ЕРЛІК ЕЛДІККЕ ЖЕТКІЗЕР

327

Ел тарихында ерлікті дәріптейтін елеулі күндер бар. 1995 жылы 7 сәуірде ел үшін кеудесін оққа керген қазақстандық Ішкі әскердің жауынгерлері тәжік-ауған шекарасында айбынды ерлікпен, қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен болатын. Бес сағатқа созылған қарулы қақтығыс салдарынан 33 қазақстандық сарбаз жарақаттанса, 17 жауынгер қаза тапты.

Бірнеше жыл бұрын елімізде тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеген қазақстандық әскерилер және қаза тапқан 17 жауынгер жайлы түсірілген «Қазбат» көркем фильмі жарыққа шыққан-ды. М.Әуезов атындағы ОҚУ әскери кафедра студенттері фильмнің басты кейіпкерлерінің бірі, 7 рота командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, бүгінде құрметті зейнет демалысына шыққан запастағы полковник Берік Омаровпен кездесті.

Б.Омаров әскери борышын өтеу кезінде көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. Бүгінде зейнеткерлік демалыста бола тұра, жастарға тәлім-тәрбие беруден жалықпай, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде әскери-жұмылдыру бөлімінің басшысы қызметін атқарып келеді.

— Боздақтардың қазасына куә болғандықтан бұл оқиға жадымда мәңгіге сақталған. Жау осал болмады. Моджахедтер соғыс өнеріне әбден машықтанып, ұрыстың айла-тәсілдерін жетік меңгерген. Сұрапыл шайқаста бізді құтқарған 40-50 метрдей жерде тұрған көпір болды. Біз осы тауды тесіп өтетін көпірге бекініп алып, жауға тойта¬рыс бермегенде аман қалуымыз екіталай еді.

Бұл көпір – стратегиялық маңызы зор нысан. Одан өтетін жолдың бірі – Калай-Хумб елді мекеніне, екіншісі Душанбе қаласына өтеді. Шайқастан соң рота командирі, капитан Ерлан Алданазаров жауынгерлердің үлкен ерлік жасағанын айтып, оларға өз ризашылығын білдіріп, елге қайтқысы келетіндерге рұқсат берілетінін жеткізді. Сонда рота жауынгерлері бірауыздан қаза болған жауынгер жолдастарының кегін алмай, елге қайтпайтындарын айтты. Жауынгерлердің бойындағы досқа деген құрмет пен антқа беріктік мені тәнті етті, — деген Б.Омаров қақтығыс кезіндегі елеулі сәттерді еске алды.

1996 жылдың 20 қарашасында Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен қаза тапқан сарбаздардың барлығы жауынгерлік орден-медальдармен марапатталған. Берік Ілесбекұлының айтуынша, бүгінде ұрыс даласында қаза тапқан жауынгерлердің есімі туып-өскен жерлеріндегі мектеп, көше, саябақтарға беріліп, батырлардың есімімен аталған.— Бүгінде тәжік-ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысқан М.Әуезов атындағы ОҚУ әскери кафедра бастығы полковник Жақып Кенжебаев, әскери кафедра бастығының орынбасары, запастағы подполковник Абдихан Урустамбеков «Тәжік-ауған шекарасындағы қызметі», «Ерекше қызметі» үшін медальдарымен марапатталған. Мінеки, мұның барлығы — Отанды шексіз сүюдің жарқын үлгісі. Туған елімізді көздің қарашығындай қорғап, оны шексіз сүю – әр азаматтың міндеті және пер¬зенттік борышы, — деді Б.Омаров.

Берік Ілесбекұлы Кеңес Одағының батыры, хас қаһарман Бауыржан Момышұлын үлгі тұтатынын атап өтті. «Б.Момышұлы — әрбір өскелең ұрпақтың бой түзеп, үлгі тұтатын батыры, Халық қаһарманы. Оның ерлігі Отанға деген шексіз махаббаттың көрінісі», — деді ол.

Кейіпкеріміз «Әкеге қарап, ұл өсер» демекші, ұзақ жылдар бойы ішкі істер органдарында қызмет еткен әкесі Ілесбек Өмірзақұлына қарап, 1989-1993 жылдар аралығында Ленинградтағы жоғары әскери-саяси училищесінде оқыған.

— Училищеге түскенде алдымнан жаңа әлем ашылғандай болды. Әскери жарғыны қатаң сақтау, әскери антқа адал болу, бұйрықтар мен өкімдерді бұлжытпай орындау мен үшін айнымайтын қағидаға айналды. Оқу орнын тәмамдағаннан кейін Шымкенттегі ішкі әскерлердің Оңтүстік құрамасына қарасты әскери бөліміне келіп, патрульдік рота командирінің орынбасары қызметін атқардым. Ал, 1995-2019 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде басшылық лауазымдарында әскери қызметімді атқардым. 2019 жылы маусым айында зейнетке шықтым. Мен жастарды Отанға адал қызмет етіп, әділ, жауапкершілігі мол азамат болуға шақырамын. Жастар Отанға қызмет – ортақ парыз екенін ұмытпау керек, — деді Б.Омаров.

Әскери кафедра студенттері аға буынның ерлігінен сабақ алып, кеш барысында өзара пікір алмасты. Жастардың бойындағы отансүйгіштік пен ұлтжандылық қасиетті дамытуда осындай кездесулер мен дәрістердің берері мол.

Смадияр КУЛЬМАНОВ,
М.Әуезов атындағы ОҚУ әскери кафедрасының оқытушысы,
педагогикалық магистрі, запастағы подполковник
және 223-оқу взводының студенттері