ОТАБОЙ РАХИМҒОЗИЕВ: «ЫНТЫМАҒЫМЫЗДЫ ТУ ЕТКЕН, БІРЛІГІМІЗ ЖАРАСҚАН ЕЛМІЗ»

410

Бұрынғы аталарымыздан қалған: «Ырыс, қайда барасың? Ынтымаққа барамын», – деген сөз жиі еске түседі. Сол айтқандай, ынтымақ бар жерде ырыс пен береке де, байлық та, бақыт та бар. Осы тақырыпта жерлесіміз, облыстық «Жанубий Қозоғистон» газетінің штаттан тыс тілшісі Отабой Рахимғозиевті әңгімеге тартқан болатынмын. Ол былай деді:

— Ынтымақ пен бірлік сөздерінің астарында бір ғана ұғым бары белгілі. Төлеби ауданы – қазақ халқымен қатар бірнеше ұлт өкілдерінің құтты мекені. Киелітас ауылдық округіне қарасты Сұлтанрабат ауылында негізінен өзбектер тұрады десек те, ауылдастарымыздың арасында бірнеше ұлт өкілдері бар. Бəрі бір кісінің баласындай тату-тəтті өмір сүруде.

Халқының ауызбіршілігі берік, ынтымағы жарасқан біздің аудан тұрғындарына мемлекет

тарапынан барынша жағдай жасалып, жыл санап əлеуметтік-тұрмыстық жағдайымыз

жақсара түсуде. Жолдар, көпірлер жөндеуден өтіп, бүгінгі заман талабына сай жаңа зəулім мектептер, емдеу мекемелерінің ғимараттары салынуда, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығының дамуына жете назар аударыла бастады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл еліміздің халқына арнаған: «Əділетті

мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында атап өткеніндей, Жаңа

Қазақстанды құру жолында ынтымағымыз бұрынғыдан нығая түсіп, білек сыбана еңбек

етсек, алға қойған мақсаттарымызға міндетті түрде жетеміз деп сенеміз.

Биыл елімізде туғанына 360 жыл толуы аталып өтіп отырған Ұлы даланың кемеңгер ұлы

Төле би Əлібекұлы: «Бірлігі бар ел озар, бірлігі жоқ ел тозар», – деп кейінгі ұрпақтарына өнегелі өсиет қалдырып кеткен. Бəріміз баба өсиетіне адал болып, ауылдас пен ағайынның, бүкіл қазақстандықтардың ауызбіршілігінің арта

түскенін қалаймыз.

Төле би баба өз заманында: «Кəсіп болмай, нəсіп болмас», «Қарап отырма, қарап

отырғанша, бір нəрсеге жарап отыр» деп, өз халқын еңбексүйгіштікке үндеген. Қазақ халқын мал шаруашылығымен қатар, егіншілікпен шұғылдануға үндеген. Ұлы дананың бұл өсиетін кейінгі ұрпақ ешқашан естен шығармай, өзі қалаған кəсіпті жетік меңгеруге ұмтылғаны, жалқаулыққа салынбай, еңбек еткені жөн деп ойлаймын. Əр отбасының ырысы мен берекесі, несібесі, шаттығы мен бақыты адал еңбекпен келетінін ұмытпай, бүгінгі жас ұрпақты бала кезінен еңбексүйгіштікке баулығанымыз абзал. Қай салада болмасын, білек сыбана еңбек етсек қана еліміз дамудың даңғыл жолына түседі.

Біздер, төлебиліктер – ынтымағымызды ту еткен, бірлігіміз жарасқан елміз. Бəріміздің де алар асуларымыз, қол жететін жетістіктеріміз əлі де алда деп ойлаймын.