БҮГІНГІ КҮННІҢ БАТЫРЫ

168

Шорнақ ауылының №24 өрт сөндiру бөлiмiнiң өрт сөндiрушiсi Нұрлан Набихан Талғар қаласында қос бүлдiршiндi өрттен құтқарып, бейбiт заманның батыры атанды. Осы орайда бiз, сержант шенiндегi өрт сөндiрушi Нұрланмен сұхбаттасып, өмiр жолын келешек ұрпақ — жастарға үлгi етудi жөн көрдiк.

— Нұрлан, алдымен қай жылдың тумасы екенiңiздi, өсiп-өнген ортаңыз туралы айтып өтсеңiз?

— Мен 1982 жылы Отырар ауданы, Балтакөл совхозында дүниеге келдiм. 2005 жылдан берi Түркiстан қаласында тұрамын. 2006 жылдан бастап Шорнақ ауылындағы №41 өрт сөндіру бөлімінде, Сауран ауданының орталығы болғаннан кейін №24 өрт сөндіру бөлімі атауын иеленген мекемеде тапжылмай қызмет атқарып келе жатқаныма 18 жылдың жүзі болды. Мен өзiм үш ағайындымын. Ағам Нұрхан Алматы облысы, Талғар қаласында тұрады, жеке кәсiпкер. Қарындасым Эльмира Түркiстан қаласында тұрады.

Жұбайым Толқын екеуiмiз төрт қызды тәрбиелеп отырмыз. Анам менiң қолымда тұрады. Туған ағам Нұрхан екеуiмiз анамызды қажылыққа екi рет барып келуiне жағдай жасадық.

— Нұрлан Талғар қаласында болған өрт оқиғасы туралы кеңiнен айтып берсеңiз?

— Жаңа айтып өткенiмдей, Талғар қаласында тұратын ағам Нұрханның үйiне барған болатынмын. Ағам екеуiмiз жаңадан салып жатқан үйдiң төбесiн жауып жатқанбыз. Сол түстен кейінгі бесін уақытында үй ауласында жүргенiмде қатты жарылыс болды. Бiздiң үйге жақын орналасқан көпқабатты үйдiң жоғарғы қабатындағы балконда будақтаған қара түтiн аралас өрттiң басталғанын көрiп, дереу өрт сөндiру бөлiмiне қоңырау шалдым. Өзiм өрт сөндiру саласының маманы болғандықтан, ұялы телефоннан қалай қоңырау шалу керек екенiн бiлемiн ғой.

Сол тұста бiр орыс әйелдiң: “Үйде кiшкентай екi бала қалып қойды, аналары үйiнде жоқ”,-деген жанайқай дауысын естiдiм. Дереу қолыма аулада тұрған темiр сүймен (лом) мен балтаны алып тұра ұмтылдым. Жаныма сол жерде жиналып қалған көпшiлiктiң iшiнен ер жiгiттердi шақырып алғаныммен олар үйге жақындай бере қара түтiнге шыдай алмай керi кеттi. Бұл кезде подъездiң iшiне де түтiннiң иiсi ақырындап шыға бастаған екен. Балалар қамауда қалған пәтердiң темiр есiгiн бұзу оңай болмады. Екi бiрдей құлыпқа бекiтiлген темiр есiктi майыстырып, әрең дегенде ашып, iшке енгенде будақтаған қара түтiннен ешнәрсе көрiнбедi. Қою түтiн бiрден подъезге тап бердi. Қызыл жалын әп сәтте-ақ пәтердiң едәуiр жерiн шарпып үлгерген екен.

Өз жорамалдауым бойынша балкон ас бөлменiң жанында болар деп тұжырымдап, бiрден сол жаққа ұмтылдым. Онда балалар жоқ болып шықты, газ баллонды тексерiп, жауып кеттiм. Басқа бөлмелердi де тездетiп қарап шықтым. Осы кезде көршi бөлмеден балалардың жылаған дауысы естiлгендей болды. Дереу дыбыс шыққан жаққа қарай жүрдiм, кiшкентай қыз бала терезенiң жақтауына шығып алыпты. Өмiр үшiн арпалысқан кiшкентай қыздың тырнақтай iнiсiн қолынан тартып тұрғанын көрдiм. Балалардың аман-есен екенiне қатты қуанып кеттiм, жандарына әп-сәтте жетiп барып, екеуiн екi қолыма құшақтай көтерiп, шығатын есiкке қарай ұмтылдым. Газ баллон да қызып тұр екен, оны подъезге апарып қойдым. Екi баланы алып, екiншi қабаттан түсе бергенiмде алдымнан бiр әйел адам шығып, баланы қолымнан алды. Сыртқа шыққанымда өрт сөндiрушiлер де келiп жетiп, өрт ошағын дер кезiнде өшiрдi. Екi баланы жедел жәрдем алып кеттi. Балалар екi апта ауруханада жатып, емделiп шықты.

— Өрт оқиғасы неден бастау алыпты?

— Жұмысқа кеткен анасы балаларын сыртынан құлыптап кеткен. Балалардың әдетi емес пе, үлкендер тыйым салған әрекеттерге құмар келедi. Қараусыз қалған тоғыз жасар Аделя мен алты жасар Дильмурат сiрiңкемен от жағып ойнаған, нәтижесiнде балконда тұрған дәнекерлеушi лампасына от тиiп тұтанған, қатты қызған құрылғы жарылған. Одан әрi тiлсiз жау көршi балконға, пәтер iшiне дендеген. Көпқабатты үйлерде тұтанған мұндай өрттiң көк түтiнi минутына 7-8 метр жылдамдықпен жайылады. Мұндай жағдайда өрт шыққан ғимаратта тыныс алу жолдарын қорғайтын қорғаныс құралдарынсыз дем алу мүмкiн емес. Мұны өрт сөндiру мамандары жақсы бiледi.

