«БОЗБАЛА МЕН БОЙЖЕТКЕН — 2023»: ӨНЕРЛІ ЖАСТАРДЫҢ ТАЛАБЫН ҰШТАЙТЫН БАЙҚАУ

272

Қазақ жастарының арасында кеңінен тойланатын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күні 15 сәуірде аталып өтеді. Ғашықтар күні деп белгіленген бұл мерекенің негізін қалаушы – қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай. Бүгінде осы мерекеге орай түрлі оқу ұйымдарында «Бозбала мен бойжеткен» байқауы дәстүрлі түрде өтіп, ең жарасымды жұпты анықтайды.

Биыл Шымкентте махаббат пен сүйіспеншілік құндылығын асқақтатқан, байқаудың барлық шартынан мүдірмей өтіп, әртістік шеберлігі, ұлттық нақыштағы ерекше киім үлгісімен дараланған Даниял мен Ақсезім биылғы жылдың «Бозбаласы мен бойжеткені» атағын иеленді. Қос ғашықтың рөлін сомдаған олар байқаудың кастингінен қалай өткенін айтып берді.
– Қалалық байқауға бармас бұрын, алдымен оқу ордамызда кастинг жарияланды. Ондағы түрлі жұптың арасынан суырылып шықтық. Қалалық байқауға екі аптаның ішінде дайындалып үлгердік. Кастинг барысында өлең айту, монолог оқу, дефиле арқылы өз-өзімізді көрсеттік, – дейді Ақсезім Әділбекқызы.
«Бозбала мен бойжеткен – 2023» қалалық байқауына қаламыздағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан 30-ға жуық жұп қатысуға ниет білдірген. Іріктеуден 8 жұп өтіп, байқауға жолдама алды. Үміткерлерді іріктеу жөніндегі байқау комиссиясының шешімі мен ережесіне сәйкес, Шымкент қаласынан 16 мен 25 жас аралығындағы өнерлі, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын білетін, бойында шығармашылық қабілеті бар жастар қатысты. Ендігі әңгімемізді байқаудың дайындығына бұрдық.
–Ең алдымен бізді қолдаған оқу ордамыздың басшысы Гүлжан Сүгірбаеваға ерекше алғыс айтқымыз келеді. Байқаған болсаңыздар, біздің қазақша үлгідегі көйлектеріміз өзгеше, ерекше образда көрінді. Осы тұрғыда байқауға атсалысқан дизайнер Марат ағайымыз да көп көмегін тигізді. Ол кісі киім үлгімізге қатты мән берді. Содан болар байқау басталмай жатып, көрерменнің көзайымына айналып үлгердік. Қолыма бүркіт алып шығу Ақсезімнің ойы болды. Сол образда шыққанымыз, келген қонақтарды таңқалдырды. Ал таныстыру кезеңде Ертөстік пен Кенжекейдің образын сомдадық, – деді Даниял Мұхаммадұлы.
Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен болған бұл байқаудың мақсаты – жастардың бойына әдептілік, ізгілік пен адалдық секілді қасиеттерді сіңіру және ұлттық салт-дәстүрді ұмыт қалдырмауға бағытталды.
– «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» лиро-эпостық жыры – қазақ халқының ауыз әдебиетінде ерекше орынға ие, көркемдік қуаты мен эстетикалық мәні зор туынды. Бұл жыр махаббатқа беріктікті, таза, іңкәр сезімді, сүйіспеншілік пен адалдықты ғасырлар бойы дәріптеп, осынау құндылықтарды ұрпақтан- ұрпаққа аманат етіп жеткізіп келеді, – деді Жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исахов.
Жастар ресурстық орталығында өткен «Бозбала мен бойжеткен – 2023» байқауына қатысушыларды қолдап келген жанкүйерлер өз оқу ордасының жұптарына ерекше қолдау білдірді.
–Жанкүйерлер бізді өте жақсы қолдап, алға сүйреп отырды. Сондықтан болар керемет атмосфераны сезініп, жігерленіп, өнерімізді көрсете білдік. Бұл байқау біз үшін сәтті аяқталды. Бізді қолдаған әр жанға алғыс айтқымыз келеді, – дейді жастар.

Байқауда қазақи тамырдан нәр алған жастардың өнері мен таланты сүйсінтті. Қатысушылардың барлығы алғыс хат және сый-сияпаттармен марапатталды.