманкелдінің әкесі)– бәрі де осы бұрынғы және қазіргі Кеңес ауылында тұрып, дүниеден өтті.
Ал, Әлі көкеміз сол Бөртескенге жұмыс іздеп барып, тұрып қалған болуы керек. Сөйтіп, теміржолда жол, вагон қараушы болып істеген екен. Құндыз шешеміз де сол теміржолдың бір жағында жүріп күнкөріс жасаған. Осы бекетте сол кездерде біраз отбасы тұрған екен. Содан да шығар, осы бекетте бастауыш, одан жеті жылдық мектеп алғашында жұмыс істепті. Мұхаң осы мектепте оқыған кластастарынан М.Қалдаров, Ә.Үсейінов, А.Қалтаев, Ә.Тұрабаев, т.б кейін елге белгілі кісілер бірге оқып, тәрбиеленгенін арасында оларды оқытқан мұғалімдерден Т.Мұсаев, Ж.Жайпанов, Қ.Жұматаев, т.б мықты ұстаздары болғанын да айтып қоятын.
Мұхаңның жоғарыда айтылған әке-шешелері осы бекетте қайтыс болған, мүрделері осы жерде жатыр. Мұхаң елге бір келгенде осы бейіт басына жол салдырып, мүрделерін қоршатып, төртқұлақ тұрғызып, есімдерін жаздырып қойған еді. Әрі оларға арнап құран оқытып, шағын ас та берген болатын. Біздер Балғабай інім екеуміз бәрінің басы-қасында болғанымыз еске түседі.
Әке-шешесі қайтыс болғаннан кейін Мұхаңды Жаңақорғандағы Омар төре салдырған қыш мектепке әкеліп оқуға беріп, Мұхаң жетім балалармен бірге интернатта жатып оқыған екен. (Жеті жылдықты осында бітірген болуы керек). Сол мектепте бірге оқыған Манап Көкенов, Бектөре Смайлов Мұхаңның түрінен (қабағынан) бәрінің аяқтарын тартатынын, өзі сол кезден-ақ бір бет, өткір, әрі жақсы оқыған оқушы болғанын Мұхаң келгенде еске алып, айтқанын естідік те.
Мұқаң осы жасында Түркістанға нағашыларына барып, педучилищеге оқуға түсіп, оны бітіріп, мұғалім болып жұмыс істеген, содан кейін барып дәрігерлік жолға бет бұрып, Алматының мединститутын тәмандап, еңбек жолын ауылдық жерден (Темір бекетінде) ауруханада дәрігер, оташы болып бастаған екен. Одан әрі Мұхаңның қызметтегі өрлеу кезеңдері (1960-70жылдары) басталып, ал, 80 жылдарда республиканың бас хирургі, 1982-87 жылдары Қаз ССР Денсаулық сақтау министрі болып істеген, 2001 жылдан Сызғанов атындағы хирургия, ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметін атқарған. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат, партия сьездеріне (XVI-XVII) делегат болып сайланған. Ғылыми еңбектері қаншама. Қаншама шәкірттер тәрбиеледі! Екі рет ҚР Мемлекеттік сыйлығын, бірнеше халықаралық сыйлықтар алған. 1995-жылы «Халық қаһарманы» атағына ие болса, әр жылдары «Әлем азаматы», «Әлем емшісі», шетелдік Балтимор қаласының «Құрметті азаматы», Кентуки штатының «Құрметті полковнигі» бірнеше шетелдік мықты академияның академигі, «Ғасыр адамы», т.б құрметті атақтарына ие болған. Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы».
Менің негізгі айтпағым, халқының ерекше қадірлі азаматы, теңдесі жоқ дәрігер-хирург Мұхтар Әлиұлының өзінің туған еліне келіп ыстық ықыласпен сәлем беріп, туған жерін аралап, ыстық кездесулер жасаған сәттері жайлы болатын. Мұхаң елге 1993-жылы 60 жасқа толған кезінде келгені есімізде. Мен ол жылдары аудан әкімінің орынбасары қызметінде істейтінмін. Мұхаңды (қасында жеңгеміз–Мінавар, академик ағамыз Ө. Айтбаев, т.б сыйлы қонақтар бар), елге облыс әкімі С.Шаухаманов тікұшақпен алып келген.
