ПОЛИЦЕЙЛЕР «ТІРКЕЛМЕГЕН АТЫС ҚАРУЫН САТЫП АЛУ» АКЦИЯСЫ БАРЫСЫНДА 87 ДАНА ҚАРУ МЕН 700-ДЕН АСТАМ ОҚ АЛЫНДЫ

170

Ағымдағы жылдың 10 сәуірінен бастап Түркістан облысының полицейлері «Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды азаматтардан сатып алу» акциясын өткізуде. Полицейлер облыс тұрғындарына тіркелмеген қаруларды өткізіп, сыйақы алуға болатындығын жіті түсіндіруде.

Нәтижесінде тәртіп сақшыларына 11 тәулік ішінде 61 азамат өз еріктерімен 87 дана отты атыс қаруын тапсырды. Оның ішінде 74-і тегіс ұңғылы болса, 13-і ойық кіші калибрлі мылтық. Сондай-ақ 700-ден астам оқ алынды.

Қазіргі уақытта мылтықтарға сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Қарудың техникалық жай-күйіне байланысты комиссия отырысы барысында азаматтарға ақшалай қаражат төлеу туралы шешім қабылданады.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға акция барысында заңсыз сақтаудағы қару жарақ пен оқ дәрілерді ақшалай өтемақыға тапсыруға шақырады. Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

Сондықтан, тұрғындар заңсыз сақтап жүрген тіркелмеген қаруларыңыз болса, тиісті органға тапсырыңыздар.