«ҚЫЗМЕТ» САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҒЫНЫҢ БАСТАУЫШ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫНДА ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНІҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

172

23 мамыр күні Шымкент қаласының Әл-Фараби кітапханасында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің және «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының бірлесе ұйымдастыруымен Қаратау ауданы әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесінің бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерінің қатысуымен Үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы өтті.

Отырысқа «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, әлеуметтік әріптес — Қаратау ауданының әкімі Рахымберды Мулкеманов, Үйлестіру кеңесінің мүшелері, филиалдар және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен Қаратау ауданы әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесі бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері қатысты.

Шымкент қаласының Қаратау ауданы әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесінен 2021 жылы 11 ақпанда бастауыш кәсіподақ ұйымы ашылған, оның құрамында 78 кәсіподақ мүшесі бар, кәсіподақ төрағасы Бердібекова Гүлсина Рахымбайқызы. Мекеменің ұжымдық шарты 2022-2026 жылдарға жасалып, Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасынан 2022 жылы 26 қаңтарда №43 болып тіркеуден өткен.

Үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысын «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов жүргізіп отырды.

Күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясына «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар беру туралы, 2023 жылға Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсын ұйымдастыру және өткізу бойынша үміткерлерді ұсыну туралы, «Еңбек жолы» конкурсына кәсіподақ мүшелерінің қатысуын қамтамасыз ету туралы, Медиация және Заң клиникасының жұмысын жандандырып жүргізу жөнінде, Астана қаласында өткен Орта Азия елдерінің кәсіподақтары кеңесінің отырысы-форумында көтерілген мәселелер қаралды.

Үйлестіру кеңесінің төрағасы Бауыржан Ілімшеұлы «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар беру қажеттігіне, сондай-ақ 19 мамыр күні Астанада ОАЕКК Бас хатшысы — Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының жетекшілігімен Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің III отырысы туралы баяндап, форум аясында көтерілген мәселелерге кеңінен тоқталып, «Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Монғолия мемлекеттері бірыңғай демалыс орындарының хабын ашып, өзара кәсіподақ арқылы еңбек адамын сауықтыру мақсатында турист алмасатынын, бұл кәсіподаққа мүше еңбеккерлерге осы 5 елдің шипажайлары мен демалыс орындарына барып сауығуына және туризмді дамытуға сеп болатынын, қазіргі таңда шекаралас Өзбекстан елінде 7 мың орынға шақталған заманауи 31 шипажай жұмыс істейтіні, қабылданған шешімнің нәтижесінде, биыл 4 мыңнан аса қазақстандық кәсіподақтар арқылы Өзбекстанның шипажайларына жолдама алуға мүмкіндік туып отырғанын айтты.

Ал, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Айдарбекұлы еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыру мақсатындағы «Парыз» және «Еңбек жолы» конкурстарын ұйымдастыруға, өткізуге және оған белсенді қатысуға шақырды.

«ЕуроАзиялық медиация орталығы» Қоғамдық бірлестігінің директоры Лаура Ақшегірова өңірдегі Медиация және Заң клиникасының жұмысын жандандыру мәселелері, яғни кәсіподақтарға сенімділікті арттыру, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер үшін еңбек заңнамасының негіздерін түсіндіріп, еңбек дауын алдын-алу мәселелеріне тоқталып өтті.

Жиын соңында Қаратау ауданы әкімі аппараты мемлекеттік мекемесінің бірқатар бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері кәсіподақ қозғалысына қосқан белсенді үлестері үшін, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.