Сол жолы көп жылдардан кейін кіндік қаны тамған жерге алғаш аяқ басқан Мұхтар ағамызды «туған жердің топырағына аунату» салтын жасап, ауылдың белгілі азаматы Бердібаев Құлан ағамыздың есігінің алдында кілем төсеп, ауылдың үлкені Исекеңді қатыстырып «туған топыраққа аунату» рәсімі жасалғаны жан тебірентерлік сәт болған еді. Әрі қарай Мұхаңды Айсын бауындағы арнайы тігілген ақ үйге шақырып Сәкең Шаухаманов бастап, аудан әкімі И.Әбибуллаев бар, елдің атынан қонақасы беріп, өнерпаздар өнер көрсетіп, ақын Серік Ыдырысов Мұхаңа арнау айтып, туған жер қасиеті, ата-бабалар әруағын қозғап, қаһарман ағамыздың көңілін босатқаны бар. Академик Ө.Айтбаев қазақтың халық әндерін, Елена Әбдіхалықова қарындасымыз, аудан әншілері ән шырқап, керемет көңіл- күйіне куә болып едік. Соңында Мұқаң мен жеңгеміз өнерпаздарға риза болып, ақын Серікке алтын сағатын, Еленаға Алтын алқасын ескерткішке сыйлағандарына риза болысып, үлкен жолдың бойында (трасса) күтіп тұрған Оңтүстіктің өкілдеріне тікұшақты жол үстіне қондырып, шығарып салғанымыз есімізден кетпейді. Күтіп алушылар мен шығарып салушыларға күре жолдың бойына талаптықтардың ат шаптырым жерге дастархан жайғандарына да, қанша қиын кезең болса да, қазағымның, ауыл- жұртының дархан көңіліне риза болғанбыз. Бұл да бір заман екен-ау дейсің ғой. Мұндай қонақ күту рәсімін Мұхтар ағамыз оңтүстік ағайындарды (академик Ө.Айтбаев, жазушы Көпен Әмірбек бар) ертіп тағы да бір келгенінде Бірлік ауылының тұсында баудың ішіне үй тігіліп, керемет шара өткені де еске түседі. Сол жолы ғой академик Өмірзақ ағамыз қазақ ариясынан ән орындап, қатысқандарды таң қалдырған (меймандар Қаратау етегіндегі елдің табиғатына риза болған еді).
Мұхаң 1997-жылы ауданда туған аулына имандылық үйін–мешіт салып берді. Басы-қасында өзінің інісі, Сайрам ауданы, Түркістан, Шымкент қалаларында әкім болған Өмірзақ Әметұлы жүріп, бір жылда бітірді. Мұхтар аға осы мешіттің ашылуына өзінің отбасы мүшелерімен, ағайындарымен және Алматыдан, Оңтүстіктен, Шымкенттен, Шәуілдір-Түркістаннан, Қызылордадан, т.б өңірлерден жолдас-жора, ғалымдар, қайраткер азаматтар, министрлер, шәкірттері, ардагер-ақсақалдар, аудан, ауыл жұртшылығы, бас муфти, облыс, ауданның басшылары қатысып, үлкен дайындықпен біз көрмеген ерекше шара өткізілді. Қызылордадан қайраткер ел ағалары Исекең–Исатай аға, Ыдекең–Ыдырыс Қалиев аға бастаған ардагерлер, Е.Омаров, Т.Маханов бастаған дәрігерлер қауымы арнайы келіп, жиынға қатысып, сөз сөйлеп, имандылық үйіне құтты болсын айтып, мешіт салып берген Мұхаңа алғыстарын жаудырып, 1000-дай адамға ас берілді (Қос Исекең баталарын берді). Мұхтар ағаға елдің атынан шапан жабылып, ат мінгізілді. Сол асқа дайындалған үлкен жайдың темір қабырғалары мен темір жаппалары мешіт ауласында әлі сақтаулы тұр.
Сол Мұхтар аға салып берген мешіт елді, жастарды имандылыққа шақырып, Кеңес ауылының кіреберісінде қасиетті Алланың үйі аталып, тәрбие-өнегенің, ислам дінінің көзіндей болып елге қызмет жасап тұр.
Мұхаң бірде бір шаруамен Қызылордаға келгенде, «Локоматив» стадионында жастармен футбол ойнап, соңынан Қайрат ініміздің үйінде арнайы қонақ болып, ауылдан біздер (Қалаш, мен), Қызылордадан Аманкелді, Әлайдар, Жомарт бастаған т.б інілері келіп, кішкентайының тұсауын кесіп, бәріміз Мұхаңның қолынан «Сыбаға» ішіп, ағамыз көңілденіп әңгіме айтып, «Қайсар» клубының (Нұрлан–капитаны) «Құрметті добы» арнайы табысталып еді.
