«ХАЛЫҚ БІРЛІГІ – МЕМЛЕКЕТ ТҰТАСТЫҒЫ»
Қазақ «қуаныш пен қайғыда…» деп жатады. Шынында да, қуаныш пен қайғыда іздейсің жақыныңды. Иә, сондай бір — жан құлазыған не бақыттан бас айналған сәттер селт еткізбей қоймайды басы жұмыр пендені. Селк еткен сана арғы-бергіні ойлайды, сараптайды, Тәңірге тәубе етіп, жүрекке мейірім ұялатады. Ондай жағдайда адамдар, негізі, үнсіз түсініседі, бірігеді. Әйтсе де кейде, тағдыр талайына ұшырағанда, тауқыметке төтеп бере алмай, тоз-тозы шығуы, сол сияқты кейде шексіз қуанышқа кенелсе, есіріп, соңынан есалаң күйге түсіп, түбі тентіреп кетуі де мүмкін. Қарт тарихты ақтарсақ, мысал көп бұған. Тіпті, тарихсыз-ақ, күнделікті күйбең тірліктен де көріп жүр емеспіз бе талайын.
1941 жылы 22 маусымда бұрқ ете қалған соғыстың бес жылға созылған ауыр соққысы социалистік республикалар одағына оңай тимеді. Мұздай қаруланған дұшпанның тосыннан баса-көктеп кіруі бастапқыда есеңгіретіп жіберді. Бірақ ел басына төнген қауіп, ел ертеңіне төнген қатер тез ес жинатты, бас біріктірді, Отанды қорғауға жұдырықтай жұмылдырды. Тірліктің берекесі қашқанымен, бірлік беки түсті. Бірліктің арқасында жан аямай айқасып, халқымыз ақыры жеңіске жетті.
Негізі, біз бәріміз — қас батырлар ұрпағымыз. Өйткені, Отан үшін қан майданға әр үйден адам алынды және бір ғана емес, бүкіл бас көтерер ер азаматтарын ап кетті. Аталарымыз, аталарымыздың бауырлары – бәрі аттанды соғысқа. Сұм соғыс қарап тұра ма: жан-жағын жалмап, алды-артын аямады. Сол сұрапылға небір атпалдай азаматтар жұтылып, қаралы хабар жетіп, ауылдар азан-қазан болды. Мүлдем хабар-ошарсыз кетіп, артында сығырайған үміт қалдырғаны қаншама.
Елге аман оралғандарымен 1980 жылдары, мектепте оқып жүрген кезімізде, әр жылы 9 мамырда кездесу ұйымдастырылатын. Сонда кішкентай ауылдың өзінен он – он бес ардагер жиналатын. Аталарының қолынан ұстап келе жатқан балаларға қызығып қараушы едік, өйткені көбіміздің атамыз жоқ: қанды шайқастан қайтпаған. Бұл – бала болсақ та, жанымызға аяздай бататын, ата мейірінен айырған фашистерге лағнет айтатынбыз. Уақыт сырғып, жылдар өте, батырлар қатары сирей берді. 2000 жылдары ауыл емес, бір ауданның өзінен он шақты соғыс ардагері қалды. Ал қазір, республикада санаулы ғана. Бір кездері әңгімелерін ұйып тыңдаған қаһармандарымыздың бүгінде тек қабырғада ілулі тұрған үлкен портреттеріне қарап, есімдері жазылған, бейнелері салынған «Ер есімі – ел есінде» аталатын ескерткіштеріне тағзым етеміз.
Бұдан, қателеспесем, 5-6 жыл алдын сарыағаштық соғыс ардагері Сүлеймен Шаменовпен жеке әңгіме-дүкен құрып ек. Сонда естігем соғыстың сұмдығын, көзбен көргендей күйде қалғам. Құдай сақтаған екен атамызды, «қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген ғой. Бала кезімізде, одан кейінгі көпшілік қатысқан жиындарда соғыс ардагерлері «бұдан былай мұндай қасірет болмасын, аты өшсін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» дегеннен әріге бармайтын, қанды шайқаста бастан кешкендерін көп айта бермейтін. Оның сырын сонда ұғынғам: Сүлеймен атамен сұхбатта.
Отан үшін от кешкендер аты мәңгілік. Олардың ерлігі, жеңісі — ұлт ұрпағына сабақ, ынтымаққа ұйытады.
Базаркүл ОРАЗБЕКҚЫЗЫ