СПОРТ КЕШЕНІ ЖАҢАРТЫЛДЫ ЖӘНЕ ЕРКЕБҰЛАН ШЫНАЛИЕВТІҢ СПОРТ ЗАЛЫ АШЫЛДЫ
М.Әуезов атындағы ОҚУ «Денсаулық» спорт кешенінің жүзу бассейні күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Жаңа бассейнде суға жүзуден жасөспірімдер арасында республикалық турнир басталды.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов балаларды мерекемен құттықтап, шаһарда бұқаралық спортты дамытуға барлық жағдай жасалатынын айтты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шаһарда бұқаралық спортқа қолайлы жағдай жасалып келеді. Бүгінде қалада 1000-нан аса спортшы кәсіби түрде жүзу спортымен шұғылданады. Заманауи талапқа сай жабдықталған жүзу бассейні қалада бұқаралық спорттың дамуына ықпал етіп, жастарды осы спортқа ынталандыруға өз септігін тигізбек. Жалпы, спорт инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары одан әрі жалғасын табады, – деді қала әкімі.
2011 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасындағы республикалық сайысқа 13 өңірден, жалпы 368 спортшы қатысып жатыр. Қала әкімі Мұрат Әйтенов, қала мәслихатының төрағасы Бахадыр
Нарымбетов, М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры Дария Қожамжарова жарысты көпшілікпен бірге тамашалады.
1970 жылы салынған «Денсаулық» спорт кешенінің жаңартылған жүзу бассейні 1 маусым – балаларды қорғау күніне орай тұрғындар игілігіне беріліп отыр. Қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына, спортшылардың шеберліктерін шыңдайтын нысан толығымен жаңартудан өтті.
ЕРКЕБҰЛАН ШЫНАЛИЕВТІҢ СПОРТ ЗАЛЫ АШЫЛДЫ
Еңбекші ауданында елімізге танымал боксшы, Олимпиада жүлдегері Еркебұлан Шыналиевтің спорт залының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Спорттық нысанның ашылуына бокстан Қазақстан Республикасы құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов, бокстан әлем чемпиондары Махмұт Сабырхан, Сәкен Бибосынов, Қайрат Ералиев және т.б. белгілі спортшылар қатысты. Даңқты спортшылар жергілікті тұрғындарды жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтап, болашақ чемпиондар тәрбиелейтін орталыққа айналуына тілектерін білдірді.
– Балалардың спортқа деген ынтасы жоғары. Ата-аналар да оларды үнемі қолдайды. Жаттықтырушылар да жеткілікті. Осыған дейін Көксай елді мекенінде спорт залы болмаған. Сондықтан осындай спорт залын ашуды жөн көрдік. Ауданның балаларын бір орталыққа жинап, бокс, дзюдо, каратэ, таэквандодан жаттықтырсақ деген мақсатымыз бар, – дейді спортшы Еркебұлан Шыналиев.
Мерекелік кеште Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Жайлауұлы барша спортшыларды, тұрғындарды, балаларды мерекемен құттықтап, аталған залдан елдің абыройын әлемдік ареналарда асқақтатып, көк туымызды биіктен желбірететін мықты спортшылар тәрбиеленіп шыға берсін деген ізгі тілегін білдірді.