Сол сияқты Мұхаңның тағы да бірде (менің қолыма екінші ота жасатуға барғанымызда) Алматыдағы ағайындар (Сейіткерім, Жақсымбек, Ерболат, Бақтыбай, Бауыржан) бас қосып, Жақсымбек дастархан жайып, ортаға Мұхаңды алып, ағаның жағдайын біліп, көңілін көтерген едік, келіндері Зөреш, Тұрсынкүл қызмет жасады.
Мұндай қызметті Мұхаңның ауырып, мазасы болмай жүргенде Түркістанға келіп, «Түркістан» қонақ үйіне жайғасқанда Зөреш екеуміз екі күн қасында болып, (Өмірзақ, Балғабай бар) қызмет жасап, баласының жайын тыңдап, елдің тілектестігін білдіргенбіз.
Жалпы Мұхаң сөздің емес, істің адамы болатын. Мінезі шығар, көп сөйлемейтін. Ауылдан барып, Сызғановтағы кабинетіне кіріп сәлем берсең: «Қашан келдің, ауыл аман ба, шал (Исекең) қалай?»–дегеннен басқа артық сөз айтпаушы еді.
Өзінің жетекшілігімен докторлық, кондидаттық қорғаған қызылордалық Б.Баймаханов, Д.Даулетбаев, М.Абдуллаев, Н.Табынбаев, Қ.Қуатбеков, Т.Байтілеуов, С.Пазылов секілді мықты жерлес шәкірттері болды ғой. Солардың ішінде профессор, академик, мықты дәрігер-оташы Болат Баймаханов қазір сол Мұқаң басқарған Сызғанов атындағы ғылыми- зерттеу институтының бас директоры болып қызмет атқаруда.
Осындай Алланың сүйген құлына, аты аңызға айналған теңдесі жоқ дәрігер-оташыға, қазақтың сирек кездесетін академик ғалымына, дүние-жүзіне танылған, медицина саласында теңдессіз ерлік жасаған, өзінің алтын қолымен қаншама жандардың ажалына араша түсіп, халқына адал қызмет жасаған «Халық қаһарманына» баласы үшін сол кездегі билік тарапынан қаншама қиянат жасалды, жүрек жүйкесіне өте ауыр жүк түсті. Адалдықтың туын жоғары ұстаған абзал жан, алаштың сүйікті перзенті өмірінің соңында осындай жалалы жайға кездесіп, өмірден ертерек өтті.
Мұхтар ағаның дүниеден өткен хабары тигенде, біз ауылдан ағайындар атынан Нұржан ағамыз және келіні Зөреш үшеуміз Алматыға түнімен жүріп барып, отбасында болып, жаназасына қатыстық. Марқұммен қоштасу рәсімі Ғалымдар үйінде (ғылым академиясында) өтіп, ел, басшылық жеңгемізге, немерелері Нұрәлі, Айсұлтанға көңіл білдіріп жатты, біз де солай еттік. Қаралы жиынды қала әкімі А.Есімов ашып, алдымен Елбасының көңіл айтқан хатын оқып, бір ғалым, бір дәрігер сөйлеп, Мұқаңның ғылымға, денсаулық саласындағы еңбегінің ерекшеліктері мен артықшылықтарын тілге тиек етті. Ал, ағайындар атынан академик Ө.Айтбаев сөйледі. Қаралы жиыннан кейін, шығарып салушылардың есебі жоқ, Кеңсайға алып барып жерленді. Қазақтың алып перзенті жер қойнына беріліп, жаны солай байыз тапты.
Кенжеғали ініміз айтқандай, 2023 жылы алып Мұхаң, елдің қаһарман перзенті Мұхтар Әліұлының 90 жылдық мерейтойын өз дәрежесінде атап өтілсе, туған Кеңес жері ауылына, сондай-ақ, облыста бір медициналық оқу орнына, Алматы, Түркістан, Шымкент, Қызылорда қалалары мен Шәуілдір, Жаңақорғанда бір-бір көшеге атақты жерлесіміздің есімі берілсе деген тілекке ел- халық қосылады ғой деген ойдамыз.
З.Шермұхаммедұлы
Ардагер ұстаз, ел ағасы
«Құрметті азаматы»,
облыстың «Құрметті ардагері»
01.06.2022ж
«ARA-ақпарат»