ТЕРГЕУ САЛАСЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ
Ішкі істер саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, тәртіпті қадағалауға өзіндік еңбегі сіңген полиция ардагері Батырхан Сансызбаев 1959 жылы 26 желтоқсан күні Бабайқорған ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Куйбышев совхозы Абай ауылындағы орта мектепті бітірісімен, алғашқы еңбек жолын Түркістан қаласындағы құрылыс басқармасында құрылысшы мамандығынан бастаған. Құрылыс басқармасында жұмыс атқарып жүрген кезінде әскер қатарына шақырылып, 1978-1980 жылдары Отан алдындағы әскери борышын Белоруссия елінде өтеп келген соң еңбек жолын ары қарай Түркістан құрылыс басқармасында жалғастырады.
1981 жылы Түркістан қалалық ішкі істер бөліміне қатардағы милиция қызметіне орналасады. Еңбектен қол үзбей 1983 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факултетіне оқуға түсіп, құқықтану-заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. 1989-1995 жылдары Түркістан қалалық ішкі істер бөлімінің эксперт-криминалист көмекшісі, учаскелік инспекторы, тергеушінің міндетін атқарушы, тергеуші, аға тергеуші қызметтерін атқарған.
1995 жылы мемлекеттік тергеу комитетінің құрылуына байланысты Қазақстан Республикасы мемлекеттік тергеу комитетінің Түркістан қаласы бойынша бөлімінің аға тергеушісі, 1996 жылы Түркістан қалалық ішкі істер басқармасының құрылуына байланысты басқарманың аға тергеушісі қызметтерін абыроймен атқарып, 2005 жылы еңбек өтіліне орай майор шенінде еңбек демалысына шықты.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де еңбектен қол үзбеген ардагер аға қаладағы білім бөліміне қарасты Н.Төреқұлов атындағы №8 жалпы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2006-2011 жылдар аралығында күзет бөлімінің бастығы, 2011 жылдан бүгінгі күнге дейін қалалық білім бөліміне қарасты «Балапан» бөбекжай балабақшасы меңгерушісінің шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. Қаладағы полиция ардагері ретінде қоғамдық жұмыстардан шет қалмай, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар жөніндегі коғамдық кеңестің» мүшесі, «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Түркістан қалалық ішкі істер органдарының ардагерлері кеңесінің төрағасы.
2002 жылы Батырхан ағаның өмірлік жары Манат Сансызбаева күтпеген жерден жол-көлік оқиғасына тап болып, қайғылы жағдай орын алды. Батырхан аға сол кезде төрт ұлымен ауыр жағдайды басынан өткерді. Үлкен екі ұлы мектеп оқушысы болса, қалған екеуі 3-5 жаста болатын. «Орнында бар оңалар» дегендей, 2003 жылы Бағила есімді азаматшамен көңіл қосып, жеңгеміз төрт ұлды бауырына басып, өз балаларындай өнегелі тәрбиелеп, екеулеп олардың жоғары білім алуларына бар жағдайды жасады. Міне, осындай қамқорлықтың арқасында үлкен ұлы Айбол қазіргі таңда Шымкент қаласындағы N 1-ші қалалық жедел жәрдем ауруханасының нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Испания, Италия, Германия, Ресей елдерінде білімін шыңдаған.
Екінші ұлы Айдос қазір қаладағы «Жусан» банкісінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарса, үшінші ұлы Алмас Шымкент университетін бітіруде. Сондай-ақ, төртінші ұлы Аян Атырау облыстық полиция департаментінде қызмет атқаруда.
Ал, қызы Ақерке Халықаралық Туризм және меймандостық университетінің 2-курс студенті болса, ұлы Айбар Төлеби атындағы жалпы орта мектептің 7-сыныбын бітіруде.
Бүгінде Батырхан аға жұбайы Бағила екеуі ұлдарынан жеті немере сүйіп отырған бақытты шаңырақ иелері.
Осы орайда Батырхан аға келелі ойларымен бөлісті.
-Біз зайырлы қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында құқықтық мәселеге көбірек ден қойды. Оның ішінде: «Азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу ісінде жүйелі ұстаным болуы маңызды.
Қазіргі таңда осы мәселеге жауапты нақты бір орган жоқ. Мұндай жағдай белгілі бір тәуекелдер туындатуы мүмкін. Сондықтан бұл құзыретті Бас прокуратураға беруді ұсынамын. Осындай ұстаным тергеудің объективті және бейтарап жүргізілуін қамтамасыз етіп, құқық қорғау саласындағы бассыздықты жазасыз қалдырмау қағидатын бекіте түседі», — деді Президент.
Міне, осы тапсырмасының жалғасы ретінде референдум қорытындысы бойынша жасаған Үндеуінде: «Біз адам құқығы мен бостандығын қорғау жүйесін кешенді түрде күшейтуге негізделген бағдарымызды жалғастыра береміз. Құқықтық реформа аясында Конституциялық сот қайта құрылады. Оның қаулыларына жедел әрекет ету тетігін енгізу қажет. Сонда азаматтарымыз осы аса маңызды институт қызметінің пайдасын сезіне алады. Жаңа, Әділетті Қазақстанда полицейлердің озбырлығына, біліксіз прокурорлар мен біржақты судьяларға жол берілмейді. Қоғам құқық қорғау және сот жүйесінің шын мәнінде өзгергенін қалайды», — деп халықтың да осы мәселені күтіп отырғандығына тоқталды.
Жасыратыны жоқ, құқық қорғау орындары тарапынан жоспарды тез орындау мақсатымен көрсеткішін көбірек етіп белгілеу үшін түрлі заңсыздықтарға баратыны өтірік емес. Ендігі жерде азаматтық қоғам орнап, халық билігі үстемдік етер тұста мұндай бейбастақ әрекеттерге жол берілмейді. Полиция елді қорғауы тиіс,- дейді полиция ардагері.
Қаладағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, халық бірлігі мен мемлекет тұтастығы қағидасы аясында аға буын өнегесін өскелең жастарға үлгі етіп, оларды патриоттық, еңбексүйгіштік рухта тәрбиелеуде сүбелі үлесін қосып келе жатқан Батырхан ағаға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырағына шаттық, отбасына амандық пен береке тілейміз.
Ләззат Қаныбекқызы САРЫБАЕВА.