ТҰРАНДА ТАҒЫ ЖАҢА СПОРТ АЛАҢШАСЫ ПАЙДА БОЛДЫ ЖӘНЕ ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ 300-ГЕ ЖУЫҚ КӨШЕГЕ ОРТАША ЖӨНДЕУ ЖҮРГІЗІЛЕДІ
Қала әкімі М.Әйтеновтің елдімекендердің инфрақұрылымы және баршаға қолжетімді спортты дамыту туралы тапсырмасына сәйкес, Қаратау ауданы аумағы кезекті жаңа спорт алаңшасымен толықты.
Аудан аумағына қарасты Тұран шағын ауданындағы Алатау батыр көшесіне ашық спорт алаңшасының құрылыс жұмыстары аяқталып, таяуда тұрғындар игілігіне пайдалануға тапсырылды.
Спорт – елімізде денсаулығы мықты, рухы күшті ұрпақты өсіріп шығарады. Спорт саласының дамуына мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалып келеді. Қаламызда бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жалпы жыл сайын қала аумағын абаттандыру барысында жаңа спорт және ойын алаңшалары қатары артатын болады.
Айта кетейік, биылғы жылы Қаратау ауданында “Халық қатысатын бюджет” жобасы аясында балалар ойын алаңшасынан бөлек заманауи үлгідегі 7 ашық спорт алаңдарын салу көзделуде.
Шымкентте биыл жалпы жол жабындысы жағдайын жақсарту мақсатында 300-ге жуық көше орташа жөндеуден өтеді. Құрылыс жұмыстары 202,6 шақырымға жүргізіледі. Қазір қала аумағындағы 26 көшеге асфальт төселуде.
Асфальттеу жұмыстары Агропром шағынауданындағы Алтынтөбе, Құрсай шағынауданындағы Бекболатов және №1,2,3,4,5,6 көшелерде, Айнатас тұрғын алабында Шоқтас және Боғылысай, Асар-2 шағынауданында Күншоғыр және №1,2,3 көшелерде, Ақжайық шағынауданында Шұбарсу, Сәдуақасов, Алпысбаев көшелерінде, Қызылжар шағынауданында Маралды көшесінде, Орманшы тұрғын алабындағы Алатау және Қажымұқан, 1,2 көшелерде, Базарқақпа тұрғын алабында Алай көшесінде аяқталды. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жоспарға енгізілген барлық көшеде жалғасады.
Нәтижесінде мегаполис жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 71,2 пайызға жетеді.
Бүгінде шағынаудандар мен тұрғын алаптардың ішкі орам көшелері мен қаланың орталық магистраль көшелерін жөндеуге басымдық беріліп отыр. Биыл 24 магистральды көшені орташа жөндеуден өткізу жоспарлануда.