ҚАЛАДА ЕҢ КӨП СҰРАНЫСҚА ИЕ 5 МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ
«Азаматтарға арналған үкімет» Шымкент қаласы бойынша филиалы халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жыл басынан бері ең көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің рейтингін жасады.
Нәтижесінде, үшінші мегаполисте жыл басынан бері халық арасында ең көп сұранысқа ие қызметтің бірі – автокөлікті қайта тіркеу қызметі болып анықталды. Алдын ала есептеулер бойынша шымкенттіктер 59 мың көлікті қайта тіркеген.
Ал екінші орында – электронды цифрлық қолтаңба беру қызметі. Жыл басынан Шымкент ХҚО-ларында 44 мыңнан астам ЭЦҚ берілген.
Үшінші орынға жеке куәлік пен паспорт беру қызметі жайғасты. Аталған құжаттарды 42 мыңнан астам азамат рәсімдеген.
Жүргізуші куәлігін алуға немесе ауыстыруға деген ұмтылыс біздің рейтингімізде төртінші орында тұр. Шымкент қаласы мамандандырылған ХҚО-ларына бұл қызметке 37 мың адам жүгінген.
Соңғы бесінші орында жылжымайтын мүлік иелері: жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу қызметі үшін 18 мыңға жуық адам жүгінген.
Осы ретте, «Азаматтарға арналған үкімет» МК Шымкент қаласы бойынша филиалының алдын ала мәліметтері бойынша ХҚО арқылы жыл басынан бері 300 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілгенін атап өткен жөн.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік қызметтерді мереке және демалыс күндері «ХҚКО» қосымшасы, egovkzbot2.0 телеграм-боты, Egovmobile мобильді қосымшасы, сондай-ақ, Kaspi және Halyk Homebank банктік қосымшалары арқылы онлайн алуға мүмкіндік бар.
Әкімшілік құқықтың құрамдас бір бөлігі мемлекеттік қызмет болып табылады.
Мемлекеттік қызмет – мемлекет қызметінің бір саласы және мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органдардағы биліктің міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттілігін атқару жөніндегі қызметі болып табылады.
Мемлекеттік қызметшілердің құқықтық жағдайларын Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі Заңы реттейді.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызметтің ұйымдастырылуы мен атқарылуы келесі принциптермен негіз алады: заңдылық, қазақстандық патриотизм, мемлекеттік қызмет жүйесінің біртұтастығы, азаматтар құқықтарының, бостандықтарының және заңды мүдделерінің мемлекет мүдделері алдындағы басымдылығын; Республика азаматтарының мемлекеттік қызметке қол жеткізуге және өз қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызмет бойынша жоғарылатуға тең құқығы және Заңның 3-ші бабында айтылған тағы басқа принциптері.