РУХТЫ ОЯТАТЫН ӨНЕР ТУЫНДЫЛАРЫ

152

Ұлттық қорғаныс университетінің құрамында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген әскери қызметшілер музейге қойылған жәдігерлерді тамашалады. Қазақ батырларының қару-жарағы, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының тарихына байланысты құжаттар, заттар мен экспонаттар жауынгерлерді ерекше қызықтырды.

– Мұндай мәдени жорықтар тарих тереңіне үңіліп, қазақ халқының жауынгерлік жолының тынысын сезінуге мүмкіндік береді. Бұл әскерге келгендерге жауынгерлік қызмет пен оның құндылықтарының мәнін түсіну үшін аса маңызды, – деп атап өтті Ұлттық қорғаныс университеті штаб ротасы командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары ІІ сыныпты старшина Жасұлан Есентай.

Аты аңызға айналған батырлардың қару-жарағы қойылған залда сарбаздар көрме авторы, зерттеуші-этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Қалиолла Ахметжанмен кездесті. Ғалым қырық жылдан астам уақытын осы ұлттық жәдігерлерді егжей-тегжейлі зерттеуге арнады, осы тақырыпта алты монографиялық еңбегін жазды.

Этнограф Қабанбай, Бөгенбай, Жанқожа, Қәумен батырлардың және Арыстан сұлтанның қару-жарақтары мен сауыт-саймандарын жасауда ғылыми-графикалық әдіс қолданылғанын айтты. Қалиолла Ахметжан сондай-ақ әрбір қалпына келтірілген жәдігердің өз тарихы мен оны жасауда қажырлы еңбек жатқанын атап өтті.

– Маған көрмеге барғанымыз қатты ұнады. Бұл тарихи жәдігерлерді жинау, қалпына келтіру және ұрпақтар үшін сақтау маңызды екенін жақсы түсінемін. Шараны ұйымдастырушыларға үлкен рахмет, – деді әскери-ғылыми взводтың сарбазы қатардағы жауынгер Нұрболат Бостанов.

Еліміздің Қарулы күштері мәдениет пен шығармашылық сергітуге де көп көңіл бөлінетінін атап өткен жөн. Өнер жауынгердің рухын нығайтады, сенімділікті оятады, оны жаңа жетістіктер мен жеңістерге жетуге жігерлендіреді.

Биыл алғаш рет Қазақстан Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы жанынан шығармашылық взвод құрылды. Вокалдық, хореографиялық және журналистік істің не екенін үйренген сарбаздар жауынгерлік және дене шынықтыру даярлығын, сондай-ақ әскери мамандықты меңгеруді қамти отырып, жауынгерлік тәжірибе жинайды.

Қазір жастарға білім беру жеңілдіктерін пайдалана отырып, әскердегі борышын өтеген соң жоғары оқу орнына түсуге және таңдаған шығармашылық салада дамуын жалғастыруға тамаша мүмкіндік ашылып отыр.