ШАҺАРДЫҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫ АШЫЛДЫ

178

Шаһарда шағынаудандар мен тұрғын алаптарда инженерлік-инфрақұрылым жұмыстары қарқын алып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері құрылыс қыза түсті. Жаңа шағынауданда жаңа саябақтың іргетасы қаланды, мердігерлер уәде еткендей тасымал су ішіп отырған үш елді мекендерде құбыр тарту жұмыстары аяқталуға таяу қалды. Көлік кептелісін азайту мақсатында салынып жатқан маңызды жолдардың құрылысын сапалы жүргізуде бақылау да күшейтілді. Шымкент қаласының әкімі өткен демалыста құрылыс жұмыстарының жай-жапсарын бақылап, тиісті тапсырмасын да берді.

 Қалашықта – жаңа саябақ

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов алдымен Shymkenт City шағынауданында жаңадан салынатын саябақтың жобасымен танысты. Жобада көрсетілгендей саябақта көгалдандыру алаңы 164 000 шаршы метрді құрайды. Мұнда 53 балалар ойын алаңшасы, 19 спорттық алаң орналасатын болады. Сондай-ақ, 2,8 шақырымдық веложол, жасанды көл салынып, 5 мыңнан аса ағаш көшеті, 7 мыңнан аса гүл, 6 мың бұта егу жоспарланған. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы қала келбеті тағы бір саябақпен толығып, қаланы жасыл желекке бөлеу арқылы шаһар тынысы ашыла түсетінін айтып өтті. Мердігер компания өкілінің айтуынша, нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі.
Жалпы жаңа қалашықтың аумағы 20,4 гектар жерді алып жатыр. Бүгінде шағынауданды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін Shymkenт City аумағының даму жоспарына 15 инвестор тартылып, тұрғын үй құрылыстары қарқын алды. Сондай-ақ, заманауи ғимараттар, бизнес кеңселер, әкімшілік-іскерлік орталықтар салуға сырттан да инвестициялық жобалар тартылған.
Қазіргі таңда мұнда жеке инвесторлардың қаржыландыруымен жаңадан 300-ге жуық көп қабатты тұрғын үй, әрқайсысы 1200 орындық 3 мектеп, балабақша, емхана және конгресс-холл құрылыстары жүріп жатыр.

Әкім тұрандық азаматтың бастамасын қолдады

Қала әкімі шаһар тұрғындармен тоқсан сайын кездесіп, ел ішіндегі мәселенің дер кезінде шешілуін назарға алған. Тұрандық белсенді азамат Ералы Күнходжаев жуырда қала әкімінің аудан тұрғындарымен есептік кездесуінде гүлзар салу бойынша жаңа бастама көтерген болатын. Мұрат Дүйсенбекұлы қажеттілікті ескере келе, Жандосов көшесінің қиылысындағы бос алаңшада гүлзар құрылысын жүргізуге қолдау көрсетті. Шаһар басшысы Тұран ауданы тұрғынының гүлзар салу бойынша ұсынысын пысықтау үшін Самал-1 шағынауданына арнайы барды.

 

Ауданның жанашыры жыл соңына дейін демалыс орнының жобалау-сметалық құжаттамасын ұсынатынын жеткізді. Қала әкімі қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына келесі жылы гүлзар құрылысын бастауды тапсырды. Сондай-ақ демалыс аймағының жобасын жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып, бекіту қажеттігін ескертті.