ЕЛ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТҚАН ЧЕМПИОН

155

Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатының жеңімпазы Махмұд Сабырханды Шымкент әуежайынан жерлестері зор қошеметпен қарсы алды. Іс-шарада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, жеңімпаз спортшы білім алып жатқан М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры Дария Қожамжарова, сондай-ақ, спорт мектебінің басшылары, жаттықтырушылар әлем чемпионын құттықтап, құрмет көрсетті. Күтіп алу рәсіміне чемпионның ата-анасы, бауырлары да келген.

Осыдан екі жыл бұрын да Махмұдты жерлестері осындай қошеметпен күтіп алған. Бұл жолы да жанкүйерлер, ағайын-туыстары көптеп жиналыпты. Алдымен белгілі айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов чемпионға арнау айтты.
– Бұл әлем чемпионаты қазақ еліне тарихи жеңіс сыйлады. Осындай жеңісті сәттер жастарды жігерлендіреді. Осылай ата-анасымен бірге жанкүйерлердің күтіп алуы спортшыға күш-жігер береді деп ойлаймын. Алдағы додаларда бағы жанып, Махмұд жанкүйерлерді жарқын жеңіспен қуанта берсін. Соған бәріміз тілекші болайық, – деді Мақсұт Пернебайұлы.
Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы, қалалық бокс федерациясының президенті Б.Нарымбетов әлем чемпионатына барып, жанкүйерлік еткенін, осындай жеңімпаздардың арқасында ұлттық рух көтерілгенін атап өтті.
Күтіп алушылардың арасында чемпионның анасы Меңтай Әсілова, әкесі Айдархан Сабырханұлы қуаныштан толқып жүр. Ата-анасы ұлына қолдау көрсеткен баршаға өз алғыстарын жеткізді.
– Жекпе-жектерінің бәрін теледидардан тамашаладық. Үндістан боксшысына қарсы өткен бәсеке ғана аздап қобалжытты. Финалда жеңіске жететініне еш күмәнім болған жоқ. Жеке бапкерлеріне, ұлттық құрама жаттықтырушыларына рақмет. Қолдап жатқан барша Қазақ халқына алғысымды айтамын, – деді Айдархан аға.
Шымкент қалалық «Кәсіпқой бокс түрлері клубының» спортшысы Махмұд Сабырхан 54 келі салмақта әлем чемпионы атанды. Ол Венгрия, Үндістан, Гана, Куба елінің мықтыларын жеңіп, финалға шыққан-тын. Финалда шаршы алаң қожайыны Ойбек Жураевты тас-талқан етіп жеңді. Әлем чемпионатында бес кездесу өткізіп, жекпе-жектің бәрін де 5:0 есебімен аяқтады. Әлемдік сайыста ҚР ұлттық құрамасы 4 алтын, 1 күміс жүлде олжалап, жалпыкомандалық есепте екінші орыннан көрінді.
Іс-шарада Махмұд Сабырхан бұл жеңісін жанкүйер болған барша отандастарына, Қазақ еліне арнайтынын айтты. Әлем чемпионы бұл жеңіспен тоқтап қалмай, жанкүйерлер сенімін ақтауға бар күшін салмақ.
Боксшының жеке бапкері Илияс Оралбеков те шәкіртінің бұл жарыста топ жаратынына толық сенген. Жарысқа дайындық өте жоғары деңгейде өткенін айтады. Шетелден де мамандар келіп, боксшылармен жүйелі жұмыстар жүргізген. Жеке бапкері шәкіртінің «Елорда кубогы» бәсекесіне, одан әрі қарай Жазғы Азия ойындарына дайындалатын айтты.
Биыл күзге жоспарланған Жазғы Азия ойындарында Парижде алауы тұтанатын Олимпиада ойындарына жолдамалар беріледі. Қазіргі таңда қала әкімдігі спортшыларға барлық жағдайды жасап отыр. Өткен аптада ғана шымкенттік спортшы Нұрғиса Әділетұлы ауыр атлетикадан Азия чемпионы атанды. Күзде өтетін Жазғы Азия ойындарына шаһардан жалпы 50-ге жуық спортшыны қатыстыру жоспарда бар.