КОНДУКТОРСЫЗ ЖҮЙЕ: ТРАНЗАКЦИЯ 70-80 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ

170

Наурыз айында қолданысқа енген кондукторсыз жүйенің тиімді екеніне бүгінгі күні транзакцияның 70-80 пайызға өскені дәлел. Қазіргі таңда күнделікті транзакциялар саны жұмыс күндері – 380 мың, демалыс күндері – 200 мыңды құрап отыр. Ал осы уақытқа дейін 500-ден аса жолақы төлемеген жолаушы бақылаушылар тарапынан анықталып, оларға Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексіне сәйкес, 6900 теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының 2023 жылдың бірінші тоқсанында атқарған жұмыстары туралы брифингте айтылды.

Шымкент қаласы үшін ең маңызды мәселенің бірі – жол сапасы мен көшедегі көлік қозғалысын реттеу болып тұр. Статистикаға сәйкес, Шымкент қаласы автокөлік көбеюі жағынан елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі. Осыған орай, соңғы жылдары қалада жол құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда. Мысалы, 2022 жылдың қорытындысымен 287,8 шақырымға жол құрылыс жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар қаланың магистралды көшелері мен ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын 236,3 шақырымды құрайтын 294 көшеге жүргізу жоспарланған. Оның 24-і көлік ағыны жоғары әрі қоғамдық көлік қатынайтын орталық магистрал көшелер.

– Ташкент — Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Оның 31 шақырымы 8 кезең бойынша жүргізілуде. Бүгінде 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары және Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды. Осы жылы 2-ші және 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр. Одан бөлек, 16 шақырымды құрайтын «Оңтүстік айналма жолының» құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан Шымкент қаласы аумағымен қатынайтын транзиттік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қала аумағындағы көлік кептелісін сейілтуге және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне септігін тигізбек, – дейді Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұхтар Сәтіллаұлы.

Баспасөз мәслихатында тағы да қаладағы бірнеше жол құрылыс жұмыстарына есеп берген мекеме басшысы көлік саласы бойынша қоғамдық көліктердің 90 пайызға жаңарып, елімізде қоғамдық көліктердің жаңалануы мен сапасы жағынан алдыңғы қатарда екенін айтты.

Басқарма басшысының айтуынша, қалада 1886 аялдама орны бар. 2020 жылдан бері жаңа типтегі аялдама павильондарын орнату жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда, жаңа аялдама павильондарының үлесі 35,5 пайызды құрайды. Биыл 250 аялдама павильонын орнату жоспарлануда. Сондай-ақ, қажеттілігі бар аймақтарға 12 бағдаршам орнатылады. Қала аумағында орналасқан 291 бағдаршам нысандарына күтіп-ұстау жұмыстары тұрақты түрде атқарылуда.