— Балаларын аман-есен көрген ата-аналарының қуанышында шек болмаған шығар-ау. Аман сау үйлерiне оралған балаларды одан кейiн көрдiңiз бе?

— Балалардың ата-анасы Хамра мен Марьяна Данахуновтар алғыстарын айтып, үйлерiне қонаққа шақырды. Ал, балалар — Аделя мен Дильмурат менi туған ағаларындай қатты жақсы көредi. Бүгiнгi таңда Аделя мен Дилмураттың ата-анасымен жиi хабарласып тұрамын. Жақында жаңа қонысқа көштi, өздерiне жер үй салып алды,-деп Нұрлан балалардың ата-анасымен туысқандарша араласып кеткені жайлы айтты.

-Өрт сөндіруші қауіппен бетпе бет келеді. Қызмет барысында кездестірген оқиға туралы айтып берсеңіз?

-Көп қой ондай оқиғалар. Оның үстіне өрт сөндіру менің қызметім болғандықтан, ондай жағдаймен бетпе бет келіп жүрген соң қалыпты жағдайға айналып кетеді.

Бір оқиға есіме түсіп тұр. Биылғы қыс қатты суық болды. Желтоқсан айының аяғындағы суық күндердің бірі болатын. Осы күні мен кезекшілікте болатынмын. Кешкі уақытта хабарлама келіп түсті. Қызылорда тасжолының Сауранға қарай кетіп бара жатқан жолдың бойында үстіне жеңіл автокөліктер тіркеген үлкен КАМАЗ машинасы өртенді. Тасымалдаушы машина үстіндегі жеңіл автокөліктерімен қоса өртенген ауқымды өрт орын алды. Өртте үш машина жарылды. Машинаның иелері көрші мемлекет Қырғызстанның Бішкек қаласының жігіттері. Машинаны әкетіп бара жатқанда өрт болған.

Жеңіл автокөліктерді тасымалдап келе жатқан КАМАЗ көлігі үстіндегі алдыңғы жақтағы үш автокөлігімен бірге жанып кетті. Біз өртті өшіріп, артқы жағына тиелген төрт машинаны аман алып қалдық. Естуімізше, өрт машинаның жылыту пешінен шыққан.

-Көбіне өрт оқиғаларының орын алу себебі неден болуда?

-Халқымыз өрт қауіпсіздігі ережесін сақтауға аса салғырт қарайды. Көп нәрсеге мән бермейді. Мәселен, төтенше жағдайлар қызметі жазда жылыту маусымы басталар алдында жеке тұрғын жайларды аралап арнайы рейд өткізеді. Көше аралап тұрғындарға: «үйде кәмелет жасына толмаған балаларды қалдыруға болмайды. Зиянды заттарды балалардың қолы жететін жерге қоюға болмайды»,-деп ескертіп айтамыз. Үйде орын алған өрт көбіне құбырдан болады. Құбырды жылына бір рет тазалап отыру керек. Өкінішке қарай кейбір тұрғындар төтенше жағдай қызметкерлерін үйлеріне кіргізбейді, өрт қауіпсіздігін тексеруге мүмкіндік бермейді. Сосын қыс ортасында пештері тартпай, үйлеріне түтін таралып, немесе оқыстан өрт шыққан жағдайда өкінеді. Жылда өрт қауіпсіздігі ережесін сақтаудың арнайы жаднамаларын таратамыз. Соның негізінде тұрғындардан өртке абай болуды ескертеміз. Тұрғындар сол қауіпсіздікке мән берсе екен. Дегенмен қазір бұрынғымен салыстырғанда өрт оқиғалары айтарлықтай азайды,-дейді Нұрлан Набихан.

Осылайша, өмiр мен өлiм арпалысқа түскен сын сәтте басын бәйгеге тiгiп, түтiнге тұншыққан қос бүлдiршiндi ажалдан арашалап қалған қарапайым қазақ жiгiтiнiң батыл қимылы ерлiкпен пара-пар емес пе?!

Иә, сәл кешiккен жағдайда түтiнге тұншыққан бүлдiршiндердiң жағдайы қандай болмақ?! Тiптi ойлаудың өзi қорқынышты. Жасыратыны жоқ тынысыңды тарылтып, көзiңдi қаритын, жалыны жаныңды жегiдей жейтiн қою түтiннiң қойнауынан сытылып шығу, тiптi қайтар жолды адаспай табу қиынның-қиыны ғой. Орын алған оқыс оқиға кезiнде “қайтсем де балаларды аман алып шығуым керек” деген жалғыз ғана ой Нұрланның күш-жiгерiн қамшылап, қайраттандыра түскенi анық.

Ендеше, қоғамда өзiнiң нық ұстанымымен үлгi көрсеткен Нұрлан Набихан өзiнiң қарапайым өмiрiнде нағыз ерлiктiң үлгiсiн көрсеттi. Осы оқиғаның өзі өрт сөндіруші мамандығының қызмет бабында ғана емес, кез-келген уақытта адамдардың өмірін құтқаруға дайын қасиетке ие екендігін көрсетіп тұрғандай. «Халық бірлігі – мемлекет тұтастығы» деген осы болса керек!

Сұхбатты дайындаған:

Ләззат САРЫБАЕВА.